Біз қашанда өткенге салауат айтып, болашақтан жақсылық күткен халықпыз.
2023 жыл біз үшін берекелі, толайым табыстарға толы жыл болды.
Өткен жылы ауылдық округте ауқымды жұмыстар атқарылып, биылғы 2024 жылы да бірқатар жобалар іске аспақшы.
Тоғызкент ауылдық округінің құрамына Тоғызкент, Әбілда, Майлыкөл елді мекендері енеді. Ауылдық округте қазіргі таңда 2159 адам есепте тұрады. Оның ішінде 6 неміс ұлтының және 4 шешен ұлтының өкілдері бар.
Округте жалпы халықтың 59 пайызы экономикалық белсенді. Білім саласында – 157 адам, денсаулық сақтау саласында – 31 адам, мәдениет саласында – 15 адам, кәсіпкерлік саласында – 189 адам, спорт саласында – 25 адам және әртүрлі салаларда – 41 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 2023 жылы 21 адам қоғамдық жұмысқа қабылданып, 4 адам жастар практикасынан өтті, 19 адам тұрақты жұмысқа орналасты.
Ауылдық округте 1 орта, 1 негізгі мектептер, 1 бала бақша, 1 спорт мектебі және саз мектебінің филиалы, 1 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік пункт, 2 кітапхана, 2 клуб, 1 пошта торабы, 1 ветеринарлық пункт, 1 учаскелік полиция инспекторы қызмет көрсетеді. Ауылдық округтегі бірқатар әлеуметтік нысандарға ағымдағы жылы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Аймақ тұрғындарының негізгі кәсібі - мал шаруашылығы. Бүгінгі күнге мүйізді ірі-қара 2 587 бас, қой-ешкі 26 237 бас, жылқы 718 бас, құс 1370 бас болып қалыптастып отыр.
Ауылдық округте 46 шаруа қожалығы тіркелген. Оның жұмыс істеп тұрғаны 43. Бұл шаруашылықтардың 50 пайызы яғни 23-і мемлекеттік бағдарламаларға қатысуда. МІҚ малын асылдандыруды 11, қой малын асылдандыруды 13 шаруа қожалығы жүргізуде.
Шаруа қожалықтары мен жеке иеліктегі малдардың барлығы белгіленген тәртіп бойынша эпизоотияға қарсы тұрақты емделіп отыр. Ағымдағы жыл ішінде, кенеге қарсы аулалар мен қораларға дәрі шашу, малдарды шомылдыру жұмыстарының 3 кезеңі толығымен жүргізілді. 2023 жылы ауылдық округтегі «Әсем», «Мержан» және «Елнар» шаруа қожалықтары 3 МТЗ тракторларын және 1 шөп тайлағыш (прессподорщик) пен 2 КУН агрегатын лизингке алды. Жалпы ауылдық округ бойынша, 2010 жылдан бері 20 МТЗ тракторы мен 16 қосалқы техника лизингке алынды.
Барлық мемлекеттік, үкіметтік бағдарламалар бойынша ауыл тұрғындарына түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Мемлекеттік қолдауға арналған қайтарымсыз 1млн 380 мың теңге грантты 2022 жылы 14 азамат алса, 2023 жылдың жыл басынан бері 2 азамат алып, жеке кәсіптерін ашты. Сонымен қатар, 35 жасқа дейінгі жастарға берілетін жеңілдетілген несиеге 5 жас ие болды.
2022 жылы 13 шаруа қожалық «Жайылымдарды суландыру» бағдарламасы аясында 7 құдық қазылса, 2023 жылы 37 ұңғыма қазылып, 314,3 млн теңгеге субсидияға өтінім берілді.
Ауылдық округтің барлық жер көлемі – 272 315,5 гектар, Оның ішінде:
ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер – 99 442,34 гектар, шабындық – 4575 гектар, жайылымдық – 89 416,4 гектар, елді мекендер жері – 6567 гектар, өнеркәсіп, көлік, байланыс және қорғаныс жері – 181 гектар, орман қорының жері – 165 084 гектар және босалқы жер – 531,67 гектарды құрайды.
