Екі мың жылдан астам тарихы бар көне Тараз қаласы өзінің бай шежіресімен қатар, көз тоймайтын көркімен де ерекшеленіп келеді. Әсіресе соңғы жылдары облыс орталығында еңселі нысандар бой көтеріп, шаһардың келбетіне сән қосты. Тұрғындардың серуендеп, бос уақытын тиімді өткізуіне арналған саябақтар мен өзге де демалыс орындары да қаланың келбетін одан сайын айшықтай түсуде. Мұның барлығы – халықтың игілігіне берілген дүниелер. Алайда көптеген жерлесіміз осыны жете ұғынбай жүрген сияқты. Салдарынан бүтін дүниелерді бүлдіруге құмар азаматтардың қатары азаймай тұр. Әрине, бұл қуанатын емес, мұңаятын жағдай…
Мәселен, күні кеше тараздықтар ұлу жылын сән-салтанатымен қарсы алды. «Көне Тараз» мәдени-тарихи кешенінде өткен көңілді думанға ағылған халықтың қарасы қалың болды. Қуаныштан жүздері бал-бұл жайнаған халықты көріп, көңіл қуанды. Әйткенмен аталмыш кешенде орналасқан субұрқақтарды, бағаналарды қиратып, бүлдіріп кеткен «тентектердің» ессіз әрекетін көргенде сол қуанышымыз су сепкендей басылды.
Өкінішке қарай, мұндай жайттар соңғы уақытта жиілеп кетті деуге болады. Мәселен, былтыр «Жеңіс» саябағындағы Ұлы Жеңісті жақындатқан жампоздарға арналған ескерткіш (адам есімдері жазылған) тақтайшаны қиратқандардың әрекеті де арқамызға аяздай батқан еді. Одан қалды еліміздегі ең ұзын субұрқақ «Желтоқсан толқынының» өткел жақтауларын қиратқандар әлі тиісті жазасын алған жоқ…
Жалпы бізге ешкім сырттан келіп жоғымызды түгендеп, жыртығымызды жамамайды. Себебі ел игілігіне берілген әрбір нысанды салуға, оны күтіп ұстауға мемлекеттің қыруар қаржысы жұмсалады. Оның үстіне бұл дүние-лер – тек бір ғана адамның жекеменшігі емес, барша халыққа ортақ дүние. Ендеше, оларды бүлдіріп жүргендердің бұл теріс қылығы мемлекетке ғана емес, өздеріне де жаны ашымайтынын айқын аңғартып отыр. Туған елін, жерін сүйетін адам мұндай ессіздікке бармаса керек-ті. Мұндай әрекеттерге өзгелер емес, өзіміздің жерлестеріміздің жол беріп отырғаны қынжылысымызды күшейте түседі. Осындайда тентегін тезге салатын қариялардың, үйдегі ата-ананың өнеге-ақылы ауадай қажет-ақ.
Тарихтың темірқазығы Тараз бүгінде жастардың ордасына айналып келеді. Мұндағы әрбір дүние – сол жастарға қалатын теңдессіз мол мұра. Сондықтан оларға тек әкімдік қана емес, баршамыз жауаптымыз. Осыны санасында саңылауы бар әрбір тұрғын, әрбір жас жете түсінгенін, түсіне отырып содан сабақ шығарғанын қалаймыз.
Сөздің тоқетері, бүтінді бүлдіру ешкімге пайда әкелмейді!