Білімді - мыңды жығады,- деп дана халқымыз айтқандай, білім- жеңілмейтін қару. қараңғы түнде адастырмас жарық жұлдыз.
2023 жылы 20-21 сәуірде әл-ФАРАБИ атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының ұйымдастыруымен Экология бойынша Республикалық пәндік олимпиада өтті. Олимпиадаға жан-жақтан, Қазақстан Республикасының Жоғарғы оқу орындарынан 24 команда білім сынағына сайысқа түсті. Олимпиада 2 – турдан: яғни 1-ші тур (жазбаша) базалық экологиялық пәндер бойынша тестілеу және тапсырмалардан, 2-ші тур «Су ресурстарын тиімді пайдалану және қорғау» тақырыбында жоба әзірлеуден тұрды.
Олимпиадаға әл-ФАРАБИ атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО»кафедрасының профессоры Досжанов Ерлан Оспанұлының кеңесімен, доцент м.а. Құрбанова Лаура Серікқызының жетекшілігімен, экология мамандығының 3-курс студенттері: Айдарбек Ақбөпе Ерланқызы, Мубәшірхан Әсел Серікқызы, 4-курс студенті Бауыржанқызы Айжан қатысып, өз білімдерімен сайысқа түсті. Біздің студенттер біліктілігі мен білімдерін жоғары нәтижеде көрсете білді.Республикалық экология бойынша пәндік олимпиада жеңімпазы атанып, екінші орынға ие болды. Біз үшін бұл үлкен жетістік. Шәкірттерімізді осындай жетістіктерімен құттықтаймыз. Олимпиадада суды қорғауға және оны тиімді пайдалануға қатысты өзекті мәселені шешуге бағытталған ғылыми жұмыстар ұсынылды.
Жалпы 2 турдың нәтижелері бойынша ең жоғары нәтижелерге қол жеткізген 6 (алты) команда анықталып диплом, сертификаттармен марапатталды.
«Баласы бәйгеге шапса, анасы үйде тақымын қысады» демекші сайыста жетістікке жеткен шәкірттеріне өмірде қолдау болған ұстаздарға мың алғас.
Олимпиаданың аяқталуы барысында «Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО» кафедрасының меңгерушісі Базарбаева Тұрсынкүл Амангелдіқызы «Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасы – даму болашағы»тақырыбында көшбасшылық дәріс оқыды, дәрісті олимпиадаға қатысушы ЖОО-ның барлық студенттері мен оқытушылары тыңдады.
Білім шын мәнінде баға жетпес қуатты рухани қару екенін түсінетін және мойындайтын кез жетті. Білім – тек ғылымның іргетасы ғана емес, сонымен бірге тасы өрге домалаған, еңсесі биік кез-келген елмен терезесі тең мемлекет болудың күретамыры, ел дамуының қозғаушы күші. Білім бар жерде даму, жетілу, кемелдену үдерісі бір сәтке толастамайды.
Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттермен озады деген ұлы ақын Абай сөзі барлық уақытта өз мәнін жойған емес. Озық ойлы білімдар адамдар заманның, қоғамның дамуына, өзгеруіне өз үлесін қосады.
Ғылым – адамзат үшін өте қажетті құндылық. Қоғамда ғылымды тарату жолында барынша күш салуымыз керек. Ондай болса білім деңгейімен шығармашылық қабілеті жоғары шәкірттерді тәрбиелеу басты ұстаздық міндетіміз.
Жастар ата-бабаларымыздың жолын қуып, ғылым-білімге деген құштарлықты талмай алға талап қоя отырып, ізденуге ұмтылуы керек. Болашақ жастардың қолында.
Біз сіздерге сенеміз!
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО
Кафедрасының ұстаздары:
Құрбанова Л.С.
Түсүпова Б.Х.
Мұқанова Г.А.