Ауыл шаруашылғы мақсатындағы жерлерін тиімді пайдаланбай отырған шаруа қожалықтарына зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 3 шаруа қожалық анықталып, тізімі Сарысу ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөліміне жолданды. Өткен жылдың қорытындысымен 3 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.
Жыл қорытындысымен мүлік салығы мен жер салығының жоспары 100 пайызға орындалды.
Ауылдық округте 19 көше бар. Оның 16-сы асфальтталған. 18 көшеге түнгі жарықтары орнатылған.
"Жомарт түлек» жобасы аясында мектеп түлектері «Түгіскен» орта мектебіне 400 мың теңгеге қолдау көрсетті.
«Асарлатып үй салу» жобасы аясында жалғыз басты ана Ж.Аманжолованың тұрғын үйіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, табиғи газ желісіне қосып берді. 3 желтоқсан «Мүгедектер» күніне орай ауылдық округтегі 5 мүгедек азаматтарға заманауи смартфондар тарту етілді. Ауылымыздан шыққан академик Құралбек Құлажанов ағамыз ауыл әкімдігіне 2 млн теңге көлемінде демеушілік жасады. Бұл қаржыны ауылымыздың жағдайы төмен отбасыларына көмек ретінде және мерекелік іс-шараларға сыйлықтар алуға пайдалану көзделуде.
Ауыыл азаматтары ауылдық округтегі қайырымдылық, ізгілік шараларына белсене араласады.
Ұлттық, мемлекеттік, кәсіби мерекелерге арналған іс-шаралар тұрақты өткізіліп келеді.
2023 жылы ауылдық округте бірқатар жобалар іске асты.
Атап айтар болсақ, Үшарал-Тоғызкент бағытындағы 10,5 шақырым облыстық мәндегі автокөлік жолына орта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Тоғызкент ауылының Сапақ Датқа, Төреқожа, Бекпенбет, А.Ахметұлы және Ұлбике көшелеріне орта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Тоғызкент ауылындағы Бекпенбет көшесіне күн көзінен қуатталатын жарықшамдары орнатылды. Тоғызкент ауылының шығыс жағынан көлемі 1 гектар жерге «Жасыл белдеу» қорғаныш алқабы салынып, тал көшеттері отырғызылуда. Тоғызкент ауылының ауыз су жүйесін қайта жүргізу жұмыстары басталып, ағымдағы жылы аяқталады. Жамбай баба көшесіндегі саябаққа балалар ойын алаңшасы мен стритворкаут орнатылды. Әбілда ауылына балалар ойын алаңшасы салынды. Әбілда ауылына және Көксуат арнасына мал өтетін көпір орнатылды. Әбілда ауылының шағын футбол алаңшасы жөнделді. Сондай-ақ, Майлыкөл ауылына су тұщытатын кешенді модульді контейнер орнатылды.
Биылғы жылы да бірқатар жұмыстар атқарылатын болады. Оның ішінде, Тоғызкент ауылындағы «С.Тасыбаев» саябағына жазғы сахна орнату, Тоғызкент ауылындағы Есмырза және Т.Әубәкіров көшесін ағымдағы жөндеу, Тоғызкент ауылындағы Үшарал көшесіне түнгі жарық шамдарын орнату, Тоғызкент ауылына кіре беріс жолды ағымдағы жөндеу, Тоғызкент ауылының Жамбыл және Саңырық батыр көшелеріне автотұрақ салу, Тоғызкент ауылы Төле би және Сапақ Датқа көшелеріне балалар ойын алаңшасын орнату, Майлыкөл ауылына кіре беріс жолға түнгі көше жарығын орнату, Майлыкөл ауылына ойын алаңшасы мен стритворкаут орнату, Әбілда ауылына стритворкаут орнату, Әбілда ауылы Елімбай көшесіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу, Ауылдық округтегі 13 шаруа қожалығына «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы арқылы инфрақұрылым (электр желісі) тартуға смета жасату сияқты жобалар бар.
Ауыл өмірін жақсартуға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта кезең-кезеңімен жүзеге аса беретін болады.