БІЛІМ ШЫРАҒЫ АЛАУЛАМАЙ, БІЛІКТІ ҰЛТ БОЛУЫМЫЗ ЕКІТАЛАЙ…

БІЛІМ ШЫРАҒЫ АЛАУЛАМАЙ, БІЛІКТІ ҰЛТ БОЛУЫМЫЗ ЕКІТАЛАЙ…

(Жалғасы. Басы өткен санда)

Тәуелсіздіктің 30 жылында бағы ашылмаған, жолы болмаған бір сала болса ол – Білім және ғылым министрлігі. Мұнда кім келіп, кім кетпеді десеңізші? Құрылысшы да, инженер де, экономист те, бизнесмен де – білім шыңына көтеріліп, түсіпті. Бірақ жаңарған, жасарған, өркендеген білім мен ғылымды көрмедік. Керісінше реформадан көз ашпаған министрлік, сапасыз оқулық, ақауы көп бағдарлама, қадірі кеткен мұғалім, кадрдан мән кеткен мектеп есімізде қалды. Оқушылар практикант дәрігерлерге ұсынылатын тәжірибелік қояндар тәрізді күй кешті.

Реформадан көз ашпаған министрлік

Дамыған елдерге көз салсақ, ғылым мен білім алғы шепте тұр. Ал бізде неге кері кетті? Неге жемқорлық білім саласын жегіқұрттай жеп барады. «Сен саларда мен салар, атқа шөпті кім салардың» кебі басымыздан қашан арылады? 30 жылда 16 министр Білім және ғылым саласы басшылығына келіп-кетуінің өзі масқара емес пе?!

Жас та болса, бас болып, білім және ғылым министрлігіне Асхат Аймағамбетов келгелі көпшілік арасында, әсіресе ұстаздар қауымы арасында жақсы ой мен жағымды пікір қалыптаса бастағанын аңғармау мүмкін емес. «Жас келсе іске, кәрі келсе асқа» деген осы шығар бәлкім. Әйтсе де көңілге қонымсыз, ойға оралымсыз дүниелер әлі де бар. Оны айтпасақ арға сын! Қазіргі ең сорақысы: Білім және ғылым министрлігінің аудандағы оқу бөлімін тікелей облысқа бағынышты етуі десек қателесе қоймаспыз. Өйткені бұл күні ертең жемқорлыққа жол ашып, онсыз да былығы көп білім саласының құлдырауына апарып соға ма деген қауіпім бар.

Бұл негізі батыста оқыған Сағадиевтің «реформасы» еді, оны жаңа министр Аймағамбетов құлай қоштады. Көп жылдар білім саласында қызмет еткен ұстаз ретінде айтарым, бұл дұрыс бағыт емес. Себебі батыста бір мемлекеттен екінші мемлекетке автобуспен, болмаса трамваймен баруға болады. Интернет сақадай сай! Біздегідей жетімсіздік, кемшіліктен ада.

Ал біздегі басқару жүйесінің қиындығы: интернет барлық облыстарда жүз пайыз жұмыс істеп тұр деп ешкім айта алмайды. Кей өңірлерде жер шалғай. Қатынас қиын. Мысалы Қостанай облысынан Арқалық қаласы мен кейбір аудандарына 600-700 шақырым жол жүру керек. Ал Жамбыл облысының Шығанағы мың шақырым жерде жатқанын біреу білсе, біреу білмес. Әлі күнге шалғайдағы ауылдар заманауи құндылықтарға арқа сүйей алмай отырғанын кімнен жасырамыз? Әлде «Бізде бәрі кереметпен» шыққан мүйізіміз қанекей! Батыс қайда, біз қайда? Бұл шабысымызбен дамыған 30 елдің шаңын да көре алмай тұрмыз ғой. Қазақтың «аттыға еремін деп жаяудың таңы айырылыпты» дегенін неге есімізден шығарып ала береміз осы?

Сөйте тұра, өзіне бағынышты аумақтық-әкімшілік бірлікте (аудан, қала аумағында) аудан, қала әкімі мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалардың өміріне, қауіпсіздігіне, денсаулығына, тәртіп-тәрбиесіне, сапалы міндетті орта білім алуына (Конституцияға сәйкес) жауапты болып табылады.

Жоғарыдағы 8 мәселеге жауапкершілік Облыстық білім басқармаларына жүктелген.

