Енді бір жиырма жылдан кейін әлемдегі қай елдер ауызсу тапшылығын тартады? Бұл енді көптің көкейіндегі сауал екені рас.
Біріккен Ұлттар Ұйымының сарапшылары осыдан бірнеше жыл бұрын «Болашақтағы шөл: климаттың өзгерісі жағдайындағы балалар мен су» тақырыбында баяндама жариялады. Аталмыш баяндама авторларының ескертуіне қарағанда, 2040 жылға қарай әлемдегі балалардың 25 пайызы ауызсуға зар болады. Негізінен қарулы қақтығыс толас таппаған Эфиопия, Нигерия, Сомали, Оңтүстік Судан және Йемен елдерін құрғақшылық жайлап, ахуал күрделі сипат алады. ЮНИСЕФ Балалар қорының баяндамасында айтылғандай, бір ғана Эфиопияда 9 млн адам ауызсусыз қалмақ. Оңтүстік Суданда, Нигерияда, Сомалиде, Йеменде 1,4 млн бала ауызсу мен азық-түлік тапшылығынан көктей солуы мүмкін. Авторлардың бірі Николас Риза ауызсу тапшылығының орын алуына индустрияландыру, демографиялық өсім және урбанизация процесі өз әсерін тигізетінін айтып отыр. Бұл құбылыс Оңтүстік Азия мен Таяу Шығыста қатты байқалатын болады.
Ауызсу тапшылығы тек кедей елдерді ғана қамтымайды. Иран – Таяу Шығыс елдерінің арасындағы экономикасы екінші орында тұрған мемлекет, соның өзінде, Лондон қаласында орналасқан Small Media коммерциялық емес ұйым баяндамасында айтылғандай, су ресурсының тапшылығын өткір сезінетін елдердің бірі болады. Small Media сарапшылары Иранның экологиялық ахуалының нашарлауына байланысты жабайы жануарлар жаппай қырылуы мүмкін екенін айтады.
PS: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының Су ресурстары жөніндегі арнаулы өкілі Ретно Марсудиді қабылдады. Кездесуде су ресурстарының жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі маңызды мәселелер талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үшін су ресурстарының орнықты дамумен, экологиялық қауіпсіздікпен және өңірлік тұрақтылықпен тікелей байланысты стратегиялық ресурс екенін атап өтті. «Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтырып отыр», – деп мәлімдеген. Ресми дерек бойынша, Қазақстанда судың шамамен 60 пайызы ауылшаруашылығында қолданылады. «Осы 60 пайыздың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр», – дейді Президент.
Технологиядағы мешеулігіміз сонша, дамыған әлем тамшылатып суару мен ақылды датчиктерге ауысқан дәуірде біз әлі күнге арықпен су айдап, атам заманғы әдісті місе тұтып келеміз. Инфрақұрылым әбден тозғандықтан, арықтағы су егістікке түгел жетпей, далаға кетеді. Кеңестік кезеңнен қалған су шаруашылығы нысандарының 70 пайызы жарты ғасыр жөндеу көрмеген. Құзырлы органдарда су ресурстарының қолжетімді көлемі туралы нақты мәлімет жоқтың қасы. Кәсіби кадрларды оқытып, су дипломатиясымен айналысатын мамандарды дайындау жағы да ақсап тұр. Рас, түк істелмеді деп ауызды қу шөппен сүртуден аулақпыз. Соңғы 20 жылда «Ауызсу», «Ақ бұлақ», «Нұрлы жол» тәрізді көптеген мемлекеттік бағдарлама қолға алынды. Бірақ бұл жобалар проблеманы толық шеше алмады. Оларды жүзеге асыру барысында алдын ала зерттеу, ғалымдарды тарту, техникалық негіздемелерді әзірлеу, қоғамдық мониторинг жүргізу жұмыстары ескерілмеді, дейді мамандар.
Сондай-ақ ел Президенті БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру туралы бастамасын атап өтіп, бұл қадам су тапшылығы мәселелерін шешуде халықаралық үйлестіруді нығайтатынын жеткізді.
Кездесуде Орталық Азия өңірінде су ресурстарын тиімді пайдалану және саладағы халықаралық ынтымақтастықтың тиімді архитектурасын қалыптастыру мәселелері қозғалды.
Worldometers ақпаратына сенсек, Қазақстан жан басына шаққанда суды тұтынудан әлемде 11-орынға орнығыпты. Республикадағы тәулік нормасы – 3,5 мың литр. Ресейде – бір адамға 1,3 мың литр, Германияда – 855 литр, Ұлыбританияда – небәрі 348 литр дейді. Бұдан шығатын қорытынды: қалайда суды үнемдеу қажет. Дегенмен халыққа су үнемдеуді үйретеміз деп жүріп, ең үлкен тұтынушылар туралы үндемей қалуға болмайды. Индустриялық алпауыттар миллиардтаған текше метр жерасты суын арзан тарифпен есепсіз пайдаланады. Өндіріс орындары суды ысырап қылумен шектелмей, өзен-көлдерге зиянды қалдығын тастап, қоршаған ортаны ластап жатыр. Өзге де келеңсіздіктер шаш етектен.
Заң ғылымының кандидаты, доцент Қалдарбек Қуандықов: «...Қазіргі жағдайда Қазақстанның барлық маңызды экологиялық параметрлері бойынша табиғи ортаның жай-күйі күрт нашарлау сатысында, ең алдымен су ресурсы экологиялық күйзеліс жағдайында тұр. Оның айқын мысалы ретінде Арал теңізін экологиялық апатқа әкелген Әмудария мен Сырдария өзендерінің экологиялық апатты жағдайын айтса болады.
Каспий теңізі де соңғы жылдары мұнай өнеркәсібінің қалдықтарынан және қоршаған ортаға адамның басқа да антропогендік әсерінен айтарлықтай тайыздануға және шамадан тыс ластануға ұшырады. Соның салдарынан Каспий итбалығының қырылу жағдайы жиілеп, бекіре балықтарының саны азайып, теңіз бетінде мұнаймен ластану жағдайлары байқалды. Бұл флора мен фаунаның әралуандығына кері әсер етеді.
Сондай-ақ Іле өзенінің сумен қамтамасыз етілмеуі, өнеркәсіптік және ауылшаруашылық қалдықтарымен ластануы салдарынан бір кездері дүниежүзіндегі ең таза көлдердің бірі болып саналған Балқаш көлінің экологиялық жағдайы айтарлықтай нашарлады.
Жайық өзені трансшекаралық су ресурсы, сондықтан ол жоғарғы және орта ағыстағы түрлі аумақтардан ластану ағынына бейім. Жайық өзенінің экологиялық жағдайының мониторингі антропогендік ластанудың бар екенін көрсетті. Су ресурсының гидрохимиялық режимі су құрамының маусымдық ауытқуларының өзгеруіне ұшырайды.
Қазақстанның жерүсті және жерасты трансшекаралық су ресурстары күшті антропогендік әсерге ұшырайды, бұл олардың экологиялық әл-ауқаты мен табиғи ортаның жалпы жағдайының нашарлауына да әсер етеді. Бүгінгі таңда Қазақстан Орталық Азия, Шығыс және Орталық Еуропа мемлекеттері арасында су ресурсының және жалпы табиғи ортаның ластану дәрежесі бойынша алғашқы орындарда тұр...».















