Осыдан 36 жыл бұрын, 1986 жылдың 26 сәуірінде Чернобыль қаласында атомды энергияны пайдалану тарихында мыңдаған адамның өмірін қиған ең ірі апат орын алды. Өздерін құрбан ете отырып Чернобыль апатының зардабын жоюға 800 мың адам, соның ішінде 32 мың қазақстандықтар қатысты.


Іс—шарада алғашқы сөз аудан әкімінің орынбасары Айтолқын Абдибековаға берілді.

— Биыл, Чернобыль атом электр станциясында орын алған апатты оқиғаға 36 жыл толып отыр. Апаттың зардаптарын жоюға 100 мыңнан астам адам жұмылдырылса, соның 30 мыңға жуығы қазақстандықтар еді. Олардың қатарында денсаулығын тәуекелге тігіп, өздерінің әскери парыздарын орындаған таластықтар да болды. Сол жандардың жанқиярлық ерлігі мен қажырлы еңбегі арқасында ғана апат ауқымы қысқарды. Олардың қаншасы алынған радиация салдарынан өмірден ерте озды. Біз, сол әскери антына адал буынның ұрпағы, бауырлары оларды мақтан тұтамыз, олардың ерлігі мәңгі жадымызда қалуы тиіс. Көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін олардың алдында басымызды иеміз, — деді.