Егер мен бір нәрсені дұрыс түсінбеген болсам, алдын ала кешірім сұраймын, бірақ осы мәліметтерді ауыл-аудандарды аралап жүріп әкімдердің өз ауыздарынан естідім. Мұның түбі неге апарады және нені меңзейді? Өзіңіз саралап көріңізші бір. «Бір ойлағандары бар болар» деп жалпақшешейлікке салынбаңыз. Бүгінгі қоғамның кері кетуіне, білім саласының тұңғиыққа батуына осы жалпақшешейлік, көңілжықпастық, жаны ашымау жетіп отыр. Біз, халық болып талап етпесек, баяғы жартас бір жартас болып қала бермек! Оянайық! Ойланайық, ағайын!

Жақында орыс тілді бір сайттан мына жазбаны оқып қалдым. «Парадокс Аймағанбетова! Такое решение это начало конца сельского образования! И еще компетенций районного акима! Сейчас в подчинений рай акима остались только соцобеспечение и культура, остальные жизненно важные сферы подчиняются области и республике ( образование, медицина, полиция )».

Мән-жайды білетін, ішкі саясаттан хабары бар адамның толғанысы бұл! Айтса айтқандай, мұның түбі берекетсіздікке алып бара ма деген қауіп бар.Түсінген адамға өте-мөте өзекті мәселе бұл!

Қазақ тілінің көсегесі қашан көгереді?

Біздің елде ғана болатын оқиға десем, артық айтты демеңіздер, баяғыда бір министр «Әліппені» алып тастап, тау төңкергендей шіреніп еді. Шулаған жұрттың сөзін жырына да қыстырмай «түрленіп еді». Арты не болды?

Енді міне жаңа министр жойылған «Әліппені» қайтардым деп, шат-шадыман кепке түсіп жатыр. Осындайда кеңес заманында халық арасында жиі айтылған «Маленков берген байталды, Хрущев келіп қайта алды. Айналайын Брежнев, байталымды қайтарды» деген өлеңі еріксіз еске түседі.

Бұл әрине күлкілі жағдай. Басқару жүйесі тап осылай кете берсе, жетістікке емес, жетесіздікке апарып соға ма деп қорқамын. Сайлауда мұғалімдер сабылмайды, әкімдердің қасынан табылмайды деген ұрандатқан сөздер де көп. Бажайлап отырсам, аудан әкімдерінен ветеринарияны алып кетті, оларда қазір әлеуметтік сала мен мәдениет қалды. Аудан өркендеу үшін бұл қадамды құптау қиын. Күндердің күнінде «ауданнан бәрін алып кеткеніміз дұрыс болмапты» деп шығатындар табыларына күмәнім жоқ. Жалпы білім саласын, денсаулық саласын экспериментке айналдыруға болмайды. Аузы күйген үрлеп ішетін болса, нақ біз ішер едік. Өткеннен сабақ алуға кежегеміз кері тартып тұратыны жаныма батады.

Бірден айтайын, маған жаңа министрдің (Аймағамбетов) бір ұнағаны, директорларды ротациялауы. Өте орынды бастама. Құптауға түрарлық шешім! Бес жылдан артық директор болуға ешкімнің де қақысы жоқ. Біздің елдің мектептерінде құйрығы креслоға «жабысып қалған», он-он бес жыл мізбақпай отырған, тіпті мектепті жекешелендіріп алғандай талтаң-талтаң ететін басшылар көп. Бұл бөлек әңгіме. Бір жерде көп тұрса су да сасиды. Бір жерде тапжылмай отырған директордың маңында, маңайында не болмайды…

Биыл мектептерде сағат санын азайту белең алыпты. Бұған да батысшыл министрлердің ой-өрісі әсер еткен тәрізді. Мысалы орыс тілі мен әдебиетіне көп сағат бөледі. Иә, кеңес заманында орыс тілі сабақтарын бүге-шүгесіне дейін оқығанымыз рас. Қазір тәуелсіз елміз! Орыс тіліне үстемдік беретіндей не басымызға күн туды? Осыған жауап беретін бір ғұлама бар ма халықтың алдына шығып?

Кеңес дәуірінде қазақ тілі мен әдебиетін жеңіл-желпі шолып шықтық. Бұл жерде менің айтарым: орыс әдебиетінен гөрі әлем әдебиетіне көбірек көңіл бөлсек. Олай болған күнде туысқан түркі тілдес елдердің әдебиетімен оқушылар жете таныс болар еді. Бір кездегі алаш арысы Мұстафа Шоқай бабамыздың ізгі-мұратына да бір табан жақындар едік сонда. Мұның өзі ұлт рухын қайраудың, ізгі ұрпақтың санасына ізгіліктің, бауырмашылдықтың, туыстықтың ұрығын себудің төте жолы емес пе!Географиядан да сағат саны қысқарыпты. 136 сағат – 68 сағат болып қалған. Бұл ешбір логикаға сыймайтын пайым!

