БҚО-да жеңімпаз шәкірттер мен ұстаздарға құрмет көрсетілді

БҚО-да жеңімпаз шәкірттер мен ұстаздарға құрмет көрсетілді

Батыс Қазақстан облысына қарасты Казталов ауданында «Дарындылыққа дара жол» атты республикалық олимпиада, ғылыми жоба және шығармашылық байқаулар жеңімпаздарын марапаттауға арналған салтанатты кеш өтті.

Тағылымды іс-шараға аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ақжарқын Темірханова және білім саласының өкілдері мен оқушылар қатысты.

Аудан әкімі А. Сарқұлов өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында білім саласында елеулі жұмыстар атқарылғанын жеткізді. Айтуынша, соңғы үш жылда ауданда төрт мектеп пайдалануға берілсе, екі білім ошағы күрделі жөндеуден өтіп, материалдық-техникалық базасы нығайтылған.

– Бүгінгі басқосудың басты себебі – жас дарындарымыз тек өз мектебінің ғана емес, ауданымыздың мерейін асқақтатып отыр. Білім саласындағы үштік одақтың нақты көрсеткіші – өздеріңіз. Республикалық олимпиадалар мен байқауларда жеңіс тұғырынан көрініп жүрген шәкірттердің жетістігі – ұстаздардың еңбегі және ата-ананың қолдауының жемісі, – деді Асланбек Ахметоллаұлы.

Кеш барысында түрлі білім додаларында ауданның абыройын асқақтатып жүрген дарынды оқушылар мен олардың жетекшілері марапатталды. Алдымен жалпы білім беретін пәндер бойынша және ауыл мектептері оқушылары арасындағы республикалық олимпиадалар жеңімпаздарының есімдері аталды. Ғиният Молдашев атындағы ЖОББ мектебінің 11-сынып оқушысы Матхат Рашидов (жетекшісі Айнагүл Қарасаева) қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен республикалық олимпиадада ІІІ орынды иеленсе, осы білім ордасының тағы бір шәкірті Асанәлі Мұрадымов (жетекшісі Нұрбек Өтебалы) математика пәнінен ауыл мектептері оқушыларына арналған республикалық сайыста ІІ орынға ие болған. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен республикалық білім сайысында Қараөзен мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Аяулым Тілепберген (жетекшісі – Альбина Тасқалиева) ІІ орынға табан тіресе, Алма Оразбаева атындағы ЖОББ мектебінің 11-сынып оқушысы Дана Талапова (жетекшісі Ботагөз Сармалаева) І орынды жеңіп алды.

 Сонымен қатар республикалық шығармашылық және зияткерлік байқауларда топ жарған оқушылар да арнайы марапатталды. Кенжебек Мендалиев атындағы ЖОББ мектебінің 11-сынып оқушысы Мақсат Хамзин «Алтын түлек» математикалық олимпиадасының республикалық кезеңінде ІІІ орын алса, Қараөзен мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Аят Шоқат осы олимпиададан ІІІ орын иегері атанды. Сондай-ақ Бірік ЖОББ мектебінің 11-сынып оқушысы Айзада Жолдыбай, Ғұмар Қараш атындағы мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Қарақат Нұрболат, Казталов мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Аяулым Жұмагелді де республикалық математикалық олимпиадада жүлделі орындардан көрінді. Ал Сүлеймен Есетов атындағы мектеп-бөбекжай кешенінің 8-сынып оқушысы Ақжүрек Темірханов «Табиғатты аяла» республикалық форумында ІІ орын, Кенжебек Мендалиев атындағы ЖОББ мектебінің 11-сынып оқушысы Наргиза Елеусінова республикалық «Ақберен» байқауында ІІ орын иеленді. Ақпәтер ЖОББ мектебінің 10-сынып оқушысы Айсәуле Талғатқызы XXVI республикалық «Абай оқулары» байқауында ІІ орын иеленіп, өнерімен көпшілікті тәнті еткен. Ғ. Молдашев атындағы ЖОББ мектебінің 8-сынып оқушысы Әмина Думанқызы республикалық «Әбіш оқуларында» ІІ орынға қол жеткізсе, А. Оразбаева атындағы ЖОББ мектебінің 11-сынып оқушысы Нұрдәулет Ғазизжан «Ақберен» байқауынан ІІІ орын және республикалық «Әбіш оқуларынан» І орынды жеңіп алды.

Бұл кеште республикалық ғылыми жобалар конкурсында үздік деп танылған жас зерттеушілер де абырой биігінен көрінді. С.Есетов атындағы мектеп-бөбекжай кешенінің 5-сынып оқушысы Айлана Нұрланқызы, Казталов мектеп-лицейінің оқушылары Мұхамедәли Мақсатұлы, Еңлік Аманжолқызы, Миралі Мирланұлы, Шынтемір Мұхтарұлы және Бостандық ЖОББ мектебінің 7-сынып оқушысы Саят Жайықұлы республикалық «Зерде» ғылыми жобалар байқауында жоғары нәтижелерімен қуантқаны тағы бар.

