Білімді ұлт мектептен бастау алады

Білімді ұлт мектептен бастау алады

Ел тәуелсіздігінің баяндылығын басты мақсат еткен қазақ билігі ғылым мен білім саласын бір сәт естен шығарған емес. Балабақшалардан тартып, жоғарғы оқу орындарына дейінгі тұтас білім беру жүйесін үздіксіз жетілдіріп отыру үшін кезең-кезеңімен реформалар жүргізу, шетелдің озық үлгілерін қабылдау, педагогтер мен ғалымдарды шетелдерден тағылымдамадан өткізу сынды көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Осы тұста мемлекеттің білім саласына деген айрықша қамқорлығын ерекше атап өткен жөн. Солардың қатарында 2021 жылы Үкіметтің арнайы қаулысымен қабылданған «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасын» айрықша атауға болады. 2021-2025 жылдарға арналған бұл жоба ойдағыдай аяқталар болса, еліміздің білім саласының дамуына үлкен серпін берері даусыз. Аталмыш жобаның мақсаты – барлық білім беру деңгейлерінде білім алушылардың білім сапасын арттыру. Осы мақсатты орындау үшін әр жылдары бұл саладағы негізгі капиталға инвестициялардың көлемі артып келе жатыр.

Біз төменде Ұлттық жобаның алға қойған міндеттері туралы қысқаша тоқтала кетпекпіз. Бірінші міндет ретінде «мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігін және сапасын қамтамасыз ету» көзделген. Бұл мемлекеттің қойып отырған жоғары талабы деуге болады. Осы жерде Қазақстандағы мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің өзге көптеген елдермен салыстырғанда оқ бойы алда тұрғандығын айта кеткен жөн. Яғни біздің елде ауылдық жерлерге дейін балабақша мәселесі қарастырылған. Ендігі  мәселе – оның сапасын арттыру. Бұл тұрғыда жыл өткен сайын алға ілгерілеушіліктер байқалады. Қазір 1-сынып табалдырығын аттаған бала әліпбиді толық меңгеріп, қарапайым арифметикаға қадам басып баратын деңгейге жетті. Бұл туралы шетелдерде алуан түрлі пікірлер айтылып жүр. Біреулер «балаға мектепке барғанға дейін шетел тілдерін үйрету оның болашағына пайдалы» десе, енді бір ғалымдар «баланың зеректігін арттыру үшін оның миына, ойлау қабілетіне ауыр салмақ салудың қажеті жоқ. Ол алдағы уақытта бала психологиясына кері әсер етуі мүмкін» деп қарайды екен. «Тек қана ана тілі мен қарапайым сандармен таныстыру, баланың бейімділігін сынау, оның бойындағы артықшылықтарын байқау үшін бастапқы тәжірибелерді жасауға көңіл бөлу керек» дегенді алға тартады олар. Біздің елде ұлттық білім берудің бірегей жүйесі біртіндеп қалыптасып келе жатыр. Сондықтан бірден шетел тәжірибелеріне бой ұрып, көзсіз еліктеуден аулақ болуға үндеп отырған ғалымдар көп. Бұл жағында қазақстандық мамандар мемлекеттің қолдауы арқасында көп еңбек етіп жүр. Білім беру мекемелерінің базалары жаңа, ұлттық нақыштағы оқулықтармен толығып келеді. Қазіргі балалар шетел ертегілерінен гөрі, қазақ ертегілерінің кейіпкерлеріне еліктеп өсуді арман етеді. Бұл да жеке қарастыруды қажет ететін үлкен тақырып.

Екінші міндет – Орта білім беру сапасын арттыру: Қазақстанның өңірлері, қалалық және ауылдық мектептері арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты қысқарту. Бұл жағында бізде біраз проблемалар бар екенін мойындау керек. Дегенмен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен құрылымдық жақтан реформалар сәтті жүзеге асты. Бұрынғы Ғылым және білім министрлігі ҚР Оқу-ағарту министрлігі және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі болып екіге бөлінді. Бұл өз кезегінде әрбір саланы жеке-жеке дамытудың өзектілігінен туған деуге болады. Ендігі жерде «мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру, қосымша білім беру, балалардың құқықтарын қорғау, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді цифрландыру саласындағы функциялары мен өкілеттіктері» ҚР Оқу-ағарту министрлігіне жүктелетін болды. Алдағы басты міндет оқу-оқыту сапасын барынша арттыру болмақ. Осындағы бір түйткіл ауылдық жерлердегі білім сапасын қала мектептерімен теңестіру мәселесі болып отыр.

