Батыс Қазақстан облысына қарасты Жаңақала ауданының Көпжасар ауылында орналасқан Дина Нұрпейісова атындағы ЖОББ мектебі күрделі жөндеуден өтіп, жаңа оқу жылын жаңа ғимаратта бастады. Бұл туралы облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңа ғимаратта ұйымдастырылған Білім күні салтанатына ауыл тұрғындары, ұстаздар, оқушылар мен құрметті қонақтар қатысты. Алдымен облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Мендіғалиев пен ардагер ұстаз Шарипа Есжанова қазақтың ұлы күйші-композиторы Дина Нұрпейісованың ескерткішіне гүл шоғын қойып, Күй анасының рухына тағзым етті. Жиында сөз алған мектеп директоры Гүлбар Шуақбаева кезекті оқу жылындағы жоспарлармен бөлісіп, білім сапасын арттыруға бағытталған бастамаларды таныстырды. Ал ауыл тұрғындарын жаңа мектептің ашылуымен құттықтаған қонақтар мемлекет тарапынан білім беру саласына жасалып жатқан қамқорлықты атап өтті.
Бұдан әрі 1-сыныпқа қадам басқан бүлдіршіндерге алғашқы «Әліппе» оқулықтары мен шағын сыйлықтар табысталды. Бұл игі бастама дәстүрлі «Мектепке жол» акциясы аясында ауыл кәсіпкерлерінің қолдауымен жүзеге асты. Сонымен қатар ауыл азаматы Нұрсәт Нұрболатұлы білім саласының дамуына үлес қосу мақсатында дарынды оқушыларға арнайы шәкіртақы тағайындағанын жария етті. Шәкіртақы жылына екі рет үздік оқушыларға 50 000 теңге көлемінде берілетін болды. Мерекелік шара барысында мектеп оқушылары ұлттық күйлерді орындап, би билеп, өлең-жырларын тарту етті.
Салтанатты шарадан соң жаңа мектеп ғимаратының сынып бөлмелері, заманауи спорт залы, АКТ кабинеті мен мұражайы қонақтарға таныстырылды.
Негізінен аталған білім ордасына күйші-композитордың есімі 1961 жылы оның 100 жылдық мерейтойына орай берілген екен.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
Батыс Қазақстан облысы