12 жылдыққа да, ҰБТ-ға да қарсымын!

12 сыныптық білім беру жүйесіне көшуді де өз басым қолдамаймын. Бұл өзі әлемдік тәжірибеде жетістікке жетпеген ұстаным. Оны білім жүйесінде кем-кетігі мол Қазақия өрістетіп, өрге сүйрейді дегенге сену қиын. Экспериментке құштар елдің өзінше бір талпынысы деп жылы жауып қойғым келеді. Себебі мен екі дәуірде де мектепте басшылық қызметтерде істеген анамын. 12 жылдық оқудан жаңашылдық көре алмай тұрғанымды жасырмаймын. Сондай-ақ ҰБТ-ға да қарсы адаммын. Себебі баланың ойлау қабілетін, сөйлеу әдебін ары қарай дамытпайды. Баланың кітапқа құмарлығын, қызығушылығын тияды. Нақтылыққа үйретеміз деп, бала қиялына тұсау салады. Тіпті баланың ой-өрісін шектеп, құнарлы тілін құлдыратып жібереді. Бұл – қасірет!

Кеңес заманын көксегенім емес, заманның озығы мен тозығы болатынын ескерткенім: оқушы ана тілін жетік білсін десек, мектептерде «Менің кітапханам» деген класс бұрышын қайта ашатын кез келді. Сонда әр кластың жас ерекшеліктеріне байланысты кітап оқуға талпыныс жасалар еді. Оқушылар оқыған кітаптары туралы пікірталас ұйымдастырып, өз байламдарын қорытып айтып жатса, ой-өрістің кеңігені сол емес пе!

Алаш арысы Мұстафа Шоқайдың «Балаға қай тілде білім берсең, түбі сол ұлтқа қызмет етеді» дегенін министрден бастап, ұстаздар қауымы да естерінен бір сәт шығармауы тиіс!

Сөздің орайына келіп тұрғанда айта кетейін, Петропавлдағы 21 мектептегі қазақ сыныптары жабылып, оқушылар таратылып жатқаны БАҚ-та жазылды. Жүрегің қалай ауырмайды? Тәуелсіз Қазақияның 30 жылдығына нағыз тарту осы болған шығар. Қалалық білім бөлімінің мамандары ата-аналарға ол мектепте сапалы білім жоқ екенін, балалардың болашағын ойласа басқа жерде оқыту керектігін айтыпты. Аталған шағын ауданда басқа қазақ мектебі жоқ. Оқушыларға «Берекедегі» 25-ші мектепке бару ұсынылыпты. Кей ауданның тұрғындары ол жаққа қатынау үшін 2 рет автобусқа мінеді.

Иә, сапалы біліммен қамтамасыз етудің орнына сыныптарды жабу жеңілірек. Бұл түрімізбен қашан қазақ боламыз? Оқу жылының басталуына санаулы күндер қалғанда жұмыссыз қалған мұғалімдер қайда бармақ? Білім бөліміндегілер қит етсе қазақ сыныптарын жабамыз дегенді қашан қояды? Біз білетіні, біз білмейтін мұндай оқиғалардың қаншамасы жабулы қазан күйінде қалып жатыр. Есіңді жи қазақ билігі! Қазақ болмаса сен кімге керексің! Сенің тәуелсіздігің кімге керек?

Айтқым келгені, мұндай бассыздықты тоқтатуға Білім және ғылым министрі Аймағамбетов мырзаның жалғыз шамасы жетпес. Өз бетімен «өрге шығып», халықтың айтқанын жүзеге асыра да алмас. Себебі «үй артында кісі бар». Сондықтан мұндай келелі істі, керегелі шаруаны Үкімет басшысы қолдап, Ел президенті қорғап отырса «өңмендегендер» тайсақтап, «өршеленгендер» жан сақтап қашар еді. Ел ертеңі үшін, тұрақтылықты сақтап қалу үшін ғой бәрі де. Осы сөзім олардың құлағына жетсе ғой, шіркін!

