ДАЛА ДӘНІ – ЕЛ ЫРЫСЫ

ДАЛА ДӘНІ – ЕЛ ЫРЫСЫ

Жамбыл облысының оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан Т.Рысқұлов ауданы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосып, уақыт талабына сай ілгері басып келе жатқан аймақтардың бірі. Ауданның жыл сайын толығып, ел игілігіне беріліп жатқан әлеуметтік нысандары мен өндірістік жобалары, экономикалық көрсеткіштерінің артуы – соның айқын дәлелі. Алайда мұндай нәтижелер бір күнде қалыптаспайды, бір адамның еңбегімен де өлшенбейді. Оның ар жағында туған жердің өркендеуіне үлес қосып жүрген қарапайым еңбек адамынан бастап, түрлі салада табанды жұмыс атқарып отырған ұжымдардың қажыр-қайраты жатыр. Әр саланың өз үдесі, әр ұжымның өз міндеті бар. Сол міндетті абыроймен атқарып, өзара бәсекеде білімі мен іскерлігін шыңдай білген еңбек ұжымдарының нәтижесі түптеп келгенде ауданның ортақ жетістігіне айналады.

 

«Теңіз тамшыдан құралады» дегендей, ел дамуы да осындай шағын әрі жүйелі еңбектердің тоғысуынан тұрады. Бір жерде жаңа нысан бой көтерсе, екінші бір жерде өндіріс көлемі артады, тағы бір елді мекенде ауылшаруашылығы өркендеп, тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылады. Осындай әрбір оң өзгеріс  ауданның әлеуетін арттырып, оның ертеңіне деген сенімді бекемдей түсетін маңызды қадам. Т.Рысқұлов ауданында ілгерілеуге өзіндік үлес қосып, нақты нәтижесімен көрініп жүрген еңбек ұжымдары аз емес. Олардың әрқайсысының жетістігі аудан дамуының ортақ шежіресіндегі бір парақ, ел игілігіне бағытталған еңбектің нақты көрінісі.

Бүгінде әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артып, түрлі бағытта даму үстіндегі Т.Рысқұлов ауданында ауылшаруашылығына айрықша мән беріліп келеді. Осы салада өзіндік орны қалыптасқан, елді мекеннің ғана емес, аудан экономикасының дамуына үлес қосып отырған шаруашылықтардың бірі – Құмарық ауылындағы «Ернұр» шаруа қожалығы. Байсақалов Асқар Болатұлы бастаған еңбек ұжымы егін шаруашылығын негізгі бағыт етіп, жыл сайын жердің мүмкіндігін тиімді пайдалануға күш салып келеді. Жерге еңбек сіңірмей, оның берекесін көру мүмкін емес. Ауылшаруашылығымен айналысқан адам жақсы білетін ұстанымдардың бірі – осы. Қазір «Ернұр» шаруа қожалығының пайдалануында жалпы көлемі 8 мың гектар егістік жертіркелген. Мұндай ауқымды алқапты игеру де үлкен жауапкершілік. Әр гектардың өз есебі, әр науқанның өз талабы бар. Сондықтан шаруашылық жұмысы жыл он екі ай тоқтаусыз жүріп жатады.

2026 жылы қожалық осы 8 мың гектар егістік алқаптың барлығын толық игеруді жоспарлаған. Оның ішінде 5 500 гектарға бидай, 2 500 гектарға арпа және мал азықтық дақылдар себілді. 

Егіншілік табиғатпен етене еңбек етудің бір түрі. Қыстың қары, көктемнің жаңбыры, жаздың аптабы, күздің салқыны – мұның бәрі диқанның жұмыс ырғағына әсер етеді. Дегенмен шаруаның еңбегі ауа райына қарап тоқтамайды. Уақытында жер жыртып, дән себу, егісті күтіп-баптау, орақ науқанын дер кезінде ұйымдастырудың бәрі үлкен үйлесімділікті қажет етеді. Ал мұндай жұмыстың артында ең алдымен адам және техника тұр. Осы ретте «Ернұр» шаруа қожалығының техникалық әлеуетін де атап өткен жөн. Қожалық иелігінде 11 комбайн, 10 К-701 тракторы, 7 жүк көлігі, 3 «Беларусь» тракторы, 15 соқа, 2 ГАЗ-53 және 2 жанармай тасымалдаушы техника бар. Бұл техникалар егістік алқаптарын уақытылы игеруге, науқандық жұмыстарды жүйелі жүргізуге мүмкіндік береді. Әсіресе, егін орағы кезінде техниканың әрбір сағаты маңызды. Дән пісіп, алқап ораққа түскен шақта жұмысты созуға болмайды. Өйткені, егін уақытпен санасатын тіршілік. Бірер күннің өзінде ауа райы өзгеріп, шаруаның жоспарына әсер етуі мүмкін. Сондықтан орақ науқанына дайындық қожалық үшін аса жауапты кезең саналады.

