Оралда жыл сайын дәстүрлі түрде балалар аула клубтары мен комьюнити орталықтар арасында спартакиада ойындары ұйымдастырылады.
Спартакиаданың биылғы маусымы «Балалар жылымен» орайлас келді. Сонымен қатар «Жастар есіркіге қарсы!» атты акция аясында өткізілді. Осыған байланысты Орал қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің 2021-2022 оқу жылында ұйымдастырған спорттық іс-шарасы жуырда өз мәресіне жетті. Спартакиада қорытындысы жарияланған салтанатты жиынға Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов спартакиада қатысушыларына алғысын білдіріп, командаларды марапаттады.
Мұндай спорттық шаралар салауатты өмір салтын қалыптастырып, жас ұрпақтың денсаулығын нығайтуға ықпал етеді. Қаланың әр шағынауданынан жиналған жас өрендер тартысты додада өз аула клубтарының намысын қорғады. Нәтижесінде «Достық» аула клубы бірінші орынға ие болса, «Жас шебер» аула клубы екінші, «Жұлдыз» комьюнити орталығы үшінші орыннан көрінді.
Тағы бір айта кетерлігі, дәстүрлі спартакиада жаңа оқу жылында өз жалғасын табатын болады.