«Елімізде қазақ мектептерінің үлес салмағы 70 %» деген ақпаратқа күмәнмен қарай бастадым соңғы уақытта. Күмән туындағасын, зерттеп көрдім. Сөйтсем елімізде 3726 қазақ мектебі бар болып шықты. Орыс мектебінің саны 1181 екен. Ең қызығы 50-ге жуық өзге тілдегі мектеп пен 2043 аралас мектеп және бар. Таза орыс пен аралас мектептерді қоссаңыз, 3270 мектеп сопаң етіп тағы шыға келеді. Бұл не масқара! Мына түрімізбен біз қашан дербес ел боламыз? Аралас мектептер ұрпағымызды ұшпаққа шығара ма? Біз қазір не қазақ емес, не орыс емес дүбәра қазақты тәрбиелеп жатқанымызды неге сезінбейміз? Қайран Шер ағам «смешанный мектептен помешанный бала шығады» деп бекер айтпағаны анық. Жас министр, бас министр Асхат Аймағамбетов Шер атасының өзекті өртеген запыранынан бір нәтиже шығармаса, көктен келіп қазақты құтқарар құдірет көре алмай тұрмын.

Тәуелсіздік алған 30 жылдағы жағдай мынау болса, жетіскен екенбіз! Қазір қарап отырсақ балаларын жаппай орысшаға беріп жатқан ата-ана көп. Бұған кім кінәлі? Ата-ананың құқы десек те, ұлтсыздану, ұлттық құндылықтың жойылуына мемлекет жол беруі – жақсылық нышаны емес. Мұны ойлап бас қатырып жатқан мемлекетті көре алмай мен де пұшайман күйге түсемін…

Айтыла-айтыла жауыр болған әңгіменің бірі – Жапония бастауыш сыныпты тек жапон тілінде оқытатыны. 4 сыныптан кейін оқушы жүз тілді үйренсе де еркінде. Сөйткен жапон халқы кімнен кем? Дамуда көш бастап тұр!

Біздің білім және ғылым министрі де «бастауышты тек мемлекеттік тілде оқытамыз» деп жақсы бастама көтеріп елең еткізіп еді бір кезде. Арты сиырқұйымшақтанып барып тоқтады. «Ана жақтағы біреулер» «дымыңды» шығарма, «тыныш отыр» деп ескертті ме екен, әйтеуір бұрынғы қарқыны жоқ. Үні де бәсең…

Міне, жаңа оқу жылы да басталды. Оқушы да, ата-ана да, мұғалім де алаңдаулы. Дегенмен онлайн оқуды жалғастыра беруге енді мүлдем болмайды. Оқу сапасы онсызда шатқаяқтап тұрғанда енді тағы бір жылды көтере алмасы анық деп жатқандар бар. Қарсы пікірлер де жетіп артылады.

Пандемия кезінде мектептерде сабақ оффлайн түрінде оқылады деген жаңалықты құлағым шалды. Бұл да білім министрінің талапшылдығының бір парасы деуге тұрарлық қадам болар. Мүмкін амалсыздан шыққан шешім бе екен? Себебі оқу онлайн болған сайын, баланың білім деңгейі де тұралап барады. Оффлайн болса, жақсарып кете ме деген есек дәмеде көмейді бүлкілдеп тұр.

Жақсы жаңалық деп қуанғанымызбен, 1 қыркүйектен бастап балалар бұрынғыша мектептерге барып оқиды дегенге қарсы қауым да жетіп артылады? Адамдар індеттен қырылып жатқаны мынау деп шырылдап жатқандар қаншама! Енді балаларға ауру жұғып, аласапыран басталып кетсе сұмдықтың көкесі сонда болып жүрмесін деген күдік ит менің де бір бүйірімде қыңсылайды.

Жарайды, мектеп ашылды делік. Бірақ оның санитарлық-гигиеналық жағдайы қалай болмақ? Жарайды үлкен қалаларда мектептерді санитарлық тәртіпке келтірер бәлкім. Алайда алыс ауылдардағы мектептердің халі не болмақ! Бұны ойлаған кім бар? Қазіргі ата-аналарда (мен де ата-анамын, әжемін) үлкен қорқыныш бар. Ол балаларға вакцинация салу жайлы ақпарат. Бала – біздің болашағымыз, үкілі үмітіміз! Егер оларға күмәнді вакцинация салудың артында, астарында не жатыр? Бұл бірдің емес, мыңның көкейіндегі күдік!

Министр Аймағамбетов мектеп формасы туралы шешімді жазыпты… Бұған өз басым толық қосыламын. Мектеп формасын оқушыларға міндеттеу керек!

