Бұл сауалға Бұқаралық спортты дамыту басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов: «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жастар мен жасөспірімдер арасында спортты дамыту, тұрғындар арасындағы спортпен шұғылданатын адамдар санын көбейту қолға алынды. Нәтижесінде, спорт секцияларының саны артып, саланы цифрландыру мәселесі жолға қойылып келеді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша республика бойынша дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде 6 534 919 адам шұғылданады, бұл елдегі халықтың 34,28 пайызын құрап отыр. Оның ішінде 2 048 284 ауылдық жерлерде дене шынықтыру және спортпен шұғылданады. Сондай-ақ, 2020 жылмен салыстырғанда шұғылданушылар саны 581 084 адамға ұлғайған. Дене шынықтыру және спорт ұжымдарында 127 000 (олардың ішінде ауылдық жерлерде – 68 982) спорттық секция құрылды. 2021 жылдың қорытындысы бойынша қазіргі таңда республикада 223 118 балалар мен жасөспірімдер қамтылған 602 балалар-жасөсіпірімдер клубы, 119 балалар-жасөспірімдер дене дайындығы клубы жұмыс істейді. Дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатын ерекше қажеттіліктері бар халықтың үлесі 12,7 пайызды құрайды. Дене шынықтыру және спортпен айналысуға қарсы көрсетілімі жоқ тұлғалар санының есебінен шұғылданушылардың саны 48 565 адамға, ал ауылды жерлерде 12711 адамға жеткен. Өткен жылдың қорытындысы бойынша дене шынықтыру мен спорттың жалпы санынан ұлттық спорт түрлерімен айналысатын азаматтардың үлесі 2020 жылы 43 2457 немесе 7,9 пайызды құраса, 2021 жылы 489 526 немесе 8,0 пайызды құрайды. Сондай-ақ, ол бұқаралық спортты дамыту және насихаттау мақсатында «Қолжетімді спорт» бағдарламасын іске асыру жөнінде насихат жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп отыр. Бағдарлама 2022 жылы облыстық маңызы бар Ақтау, Талдықорған, Петропавл, Семей және республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент сынды қалаларында іске қосылады. Алдағы уақытта республика бойынша барлық өңірлерде жүзеге асырылады. Бұл бағдарлама шеңберінде скандинавиялық жүріс, жүгіру, гимнастика (йога, фитнес), стритворкаут, үстел теннисі, шаңғы жарысы және конькимен жаппай сырғанау спорттары қамтылады. Салауатты өмір салтын насихаттау шаралары үнемі өткізіліп келеді. Олардың арасында республика деңгейінде өткізілген ауқымды спорттық шаралар бар. Мәселен, 2021 жылғы 31 желтоқсанда республика бойынша спортсүйер қауым арасында бүкіләлемде орын алған пандемияға қарсы акцияны қолдай отырып, «Жаңа жылдық жүгіру – 2022» бұқаралық жүгіру өтті. Акцияның басты мақсаты – салауатты өмір салтына барынша көп адамдарды тарту. Дәл осындай атаумен еліміздің түкпір-түкпірінде жаппай жүгіру акциясы өтіп, оған тілек білдірушілер мен спортсүйер қауым қатысты. Салауатты өмір салтын насихаттау, дене шынықтырумен және спортпен жүйелі шұғылдануға халықты тарту, оның өз денсаулығын және дене шынықтыру деңгейінің дайындығын айқындауға деген қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында республика бойынша жазғы маусымда және қысқы маусымда тұрақты түрде халықтың дене шынықтыру дайындығының президенттік тестілері өткізіледі. Нұр-Сұлтан қаласында бұқаралық спортты дамыту үшін әлемнің үздік тәжірибелері зерделеніп, арнайы бағдарлама әзірленген. Бағдарлама аясында өңірде спорттың ойын түрлері (футбол, стритбол) бойынша аула лигалары өткізілген. Сонымен қатар, халықтың спортпен шұғылдануына да барлық жағдай жасалған. Нақтырақ айтсақ, қалада 318 ашық футбол алаңы, 23 стрит воркаут алаңы, сол сияқты 40 баскетболға арналған арнайы алаң бар. Бүкіләлемдік пандемияға байланысты спорттық іс-шаралардың тоқтатылғанын ескере отырып, елорда тұрғындарының спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында әр ай сайын жүгіру және веложүгіруден онлайн жарыстар ұйымдастырылуда. Қала тұрғындары өздеріне қолайлы уақытта, кез келген саябақта жүгіріп, қортындысымен «Страва» қосымшасы арқылы бөлісе алады. Бұдан бөлек, бұқаралық спортты дамыту мақсатында да қазіргі заманның талабына сәйкес халыққа спортты қолжетімді ету үшін «Smart sport» жобасы әзірленуде. Бір мобильді қосымша арқылы қаладағы барлық спорттық инфрақұрылымды, спорт түрлері бойынша жаттығулар өткізілетін залдарды, спорт мекемелеріндегі жаттықтырушылар, спорттық іс-шаралар және басқа да ақпаратты қамту жоспарланған. Жалпы қала тұрғындары еркін пікір алмаса алатын платформа болмақ», – дейді.