Жүлдегер оқушыларға ноутбук және ақшалай сертификаттар, ал жетекші ұстаздарға қаржылай сыйақы берілді. Сонымен қатар Қараөзен мектеп-лицейінің алғашқы директорларының бірі болған ұлағатты ұстаз Мүтиғолла Темірхановтың ұрпақтары осы лицейдің оқушылары Аяулым Тілепберген мен Марғұлан Өтегеновке арнайы шәкіртақы табыстады.

Салтанатты шарада сөз алған «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев пен облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ақжарқын Темірханова дарынды өрендерді жетістіктерімен құттықтап, жылы лебіздерін білдіріп, партиялық және басқарма басшысының алғыс хаттарын табыс етті.

– Ең біріншіден, бұл – ата-ананың тәрбиесі, одан кейін ұстаздардың тынымсыз еңбегі. Осы ұстаздардың арқасында бүгін біз жарқыраған болашағымыз – балаларымызды марапаттап, үлкен шарада кездесіп жатырмыз. Қазіргі уақытта елімізде Президенттің тапсырмасымен, Үкіметтің бақылауымен үлкен істер атқарылуда. Бұның барлығы балаларымыздың болашағы жарқын болсын деген ниетте жүзеге асып жатыр, – деді партия өкілі А. Сафималиев.

– Ауданның білім саласында жетістікке жетіп жүрген оқушыларымыздың жетістіктері құтты болсын! Бұл жетістіктер алдағы уақытта да сіздердің табысты болуларыңызға септігін тигізеді. Казталов ауданы – білім беру саласы бойынша өңірде алдыңғы қатарлы орында. Аудан әкімінің білімді балаларды қолдау бағытындағы бастамасы да өте орынды, – деді облыстық білім басқармасының өкілі А. Темірханова.

Тағы бір айта кетерлігі, республикалық пәндік олимпиаданың І орын иегерінің жетекшісіне – 1 млн теңге, ІІ орынға – 700 мың, ІІІ орынға – 500 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақы бұйырды. Республикалық шығармашылық және зияткерлік байқаулар мен ғылыми жобалар конкурсында үздіктер қатарынан табылған оқушылар мен жетекшілері де қаржылай сыйлыққа ие болды. Ал төрт түлік өсіріп отырған ауыл ұстаздарына бір тіркеме шөп берілмек. Талантты жас буынның талабын шыңдап, қаржылай қолдау көрсетуге аудан әкімі мен аудандық мәслихат депутаттарынан бөлек аудан кәсіпкерлері де өз үлестерін қосты. «Мұндай қолдау – білімге ұмтылған жас ұрпаққа көрсетілген зор сенім», – дейді А. Оразбаева атындағы ЖОББ мектебінің түлегі Дана Талапова. – Бүгін мен үшін ерекше әрі қуанышты күн болды. Бұл – менің еңбегіме берілген жоғары баға әрі үлкен жауапкершілік. Алдағы уақытта да ауданымыздың абыройын асқақтатуға бар күш-жігерімді саламын, – дейді үлкен өмірге қанат қаққан жас түлек. Мұндай қолдауға ұстаздар да дән риза.

– Білім әлеміндегі әрбір жыл – жаңа белес. Биыл да шәкірттеріміз республикалық додаларда жүлделі орын алып, біздің берген біліміміздің бәсекеге қабілетті екенін тағы бір дәлелдеді. Бүгін бізге көрсетілген барлық құрмет үшін алғысымыз шексіз. Бұның барлығы – ұстаз бен шәкіртке деген сенім, ерен еңбектері үшін жасалған қошемет пен қолдау деп түсінемін, – дейді Қараөзен мектеп-лицейінің мұғалімі, педагог-модератор Әсемжан Тасқалиева.

Казталовта соңғы үш жылда білім саласына ерекше көңіл бөлініп, бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар нақты нәтижесін бере бастаған. Мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асқан жобалармен қатар аудан әкімдігінің қолдауымен игілікке бастаған бастамалар да дарынды балалардың талабын ұштап, білім сапасының артуына оң ықпалын тигізуде.

Аудан көлемінде аталған санаттағы оқушыларды қолдау дәстүрге айналып келеді. Білім додаларында үздік нәтиже көрсеткен шәкірттер мен олардың ұстаздарына құрмет көрсету – жас буынның ғылым мен білімге деген қызығушылығын арттырып, жаңа жетістіктерге жетелеудің тиімді тетігі.

Ләззат ҚАЖЫМОВА,

Батыс Қазақстан облысы

04.06.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25660
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25118
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42533
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38381
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 42909