«Әр қиындықтың бір қайыры бар» дейді халқымыз. Соңғы жылдары әлемді алаңдатқан пандемия адамдарды жинақылыққа үйрете бастады. Осы жерде онлайн оқу үрдісі дәстүрлі оқумен орын алмастыруға үйреткендігін мойындауымыз керек. Әрине, бұл жерде дәстүрлі оқуды жоққа шығаруға болмайды. Біздің айтқымыз келгені қазір еліміздің кейбір аймақтарындағы мектеп басшылары мен оқытушылардың онлайн оқу әдісін пайдалана отырып, ауылдық жерлердегі балаларды қаладағы білікті ұстаздардың жеке курстарына қатыстыру арқылы білім өресін көтеруге бет бұрып отырғандығы еді. Бұл да жылдам өсудің бір жолына айналып келе жатыр. Ал, педагогтердің біліктілігін арттырып отырудың міндеттелуі де өз кезегінде мұғалімдердің деңгейін өсіру, озық оқыту әдістерін меңгеру жолында мемлекеттің жасап отырған игі істерінің бірі дер едік.

Үшінші міндет – мектептерді жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз ету. Бұл тұрғыда экс-Президент Нұрсұлтан Назарбаев бір кездері «100 мектеп, 100 аурухана» жобасын бастаған еді. Бұл жоба белгілі нәтижелерге жеткендігін айта кетуіміз керек. Ал 2019 жылдан бері билік тізгінін алған Қасым-Жомарт Тоқаев мырза да бұл салаға айрықша көңіл бөліп отыр. Былтыр Мемлекет басшысының пәрменімен «Жайлы мектеп» жобасы әзірленгені есімізде. 

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов бұл жоба туралы сөйлеген сөзінде «Біздің басты міндетіміз – балабақшадан бастап, білім берудің барлық деңгейлерінде халықтың сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету. Бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілуде. 2021 жылдан бері 674 балабақша ашылды. 326 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 1436 мектеп жаңғыртылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленіп жатыр. Осы жоба аясында 2025 жылға дейін жаңа құрылыс стандарттары бойынша 840 мың орын беретін мектеп салу көзделген», – деген болатын. Алдағы жерде жайлы мектептер салу тіпті де қарқын алатыны сөзсіз. Президент бұл туралы үнемі маңызды нұсқаулар беріп келеді. Осы мақсатты орындау жолында мемлекет пен жекелер селбестігі негізінде жеке инвесторларды білім ордаларын салуға ынталандыру туралы бастамасы да өз нәтижесін беретіні даусыз.

Төртінші міндет – қолжетімді және сапалы техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз ету. Бұл жағында жаңа бастамалар қарқын алып келе жатыр. Құзырлы мекемелердің дерегі бойынша 2025 жылға қарай жастар аса қажетті техникалық мамандықтар және кәсіптік біліммен тегін толық қамтамасыз етіледі. Былтырдан бері министрлік техникалық мамандарды оқытуға бөлінетін квоталарды кезең-кезеңімен көбейтуді қолға алды. Бұл еліміздегі техникалық салалардағы мамандар тапшылығын шешуге, сапалы маман даярлауға серпін беретін болады. 

Бесінші міндет – қазақстандық                ЖОО-ның бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Бізде қазір әлемдік рейтингте жақсы көрсеткіштерді бағындырып отырған Назарбаев университеті болса, келесі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ болып отыр. Бұдан бөлек көптеген ЖОО-ларымыздың көрсеткіші жыл сайын жақсарып келе жатыр. Қазір ЖОО-лардың сапасын арттыру, халықаралық имиджін көтеру үшін «Академиялық артықшылық орталықтары» жобасы басталып кетті. Мұнда: «2025 жылға дейін 20 академиялық артықшылық орталығы (15 өңірлік және 5 педагогикалық жоғары оқу орны) құрылады. Мүдделі мемлекеттік органдармен, ЖАО-мен, ЖОО-мен бірлесіп жол картасы бекітілді», – делінген.

Бұл шағын мақаламызда еліміздің білім және ғылым саласында қолға алып жатқан игі шаралары туралы қысқаша айта кеттік. Халқымыз «не ексең, соны орасың» дейді. Білім мен ғылым саласы мемлекеттің орнықты дамуы мен халықтың халық болып өмір сүруіне тікелей әсер ететіндігін ескерер болсақ, бұл саланы титтей де әлсіретуге қақымыз жоқ. Бұл – Қазақстанның болашағы. Білімді ұлт мектептен басталады. Ұлтымыздың білім сапасы артып, ғылымы дамымайынша, болашағымыз да бұлыңғыр болмақ. Сондықтан ғылым, білімнің маңыздылығын әрбір азамат жан-жүрегімен сезініп, жауапкершіліктің ауыр жүгін арқалаудан тайынбауы керек дейміз.

ЕРҚАЗЫ СЕЙТҚАЛИ
16.02.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 85
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 605
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 722
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 633
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 644

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8781
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8180
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11409
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9163
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10394