Тамыз кеңесінде Қазақстанның олимпиадалық бағыттағы үздік 100 мектебінің қатарына Ақмола облысынан енген төрт мектептің бірі Ақмола облысы білім басқармасының Көкшетау қаласындағы Абай атындағы (қазақ тілінде оқытылатын) дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты болатын.
Бұл мектеп – өңірдегі дарынды балаларға қазақ тілінде сапалы білім беріп, олардың зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталған бірегей арнайы мамандандырылған оқу орны. Мұнда оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттырып, олимпиадалар мен зияткерлік байқауларға, ғылыми жобаларға жүйелі түрде дайындауға ерекше мән беріледі. Ұстаздар қауымы әр шәкірттің қабілетін танып, оны одан әрі шыңдауға, білім додаларында биіктен көрінуіне жол ашуға бар күш-жігерін жұмсап келеді. Бүгінде осындай толағай табыстарымен қуанышқа бөленіп, ел мерейін үстем етіп отырған білім ордасының директоры Құрмашева Анаргүл Назымбекқызы ханымды жеңісімен құттықтап, мектептің жетістігі мен алдағы жоспарлары жөнінде әңгімелескен едік. Басшының қуанышқа толы лебізін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Анаргүл Назымбекқызы, мектеп директоры:
– Бүгін мектебіміз үшін айрықша қуанышты әрі мерейлі сәт болды. Өйткені алдыңғы жылдардағы оқу қорытындысының нәтижесі бойынша мектебіміз былтыр алғаш рет Қазақстанның 100 үздік олимпиадалық мектебінің қатарына енсе, биыл бұл жоғары жетістікті тағы да қайталап, екінші рет еліміздің үздік жүздігінің қатарынан көрінді. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе әрі ұжым еңбегінің лайықты нәтижесі. Осы жоғары жетістігіміз үшін Ақмола облысының әкімі Марат Мұратұлы Ахметжановтың қолынан 5 млн теңге көлеміндегі ақшалай сертификатпен марапатталдық. Бұл – мектеп ұжымы үшін зор қуаныш, еңбегімізге берілген үлкен қолдау әрі алдағы мақсаттарға жігер беретін маңызды ынталандыру.
Бұл марапат – мектебімізде қалыптасқан жүйелі жұмыстың, сапалы білім беруге деген ұмтылыстың, олимпиадалық бағыттағы тынымсыз ізденіс пен нәтижелі еңбектің жоғары бағасы. Әр жетістіктің артында күнделікті көзге көріне бермейтін үлкен еңбек, табандылық пен жауапкершілік тұрады. Осы жеңістің артында шәкіртінің бойындағы қабілетті дер кезінде танып, білімін шыңдап, биік белестерге жетелеген ұстаздарымыздың қажырлы еңбегі бар. Білім додаларында мектеп намысын абыроймен қорғаған оқушыларымыздың талпынысы мен табандылығы, ізденісі мен жеңіске деген жігері де осы нәтижеге жол ашты. Сондай-ақ шәкірттеріне әрдайым сенім білдіріп, қолдау көрсетіп келе жатқан ата-аналарымыздың еңбегін де ерекше атап өткен жөн.
Ең бастысы – бұл бір мақсатқа жұмылған, бірлігі бекем, кәсіби әлеуеті жоғары мықты ұжымның ортақ жеңісі! Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, әрқайсысы өз міндетіне жауапкершілікпен қарайтын ұстаздар қауымының бірлескен еңбегі осындай биіктерге жеткізді.
Біз үшін бұл марапат – үлкен мәртебе ғана емес, сонымен бірге жаңа жетістіктерге жетелейтін зор жауапкершілік пен сенім. Үздік мектептер қатарынан көріну – жетістікке тоқмейілсуге емес, керісінше, алға қойған мақсаттарды еселей түсуге міндеттейді. Алдағы уақытта да білім сапасын арттырып, дарынды шәкірттеріміздің мүмкіндігін одан әрі дамытуға, олимпиадалар мен зияткерлік додаларда биік нәтижелерге қол жеткізуге бар күш-жігерімізді саламыз.
Мектебіміздің еңбегін жоғары бағалап, білім мен дарынды балаларды қолдауға көрсетіп отырған қолдауы үшін облыс әкімі Марат Мұратұлы Ахметжановқа шынайы алғысымызды білдіреміз!
Мықты ұстаз – мықты шәкірт.
Мықты шәкірт – мықты мектеп.
Мықты мектеп – бір мақсатқа жұмылған мықты ұжымның нәтижесі!
Жеңісті жолымыз жалғаса берсін! Алда – жаңа белестер мен жаңа жеңістер күтіп тұр, – деді.
Біз де мектеп ұжымының қуанышына ортақтасып, жаңа оқу жылында толайым табыс, биік белестер мен жаңа жеңістер тіледік.
Дахан ШӨКШИР,
Ақмола облысы















