Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте облыс орталығы тұрғындары мен әкімдік арасындағы кері байланыс бағытындағы жұмыстар барысы қаралды.
Аталған мәселе бойынша сөз алған қалалық медиа орталық директоры Балнұр Бектұрғанова әкімдіктің әлеуметтік желілердегі парақшаларындағы жарияланымдар мен тараздықтар тарапынан түсіп жатқан арыз-шағымдарға жауап беру жайын тілге тиек етті.
– Бүгінде әкімдіктің «Instagram» парақшасында 89 мыңға жуық, ал «Facebook»-та 5 900 жазылушысы бар. Жыл басынан бері әкімдіктің әлеуметтік желілерінде 997 пост, 263 бейнеролик, 575 баннер жарияланды. Қаңтар айынан бастап әкімдіктің ресми парақшасын белгілеу арқылы жалпы саны 1 086 пост жарияланды. Сонымен қатар «Ikomek-109» платформасы арқылы 4 654 өтінім түскен. Тұрғындардан түсіп жатқан сауалдардың басым көпшілігі шаһардың коммуналдық қызметтеріне қатысты болып отыр. Орталық қызметкерлері барлық арыз-шағымға дер кезінде жауап беріп келеді, – деген Балнұр Бектұрғанқызы әкімдікке қарасты бөлімдердің әлеуметтік желілердегі белсенділігіне талдау жасап, кейбірінің кері байланыс орнатудағы жұмысы көңіл көншітпейтінін жеткізді.
Бандамашыны мұқият тыңдап шыққан Бақытжан Әмірбекұлы бұқарамен байланысты бекіте түсу қажеттігін айтып, бөлім басшыларына нақты тапсырмаларын берді.
Келесі кезекте қала әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы Абылайхан Умирбаев бюджеттің болжамды орындалуы туралы баяндады. Бөлім басшысының айтуы бойынша, 1 шілдеге дейін Тараз қаласы бюджетінің кіріс бөлігінің болжамды орындалуы 103,2 пайызға немесе 996,3 млн теңгеге артық орындалады деп жоспарланып отыр екен. Сондай-ақ өзіндік кірістер 118,2 пайызды құрап, 3 330,6 млн теңгеге артық болады деп күтілуде.
Кеңес барысында Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғабит Алтаев облыс орталығындағы жол жөндеу жұмыстарының барысы жайында баян етті. Шаһарда биылға 68,6 шақырымды құрайтын 118 көше, бұрылыс, тұйық, пен өткелді, одан бөлек 18,1 шақырымды құрайтын 7 жаяу жүргіншілер жолын және 73,8 шақырым шағал жолды орташа жөндеу жоспарланған. Қазіргі уақытта жұмыстар кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар жолақтарды таңбалау және бағдаршамдар орнату жұмыстары да қолға алынған.
Жиында, сондай-ақ жобалық-сметалық құжаттардың әзірлену барысы, құрылысы мен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан мектептер, көпқабатты тұрғын үйлерді қайта жаңғырту және өзге де мәселелер қаралды.
Қала әкімі күн тәртібіндегі мәселелер бойынша баяндамашыларды тыңдап, сын-ескертпелерін айтып, жұмысты жүйелеуді тапсырды.
Басқосу соңында Б.Орынбеков жауапты мамандарға мөлтек аудандардағы тазалықтың сақталуын назарда ұстау, заңсыз сауда орындарын жою және қала аумағындағы шөпті уақытылы шабуды қолға алу секілді маңызды мәселелер бойынша жұмыстарды жоспарлы орындауды жүктеді.