Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел көкейінде жүрген өзекті мәселелер сөз болды. Соның бірі – бюджет қаржысын үнемдей білу. Текке шашпау. Орнымен жұмсау. Көрпеге қарай көсілу. Мұны түсінер министрлер болса ғой, шіркін!
Жасанды интеллект жайы да Президент назарында екенін ұмытпауымыз керек!
Үкімет отырысында ел Президенті ел экономикасына қатысты, Үкіметтің атқарып жатқан жұмыстарының кемшін тұстарына да тоқталды. Әр саланың министрлерін тұрғызып қойып, нақты сұрақтарға жауап та алды. Өкінішті жері – жауаптарға көңіл көншімейді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке KazLLM-ге қатысты сұрақ қойды.

– KazLLM бағдарламасы бойынша бір сұрағым бар. Сіз (Жаслан Мәдиевке айтып жатыр) бұл мәселе жөнінде мәлімдеме жасадыңыз. Оны іске қостық деп айттыңыз. Бірақ, менің білуімше, бұл бағдарламаға сұраныс әлі төмен. Себебі ақаулары көп. Жұрт ChatGPT-ге жүгінеді, KazLLM-ге көшкісі келмейді. Сондықтан KazLLM-нің айналасында не болып жатыр? Не айтасыз? – деп Президент.
Министр Мәдиев қазіргі таңда екі үлкен KazLLM мен AlemLLM модельдері бар екеніне тоқталды.
Олар қазіргі таңда 40-тан астам жүйеде енгізілді. Сондай-ақ eGovAI және басқа да жүйелер. Бүгінде бұл модельдер нарыққа, IT-компанияларға, стартаптарға, студенттерге, зерттеу институттарына қолжетімді. Бірақ бұл модельдердің сапасын әлі де ұлғайту қажет. Сол себепті біз халықаралық деңгейдегі сарапшылармен бірге осы жұмысты жалғастырамыз, – деп жауап берді ЖИ саласының басшысы.
Сондай-ақ Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында бюджет қаражатын тиімді жоспарлауға тоқталды.

«Тоқетері, әркім өз білгенін жасағанды қою керек», – деді Мемлекет басшысы.
Нақтыласақ, Үкіметке 1 мамырға дейін бюджет бағдарламаларына ревизия жүргізу тапсырылды.
«Фискалдық саясаттың тиімділігіне, ең алдымен, бюджетті ретке келтіріп, қаржы тәртібін қатаң сақтау арқылы қол жеткізуге болады.
Мемлекеттің тиімсіз шығындарын қысқарту үшін қолданыстағы бюджет бағдарламаларын бастан-аяқ қайта қарау қажет. Бұл – өте маңызды міндет. Мұны орындауды созбалаңға салмаңыздар. Бұл істе Қаржы және Экономика министрліктері қатаңдық пен табандылық танытуы керек.
Бюджет қаржысын игерудің қазіргі критерийінен бас тартып, мемлекеттік инвестицияның тиімділігін басқаруды күшейткеніміз дұрыс.
Үкімет пен әкімдер бюджеттің игерілмей қалуынан қауіптеніп, жобаларға қаржы бөлу тәжірибесін доғаратын кез келді. Ең сорақысы, мұндай шешімдер субъективті түрде қабылданып, қаржы таңдаулыларға ғана беріледі. Тоқетері, әркім өз білгенін жасағанды қою керек.
Енді мұндайды мемлекет мүддесіне қасақана қарсы әрекет ету деп қарастырамыз.
Бюджет қаржысы азаматтарымызға нақты пайда әкелетін және ұлттық экономиканың дамуына септігін тигізетін жобаларға берілуге тиіс.
Үкіметке биыл 1 мамырға дейін бюджет бағдарламаларына ревизия жүргізіп, мемлекет есебінен қаржыландырылатын жобаларды іріктеу механизмін жетілдіру тапсырылады. Бұл квазимемлекеттік секторға да қатысты.
Мен Жолдауда бұл мәселе туралы айттым: бюджеттік шығындардың ашықтығын қамтамасыз ету үшін, яғни қаржының қайда, қалай және не үшін жұмсалып жатқаны айқын болуы үшін цифрлық теңгені белсенді пайдалану қажет.
Қазіргі таңда бұл тәсіл мемлекеттік сатып алу жүйесінде, субсидиялау кезінде, сондай-ақ Ұлттық қордан ірі жобаларға қаражат бөлу барысында тиімді қолданылып жүр. Бұл құралды басқа да салаларға енгізіп, аясын кеңейту керек», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оқырман пікірі
Қаптаған форумдарға қыруар қаржы бөлуді доғарған жөн
Үкімет кеңейтілген отырысынан кейін бюджет қаржысына қатысты танымал журналист Оңғар Қабден фб желісіне мынадай жазба қалдырды.
«Негізі біздің елде ақша көп. Бірақ соның жаратылуы дұрыс емес. Себебі бюджетті игеру саясаты дұрыс жүзеге аспайды. Өткенде министрлікте істейтін бір танысым жыл соңында 12 млн теңге сыйақы алыпты.
Жыл соңында қаржы игерілмей қалған. Соны игеру үшін премия қылып таратып берген ғой. «Байдың асын байқұс қызғаныпты» демеңіз, бірақ бұл жерде мемлекеттің қаржысын талан-таражға салу деп түсінемін өзім.
Сол секілді елімізде бітпейтін форум, жиындар көп. Олардың бәріне қыруар қаражат жұмсалады. Ақша қайдан келеді? Әрине, мемлекеттің бөліп берген бюджеті. Мысалы, сондай жиынның бәрі қажет пе?
Коронавирус кезінде талай форумды онлайн өткізуге болатынына көз жеткіздік қой. Ендеше, мемлекеттің ақшасын неліктен оңды-солды шаша береміз?
Дәл осы мәселе Үкіметтің кеңейтілген отырысында да көтерілді. Тоқаев мемлекеттің тиімсіз шығындарын қысқарту үшін қолданыстағы бюджет бағдарламаларын бастан-аяқ қайта қарау қажет деп отыр. Бұл істі ұзаққа созбауды, Қаржы және Экономика министрліктеріне табандылық танытуды тапсырды.
Тоқаев Үкімет пен әкімдер бюджеттің игерілмей қалуынан қауіптеніп, түрлі жобаға қаржы бөлуін тоқтату керек деп отыр. Президенттің айтуынша, ендігі жерде мұндай әрекет мемлекет мүддесіне қасақана қарсылық деп қарастырылады.
Президенттің сынымен келісемін. Бюджеттің қаражаты елге нақты пайда әкелетін, экономиканың дамуына септігін тигізетін жобаларға берілуге тиіс. Қаптаған форумдар мен жиындарға, түсініксіз жобаларға миллиардтаған теңге бөлуді доғарған жөн», – дейді Оңғар Қабден.