Мектеп формасының болуы, ең алдымен, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үшін керек. Әйтпесе, мектеп ішін «әділетсіздік» жайлар еді. Бай мен кедейдің баласы Асан мен Үсеннің кебін киер еді. Мұны ұстаз болғандықтан тәжірибемнен білемін. Қымбат киімдердің жарысы басталып, классикалық үлгі дегеннің өзін ақшасы бар жұрт мың құбылтып киеді. Ал әлеуметтік жағдайы төмен балалар жасиды. Іштен тынады. Өздерін қор санайды. Мектеп формасы мектептегі көп тәрбие үшін аса маңызды.

Иә, мемлекет ұстаздар мен дәрігерлердің айлығын өсірді. Дұрыс саясат! Алайда «Ала қойды бөле қырыққандай» күйді басынан кешіп жатқан жұртқа не айтамыз? Техперсоналдар (еден жуушы мен лаборанттардың) жұмысы екі есеге көбейгенін неге ұмытамыз? Мейірбикелердің айлығын көтеруге не кедергі? Негізі ауыр жұмыс осылардың мойнында емес пе!

Мейірбике демекші, мақала арнасынан сәл ауытқығалы отырмын. Жоғарыда аудандағы білім бөлімдерін облысқа «тәуелді» еткені сияқты, аудандық жедел жәрдемді де бір орталықтан облыс арқылы шақырту ел құлағы естімесін дейтін ұят тірлік! Бұл терең түйсінген жанға ауырып-сырқаған, түрлі жағдайға тап болған пендені өлімге тікелей апаратын жол! Басқа айтар сөзім жоқ! Ел арасында жүріп, халықтың жанайқайын ести жүріп осылай деуге мәжбүрмін! Бұл бір елді мекеннің емес, дүйім қазақ жұртының басындағы кеп. Ауыл халқына жедел жәрдемді шақыру қияметтің қияметі. Шақыртылған жедел жәрдем көлігінің діттеген жерге келуіне де сын көп айтылады. Мысалы әлеуметтік желіге Тараздағы журналист бауырым Жасұлан Әбдіхалық бір пост жазды. https://m.facebook. com/story.php?story_fbid=3997252523735644& id=100003528069497

Онда жол апатына ұшыраған жандарға жедел жәрдем көлігінің өте кеш жеткені тілге тиек етілген. Мұндай жағдай өкінішке қарай елімізде өте көп кездеседі. Адам ғұмыры нарықтық қоғамда торғай құрлы қадірі болмай жатыр ма деп түңілесің еріксіз!

Осы жазбаның астына Берік Қуатов деген азамат былай пікір қалдырыпты. (Дәрігер-ау, шамасы). «Аудандық аурухананы ковид-19-ға жауып қойған, ол жерге коронавирустан басқа ауру қабылдамайды. Індеттің ушығып кетуіне байланысты облыс бойынша жалғыз қалалық аурухана ғана күндіз-түні істеп тұр, кешкі сағат 18:00-ге дейін. Емханалар да жұмыс істеуде. Шақыртулардың көптігінен жедел жәрдем де үлгере алмай кешігіп жатыр. Түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын» депті. Шын сөзі болар. Бірақ… Осы «бірақ» біздің түбімізге жете ме деп шошимын. Себебі бұндай жағдай барлық жерде бар нәрсе.

«Білімді мыңды жығар күн қашан туар екен!»

Түйін: Менің айтарым, жедел жәрдемді бұрынғыдай ауданның ауруханасына қайтармасақ, мәселе бұдан да ушыға түсуі әбден мүмкін. Мен қауіптенгесін айтып отырмын. Барлық ауданда осы мәселе. Бұл жақын арада кезек күттірмей шешілуге тиіс! Айтпақшы, Жамбыл аудандық орталық ауруханасының да мәлімдемесін көзім шалып қалды пікірлер арасынан. Оларда өз уәжін алға тартыпты. Ең бастысы, жазылған жайға халық та, ауруханаларда бейжай қарамай, ойларын ортаға салуда. Бұл да болса, ақпарат заманының бір жетістігі болар. Тек, жақсы жаңалықтарда пікіріміз тоғысса дегім келеді оларға!

Білімді сөз еткенде денсаулық мәселесі де осылай көлденеңдеп шыға келетіні рас қой. Сондықтан көкейдегі көрікті ойды ақтарып тастағым келді, ағайын! Өйткені дені сау ұрпақ қана білімді кәдесіне жарата алады. Әлжуаз, дімкәс ұрпақтан не үміт, не қайыр!

