Бір мақсатқа тоғыстырған форум

Бір мақсатқа тоғыстырған форум

Ағымдағы жылдың 12 маусымында Алматы облысы Райымбек ауданының 90 жылдық мерейтойы аясында алғаш рет ауқымды ауылшаруашылығы форумы ұйымдастырылды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы ауылшаруашылығымен тығыз байланысты. Табиғи-климаттық жағдайы қолайлы, жері құнарлы өңірде аграрлық саланы дамытуға барлық мүмкіндік бар.

Форумға шаруа қожалықтарының өкілдері, ауылшаруашылығы саласының мамандары, ғалымдар, кәсіпкерлер және аудан тұрғындары қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты – ауылшаруашылығының әлеуетін арттыру, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейту және саладағы өзекті мәселелерді талқылау.

Форум аясында мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отырған кәсіпкерлер өз өнімдері мен жобаларын таныстырды. Бүгінде олар ет, сүт, бал, балық өнімдерін өңдеп, жергілікті нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етіп келеді.

Солардың бірі – «Әшірақын Диас» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі. Кәсіпорын 2025 жылдан бері жұмыс істейді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 27 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, қора-жай салып, 3000 бас тауық сатып алған. Қазіргі таңда кооператив Райымбек және Кеген аудандарының тұрғындарын экологиялық таза тауық етімен және жоғары сапалы жұмыртқамен қамтамасыз етіп отыр.

Ал «Райымбек омарташылары» өндірістік кооперативі табиғи, қант қоспасыз бал өндірумен айналысады. Қазіргі уақытта кооператив құрамында 100-ден астам омарта жұмыс істейді. Балдан бөлек, емдік қасиеті жоғары 15 түрлі өнім шығарылады. Кооператив алдағы уақытта омарта санын 500-ге дейін арттыруды жоспарлап отыр. Бұл, өз кезегінде, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және табиғи өнім көлемінің ұлғаюына мүмкіндік береді.

Форум барысында ауылшаруашылығы саласындағы ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері топырақ деградациясының алдын алу, мал ауруларымен күресу және өзге де қауіп-қатерлерді азайтуға бағытталған ғылыми жобаларын таныстырды. Сондай-ақ тыңайтқыштар, ауылшаруашылығына арналған дрондар мен өсімдік шаруашылығындағы заманауи технологиялардың көрмесі ұйымдастырылды.

Іс-шара аясында кәсіпкерлерге лизинг негізінде ауылшаруашылығы техникалары ұсынылып, шаруалар мен ғылыми-зерттеу институттары арасында өзара ынтымақтастық жөнінде келіссөздер жүргізілді. Нәтижесінде жергілікті кәсіпкерлер өз өнімдерін кеңінен насихаттап, бірқатар шаруашылық ғылыми ұйымдармен меморандумдарға қол қойды.

Форум барысында Райымбек ауданының әкімі Дастан Құдабаев өңірдің аграрлық саласын дамыту бағытында жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалар мен алдағы жоспарларға тоқталды.

Аудан басшысының айтуынша, бүгінде ауылшаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған бірқатар тың бастамалар қолға алынған. Соның бірі – «Altyn DAN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Орта Азиядағы жетекші компаниялардың бірі саналатын «PepsiCo Central Asia» және еліміздегі ірі сауда желісі «Magnum»-мен бірлесіп жүзеге асырып жатқан жобалары. Бұл бастамалар өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, жергілікті өнімнің нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік бермек.

Соңғы жылдары ауданда су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары қарқын алды. Қазіргі таңда 2500 гектардан астам егістік алқапта заманауи су үнемдеу қондырғылары пайдаланылып келеді. Ал биыл тағы 1800 гектар жерге жаңа технологияларды орнату жоспарланған. Бұл, өз кезегінде, су ресурстарын тиімді пайдаланып, ауылшаруашылығы өндірісінің өнімділігін арттыруға жол ашады.

Ирригациялық инфрақұрылымды жаңғырту да назардан тыс қалған жоқ. Бүгінде ауданда 6 су қоймасын, 8 магистральдық және 13 ішкі шаруашылық каналын қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Аталған жобалар су тапшылығы мәселесін азайтып, егістік көлемін ұлғайтуға және ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда Райымбек ауданында 66 мың бас ірі қара, 267 мың қой мен ешкі, 42 мың жылқы өсірілуде. Сонымен қатар 2316 шаруа қожалығы өз қызметін табысты жүргізіп келеді. Бұл аудан экономикасында аграрлық сектордың маңызды орын алатынын көрсетеді.

Дастан Құдабаев мал шаруашылығын дамыту және асыл тұқымды мал басын көбейту бағытындағы жұмыстарға да ерекше тоқталды.

– Райымбек ауданында ірі қара малын асылдандыру және мал шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта 12 шаруа қожалығы ірі қара мал тұқымын асылдандырумен айналысса, 6 шаруашылық асыл тұқымды ұсақ мүйізді мал өсіруде. Шаруашылықтарда «Ангус», «Герефорд», «Қазақтың ақ бас сиыры», «Қалмақ» тұқымды ірі қаралар, сондай-ақ «Архар меринос» пен «Иль-де-Франс» тұқымды қойлар өсіріледі. Осы жұмысты ғылыми тұрғыдан жүйелеу мақсатында биыл аудан әкімдігі мен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Нәтижесінде университет ғалымдары шаруашылықтарға ғылыми сүйемелдеу жасап, әдістемелік қолдау көрсететін болады, – деді аудан әкімі.

Сондай-ақ ауданның материалдық-техникалық базасы жаңарып келеді. Соңғы жылдары шаруашылықтар үшін 200-ге жуық трактор мен 100-ден астам ауылшаруашылығы агрегаты сатып алынып, техникаларды жаңарту деңгейі 60 пайыздан асты. Алдағы уақытта мал бордақылау алаңдарын құру, егін және мал шаруашылығын цифрландыру, жаңғырту бағытындағы жұмыстарды күшейту көзделіп отыр.

Жалпы, алғаш рет ұйымдастырылған ауылшаруашылығы форумы өңірдің аграрлық әлеуетін жан-жақты танытқан маңызды алаң болды. Форум аясында шаруалар, ғалымдар мен кәсіпкерлер өзара тәжірибе алмасып, жаңа жобаларды талқылап, болашақтағы ынтымақтастықтың нақты бағыттарын айқындады. Ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға серпін берген бұл басқосу ауданның ауылшаруашылығы саласын жаңа белеске көтеруге негіз қалайды.

Ең бастысы, форум жергілікті шаруалардың көкейіндегі мәселелерді ортаға салып қана қоймай, оларды шешудің тиімді жолдарын қарастыруға мүмкіндік берді. Ауыл еңбеккерлері мен ғылым өкілдерін бір мақсатқа тоғыстырған форум өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға, ауылшаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге және инвестициялық тартымдылығын күшейтуге қызмет ететін маңызды қадам ретінде есте қалды.

А. ФАЗЫЛОВА, 

Алматы облысы

 

18.06.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25935
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25380
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42784
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38614
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43181