Биыл ақмолалық диқандар орақ науқанын жылдағыдан екі аптаға бұрын бастады. Оған күннің аптап ыстығы астықтың ерте пісіп, жетілуіне ықпал етті. Облыстық ауыл шаруашылық басқармасының мәліметі бойынша егін жинау нәтижесі төмендегідей. Диқандар бүгінде 1,6 млн гектар алқаптан 2 млн тонна астық жинады, орташа өнімділігі гектарына 12,2 центнер.
Жалпы өнімнің 40 пайызының құрамында ақуыз бен клейковина мөлшері жоғары, әлемдік нарықта сұранысқа ие Hi-Pro стандартына сәйкес келеді. Жиналған астықты 67 кәсіпорын қабылдайды және сыйымдылығы 7,3 млн тонна болатын 1,5 мыңға жуық қойма дайындалды. Биыл 8 млн тонна дәнді-дақыл жинауды жоспарланған. Агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға 316 млрд теңге қарастырылған. Қазіргі егін жинау науқанына 14 жарым мыңнан астам ауылшаруашылығы техникасы жұмылдырылды. Қазіргі жиналған өнім сапасы өте жақсы. Ауа райы да қолайлы. Басқарма мәліметінше, орақ науқаны өте қызу жүріп жатыр.