Білім саласына қатысты ойымды қорытындылай келе айтарым мынау: Елімізде және әлемнің әр түкпірінде халықаралық олимпиадалар болып жатады. Жүлделі оралған оқушыларымыз қаншама! Бірақ сол оқушы шемпиондарға, спорт шемпиондарына көрсетілгендей құрмет көрсетіліп жатыр ма? Осыдан-ақ біздің еліміздегі білімге деген көзқарастың қаншалықты төмендеп кеткенін білу қиынға соқпас. «Білімді мыңды, білекті бірді жығады» деген мәтелдің маңызы өзгеріп кеткен секілді. Әлемді жұдырық емес, біліктілік бағындыратынын біздің үкімет қашан сезінер екен?!

Қарапайым мектеп мұғалімі Бауыржан Ниязбеков балам айтпақшы: …спорт ол – эмоция. Әрбір сәтінен ләззат алуға болады. Спорттың жанкүйерге беретін эмоциясын Білім-ғылым олимпиадалары бере алмайды. Сондықтан бүкіл әлемде спортқа бөлінетін қаражат білімге бөлінетін қаражаттан әлдеқайда жоғары болады. Футбол, Хоккей(НХЛ, КХЛ), баскетбол(НБА), теннис т.б спорт түрлеріндегі бөлінетін қаражатты ауызбен айту мүмкін емес, ал ондағы спортшылардың алатын жалақысы өте жоғары. Біз бұған ештеңе істей алмаймыз.

Кез келген спортта жетістікке жету үшін ғылым керек. Ғылымсыз үлкен спортта жетістікке жету мүмкін емес. Қазіргі таңдағы спорттағы үлкен жетістіктің барлығы дерлік ғылымның көмегімен жүзеге асуда. Сондықтан, Аятжан Ахметжанұлы ағам айтпақшы ғылым-білімді дәріптеу қажет. Ондағы жетістіктерді көрсету керек. Оған қаражатты көбірек бөлу керек. Ғылым – ол барлық салада жетістікке жетудің үлкен жолы. Онсыз ешбір даму болмайды.Олимпиада чемпиондары көп болсын десек, ғылым-білімді дәріптеп қана қоймай, қаражатты аямай бөліп, жүйелі түрде дамыту қажет».

Бұған менің алып-қосарым: әлеуметтік желіде белгілі педагог, химия ғылымдарының PhD доктаранты, ақын, журналист, республикалық «QAZBILIM» орталығының бас құрылтайшысы Аятжан Ахметжанұлы түйткілді тақырыптың түйінін тарқатты. Әрбір сөзіне алып, қосарымыз жоқ. Қашанда өткір мәселені көтеретін ұстаз олимпиадаға қатысатын қазақ балаларына қатысты біраз дүниенің басын ашыпты. Реформадан көз ашпайтын, жылда етек-жеңін жинап жаңа өзгерістерімен жылды бастайтын білімде жетістікке жету инемен құдық қазғандай. Негізі, бізге осы не керек дейсің кейде? Әуелі сауатты ұлт керек емес пе? PISA зерттеуін былай қойғанда жаратылыстану бағытындағы жағдайымызды таразылап көрген біреу бар ма? Басқаны қойшы, қолымыздағы телефонның іші тұрмақ қабығын да сырттан таситынымыз өтірік емес. Мақұл, спорт та керек. Елімнің көк туы желбіресе шыбын жанымыз садаға! Байдың асын байғұс қызғанғандық емес. Алсын. Қос-қостап алсын, құрметтесін оларды. Лайық!

Ал білімдегі олимпиада жүлдегерлері ше? Оларға ерекше көзқарас қашан жетеді бізге? Пәндік олимпиаданың өзі мұғалімге зерттеуші мен шебер санатын алу үшін ғана керек сияқты. Оқушыға ше?

Халықаралық олимпиада жүлдегерлеріне жаңа көзқараспен қарайтын кез жеткен жоқ па? Академик Асқар Жұмаділдаев айтпақшы технократтық ел болмай кері кеткеніміз кеткен-ау

Иә, біздің қарадомалақтардың білімін әлем мойындаған. Жүздеген оқушыларымыз әлемдік бәйгелерден келгендерін біз жақсы білеміз. Яғни біздің ұлттық мүмкіндігіміз зор. Тек соның қадіріне, мәніне жете алмай отырмыз ғой.

Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ
02.09.2021

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 39
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 103
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 32
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 39
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 46
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 38
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 99
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 103
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 297
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 291
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 913

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8986
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8381
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11606
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9364
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10590