Биылғы егін орағы жұмыстарына қажетті жанар-жағармай мәселесі де назардан тыс қалмаған. 2026 жылғы егін орағы жұмыстарын жүргізу үшін 1 600 тонна дизель отыны бөлінген. Ол ауқымды егістік алқабын жинауға қажетті маңызды ресурстың бірі. Ал кең алқаптың берекесін арттыратын сол техниканың тізгінін ұстап отырған білікті мамандар. Егін шаруашылығында механизатор еңбегінің орны ерекше. Қара жердің төсін тілген трактордың, піскен астықты оратын комбайнның рөлінде отырған азаматтың жұмысы жауапкершілікті талап етеді. Техникаға күтім жасау, ақауын дер кезінде анықтау, науқан кезінде белгіленген межені орындау, мұның бәрі кәсіби шеберлікті қажет етеді.

 

 

Еңбекпен еңсе тіктеген өңір

«Ернұр» шаруа қожалығында бүгінде 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал науқан кезінде жұмысшылар саны 30 адамға дейін көбейеді. Демек, шаруа қожалығының ауылдағы жұмыспен қамту мәселесіне де септігі тиіп отыр. Ауыл тұрғыны үшін туған жерінде тұрақты еңбек етіп, отбасына нәпақа табудың маңызы зор. Шаруашылықтың өндірістік жұмысы осылайша әлеуметтік мәнге де ие болып отыр.

Еңбекке қарай лайықты ақы төлеу де ұжымның жұмысындағы маңызды көрсеткіш. Егін ору науқаны кезінде комбайн механизаторларының жалақысы 2 млн теңгені құрайды. Ал шаруашылықтағы тұрақты 25 механизатордың ай сайынғы жалақысы 350-400 мың теңге көлемінде. Қожалықтағы жалақы көлемі ауылшаруашылығы саласындағы білікті мамандар еңбегінің бағаланатынын көрсетеді.

Шаруашылықтың өндірістік мүмкіндігі астықты өсірумен ғана шектелмейді. Жиналған өнімді сақтап, оны ысырапсыз әрі тиімді орналастыру да шаруаның маңызды міндеті. Осы мақсатта «Ернұр» шаруа қожалығында 20 мың тоннаға дейін астық сақтауға арналған қамба сыйымдылығы бар. Бұл шаруашылықтың өндірістік әлеуетін арттырып, алынған өнімді сақтауға мүмкіндік беретін маңызды база. Жалпы, ауыл шаруашылығы – бір маусыммен шектелетін жұмыс емес. Бір жылдың өнімі жиналып болған соң, келесі жылдың қамы басталады. Көктемгі егіс аяқталған тұста жазғы күтім, одан кейін егін орағы, артынша күзгі дала жұмыстары келеді. Яғни диқан үшін тынымсыз еңбек тоқтамайды. «Ернұр» шаруа қожалығы да жыл сайын алдына нақты мақсат қойып, сол межеге жетуге ұмтылып келеді. 2026 жылы шаруашылық 15 мың тонна астық алуды жоспарлап отыр. Өзіндік маңызға ие жоспар ұжымның өндірістік мүмкіндігін көрсететін ауқымды меже. Мұндай көлемдегі өнімге қол жеткізу үшін әрбір агротехникалық шараның сапалы орындалуы, техниканың сақадай сай болуы және еңбеккерлердің ауызбіршілігі қажет. Жоспардың орындалуы тек бір шаруашылықтың жетістігі емес. Өйткені ауылдағы әрбір өндірістік ұжымның жұмысы ауданның жалпы экономикалық көрсеткіштеріне әсер етеді. Шаруашылықта еңбек еткен азаматтың табысы ауылдағы отбасылық бюджетті толықтырады. Техника қозғалысы өндірістің жандануын білдіреді. Қамбаға түскен астық елдің азық-түлік қорына қосылған үлес. Осындай қарапайым көрінетін жұмыстардың жиынтығы үлкен экономикалық нәтижеге айналады.

