БҚО-да энергетикалық инфрақұрылым жаңғыртылуда

БҚО-да   энергетикалық инфрақұрылым жаңғыртылуда

Бұл туралы Батыс Қазақстан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бейімбет Мусин ақпарат берді.

БҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті баспасөз конференциясында басқарма басшысы өңірдің электрмен қамтамасыз етілуі туралы баяндама жасады.

– Қазақстанның электр энергетикасы тәуелсіздік жылдарында түбегейлі реформалардан өтті. Нарықтық модельге көшу нәтижесінде электр энергиясын өндіру, беру және тарату жүйесі жаңартылып, саланың институционалдық негізі қалыптасты. Бүгінде елімізде 248 электр станциясы жұмыс істейді. Олардың жалпы белгіленген қуаты 26 807 МВт болса, қолда бар қуаты 22 844 МВт-ты құрайды.

Соңғы жылдары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, тозған инфрақұрылымды жаңғырту және жаңа қуат көздерін іске қосу бағытындағы жұмыстарға ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта қуат нарығы жетілдіріліп, электр энергиясының Бірыңғай сатып алушысы моделі енгізілді, – дейді Бейімбет Мәлікұлы.

Ал Батыс Қазақстан облысында электр энергиясын тұтыну көлемі 286 МВт болса, өңірдің өз генерациясы 217 МВт деңгейінде қалып отыр екен. Осыған байланысты шамамен 68 МВт көлеміндегі тапшылық республиканың Бірыңғай электр энергетикалық жүйесі арқылы өтелуде.

Айтуынша, өңірдегі электр желілерінің жалпы ұзындығы 21 мың шақырымнан асады. Алайда олардың тозу деңгейі 75,4 пайызға жеткен. Сондықтан соңғы үш жылда электр желілерін жаңғырту және салу бағытында жалпы құны 19,7 млрд теңгені құрайтын 20 жоба жүзеге асырылыпты. Нәтижесінде 328 шақырым желі қайта жаңартылып, 71 шақырым жаңа желі тартылған. Сонымен қатар облыс орталығындағы «Ақжайық» және «Жұлдыз» шағынаудандарында қуаты 50 МВт болатын екі қосалқы станция пайдалануға берілгені де белгілі.

Президенттің тапсырмасына сәйкес «Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бүгінде жалпы құны 10 млрд теңгелік үш жоба жүзеге асырылуда. Олар бойынша 501 шақырым электр желісін қайта құру көзделген. Қазіргі уақытта жұмыстардың орындалу деңгейі 78 пайызды құрап отыр.

Биыл өңірде тағы да жалпы құны 16,5 млрд теңге болатын жеті жобаны іске асыру жоспарланған. Аталған жобалар аясында 1113 шақырым электр желісі мен екі қосалқы станция жаңғыртылады деп күтілуде.

Өңірдің энергетикалық әлеуетін арттыру мақсатында бірқатар инвестициялық жобалар қолға алынған. Соның бірі – Орал қаласы маңындағы «Желтау» аумағында салынып жатқан қуаты 50 МВт жел электр станциясы. Құны 21 млрд теңге болатын жоба жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттырып, экологиялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Жәнібек ауданының Өнеге ауылында күн электр панельдері мен газ-поршеньді станцияны біріктіретін қуаты 4,9 МВт гибридті энергетикалық кешен салынуда. Жобаның құны – 2,5 млрд теңге. Бұдан бөлек, индустриялық аймақта қуаты 26 МВт газтурбиналық электр станциясының құрылысы жүргізілуде. Ал Орал жылу электр орталығын жаңғырту аясында қосымша 50 МВт газтурбиналық қондырғы орнату жоспарланған. Жобаны 2029 жылы аяқтау көзделіп отыр. Сондай-ақ «Батыс Пауэр» ЖШС электр станциясын кеңейту жобасы жүзеге асырылуда. Жоба нәтижесінде станцияның қуаты 414 МВт-қа дейін ұлғайтылмақ.

Басқарма басшысы Б. Мусиннің мәліметінше, атқарылып жатқан жұмыстар өңірдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтып, тұрғындар мен кәсіпорындарды сапалы әрі тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ләззат ҚАЖЫМОВА,

Батыс Қазақстан облысы

18.06.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25935
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25380
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42784
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38614
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43181