Әнші Димаш Құдайбергеннің продюсерлігімен Түркістан қаласында бастау алған халықаралық «Көкжиектен асқан үн» (Voice Beyond Horizon) музыкалық жобасы өз жұмысын бастады. Мақсаты Қазақстанның мәдениеті мен туристік әлеуетін әлемге таныту және жас таланттарға жол ашу. Байқауға Қазақстан, Қытай, Италия, Сербия, Малайзия және Қырғызстаннан келген жас талант өнерпаздар қатысуда. Алғашқы бөлімдері киелі Түркістан қаласында түсірілді. Сондай-ақ жоба Маңғыстау, Ақмола облыстарын, Алматы және Астана қалаларын да қамтиды. Бағдарлама Қытайдың «Hunan TV», «Mango TV» платформаларында және Қазақстанда әр апта сайын «Qazaqstan» ұлттық арнасынан көрсетіліп отырады.
Бірінші эпизодтың жеңімпазы қазақстандық әнші Нұржас Садырбаев болды. Үздік үштікке сонымен қатар Цай Чэнъюй (Қытай) және Джулия Фальконе (Италия) енді. Нұржастың қаншама әлемнің түпкір-түпкірінен келген жезтаңдай әншілерінің ішінен суырылып алға шығуы бізді қатты қуантты. Димаш бұл жобада тек продюсер емес, сонымен қатар қазылар алқасының төрағасы және музыкалық сарапшы ретінде қатысуда. Түркістандағы түсірілімдер 2025 жылдың қыркүйек айында басталды және ол өте ауқымды деңгейде ұйымдастырылды.
Шетелдіктер халқымыздың бай салт-дәстүріне тәнті болды
Түсірілімдер Түркістанның ең көрікті әрі тарихи жерлерінде өтті. Олардың қатарында Қожа-Ахмет Иассауи кесенесі, Күлтөбе қалашығы, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі және қазақ халқының салт-дәстүрін паш ететін «Этноауыл» кешені бар. Шетелден келген жобаға қатысушы қонақтар қазақ халқының тарихи жерлерін көзбен көріп, оларды қызыға да тамсана аралады. Сондай-ақ Димаш өзі бастап біздің салт-дәстүрімізбен, ұлттық ойындарымызбен таныстырып, ұлттық тағамдарымыздан дәм таттырып, қонақжайлылығымызбен тәнті етті. Оның басқа тілде шұбарламай, бәрін өз ана тілінде сөйлеп таныстырғаны елін сүйетін нағыз патриот екенін көрсеткендей. Шетелдіктерге қазақ тілінің бай, әдемі де ғажап тіл екенін танытты. Қатысушылар үшін көне шаһардың таңғы әсем көріністері мен мыңжылдық қабырғалары ерекше шабыт көзі болды. Олар кәсіпкерлермен кездесіп, сұхбаттасты. Әсіресе күнбағыс алқабындағы көрініс өте ғажап еді! Кешке батып бара жатқан күнмен бірге күнбағыстар алтын түске малынғандай болды. Дихандар шетелдіктерге бұл өсімдікті қалай күтіп-баптау керектігін және одан қандай тағамдар өндірілетінін түсіндіріп берді.
Жоба авторы Димашқа сәттілік тілейміз!
Түсірілімге Димаш Құдайбергенмен бірге қытайлық «Hunan TV» телеарнасының мамандары және әлемдік деңгейдегі сарапшылар, соның ішінде «Грэмми» сыйлығының екі дүркін иегері Уолтер Афанасьефф қатысты. Бұл тек сахналық өнер көрсету емес, Қазақстанның туристік әлеуетін миллиардтаған көрерменге (тек Hunan TV аудиториясы 1,9 млрд адамнан асады) танытуға бағытталған реалити-шоу форматында өтті. Түркістаннан кейін түсірілім тобы еліміздің басқа да 5 аймағына аттанды. Жоба Маңғыстау, Ақмола облыстарын, Алматы және Астана қалаларын да қамтиды. Ендеше Қазақстанның мәдениеті мен туристік әлеуетін әлемге танытып, ана тіліміз бен салт-дәстүрімізді, тарихымызды насихаттап, жас таланттардың бойына рухани құндылықтарымызды сіңіруге зор үлес қосып жатқан өнерпаз Димашымызға сәттілік тілеп қояйық. Алдағы уақыттарда да біз түсірілім барысында қатысушылардың жаңалықтарынан хабардар етіп, жобаның жалғасын беріп отырмақпыз.
Шаргүл Қасымханқызы