Аудан әкімдігінің ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Азамат Маратұлының айтуынша, биылғы күзгі далалық жұмыстар барысында «Ернұр» шаруа қожалығының 8 мың гектар егістік алқабын толық игеру жоспарланып отыр. Бұл, расында, шаруашылықтың өндірістік қарқынын бәсеңдетпей, алдағы науқанға да тыңғылықты дайындалып отырғанын аңғартады.

– «Биыл шаруашылық үшін жауапты жыл. 8 мың гектар алқапты толық игеру және 15 мың тонна астық алу жоспары қойылып отыр. Әрине, ауылшаруашылығында ауа райы секілді сыртқы факторлардың әсері бар. Дегенмен техникалық база, еңбек ұжымы және дұрыс ұйымдастырылған жұмыс болса, межеге жетуге мүмкіндік мол. Біз де шаруашылықтардың жұмысына тиісті деңгейде қолдау көрсетіп, олардың мәселелерін шешуге ықпал етуге тырысамыз», – дейді Азамат Маратұлы.

Бүгінде елді мекендердің әлеуметтік жағдайын жақсартуда, ауыл экономикасын дамытуда осындай шаруашылықтардың орны айрықша. Себебі ауылдың дамуы ең алдымен ауылда өндірістің болуына байланысты. Өндіріс бар жерде жұмыс бар. Жұмыс бар жерде табыс бар. Ал табыс бар жерде ауылдың әлеуметтік ахуалы да тұрақтана түседі. Осы тұрғыдан қарағанда, «Ернұр» шаруа қожалығының жұмысы Құмарық ауылының ғана шаруасы емес, ауданның аграрлық әлеуетін арттыруға бағытталған ортақ іске қосылған үлес. 8 мың гектар жерді игеру, мыңдаған тонна астық өндіру, ондаған адамды жұмыспен қамтудың бәрі бір-бірімен сабақтас дүниелер. Ең бастысы, мұнда еңбекке деген көзқарас бар. Жерді бос қалдырмай, оның әр гектарын тиімді пайдалану, техникалық мүмкіндікті ұтымды қолдану, еңбек адамын ынталандыру  шаруашылықтың қалыптасқан жұмыс бағытын аңғартады. Ал жерге адал еңбек еткен адамның еңбегі қашанда жерде қалмайды.

Қорыта айтқанда, «Ернұр» шаруа қожалығы – Т.Рысқұлов ауданындағы егін шаруашылығының дамуына өзіндік үлес қосып келе жатқан еңбек ұжымдарының бірі. Қожалықтың 8 мың гектар алқапты игеріп, биыл 15 мың тонна астық алуды межелеуі ауылшаруашылығына деген сенімнің, еңбекке деген жауапкершіліктің айғағы.

Далаға себілген дән жай ғана тұқым емес, ол – ертеңгі күнге деген үміт. Ал сол үмітті ақтау үшін жердің тілін білетін, еңбектің қадірін түсінетін азаматтар керек. «Ернұр» ұжымының бүгінгі жұмысы да осыны көрсетеді. Құмарықтың кең даласында қозғалған әрбір техника, жерге түскен әрбір дән, қамбаға жиналған әрбір тонна астық  ел ырысын еселеуге жасалған нақты қадам. Елдің әл-ауқаты алыстағы үлкен істерден ғана емес, осындай күнделікті адал еңбектен құралады. Бір шаруашылықтың жетістігі бір ауылдың қуанышы, ал жүздеген осындай еңбек ұжымының табысы тұтас ауданның берекесі. Сондықтан жерге дән сеуіп, елге несібе өндіруді мұрат еткен «Ернұр» шаруа қожалығының еңбегі  құрметке лайық, нәтижесі ауданның ортақ жетістігі.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ,

Жамбыл облысы

Тұрар Рысқұлов ауданы

04.09.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27369
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26878
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 44208
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39962
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44549