Экономикалық өсім мен әлеуметтік жаңғыру дамыған аудан

Экономикалық өсім мен әлеуметтік жаңғыру  дамыған аудан

Жамбыл облысының басты аграрлы-индустриалды аймақтарының бірі – Тұрар Рысқұлов ауданы бүгінде серпінді даму кезеңінде. Жамбыл облысы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында есеп берген аудан әкімі Ернар Есіркепов өңірдің әлеуметтік-экономикалық тыныс-тіршілігін айғақтайтын маңызды көрсеткіштерді жария етті. Баяндамада айтылған деректер құрғақ цифрлар емес, аймақтың ішкі әлеуетінің артып, халықтың тұрмыс сапасының жаңа деңгейге көтеріліп жатқандығының айқын дәлелі сынды. Атап айтқанда, ауданда өндірілген жалпы өнім көлемі 21,3 млрд теңгеге жетіп, бекітілген межеден 3,2 млрд теңгеге артық орындалған. «Бұл көрсеткіштер – жергілікті билік пен аймақ еңбеккерлерінің бірлескен, үйлесімді жұмысының нәтижесі. Біз қол жеткізген табыспен тоқтап қалмай, даму қарқынын одан әрі үдете түсеміз», – деп атап өтті аудан басшысы Ернар Есіркепов.

Өңір экономикасын алға сүйрейтін қос қанат өнеркәсіп пен ауылшаруашылығы салаларында да өсім байқалады. Ауданның өнеркәсіп орындары 9,4 млрд теңгенің өнімін шығарып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексін 109,3 пайызға жеткізді. Ал ата-баба кәсібін заманауи технологиямен ұштастырған аграрлық секторда 5,9 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Мұнда әсіресе мал шаруашылығы қарқынды дамып, жоспарланғандан 0,8 млрд теңгеге артық өнім алынған. Ауданның жалпы жер қоры 908 мың гектардан асса, соның 761 мың гектарынан астамы – ауылшаруашылығы мақсатындағы құнарлы алқаптар. 

Биылғы жылы аймақ диқандары өңір үшін стратегиялық маңызы бар қант қызылшасының егіс көлемін арттырып, 11 шаруашылық 1 135 гектар жерге тәтті түбір екті. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау да ауқымды: көктемгі дала жұмыстарына 11 мың тоннадан астам жеңілдетілген дизель отыны литрі 281 теңгеден үлестіріліп, шаруалар 539,6 млн теңгеге 36 бірлік жаңа техника сатып алды. Сонымен қатар, ауылдағы ағайынның табысын еселеуге бағытталған «Ауыл Аманаты» жобасының 5-ші бағыты аясында 15 ауылдық округтің 121 тұрғынына 873,9 млн теңге несие беріліп, олардың жеке кәсібін дөңгелетуіне мүмкіндік жасалды.

Ауданның инвестициялық тартымдылығы – аймақ дамуының басты драйвері. Бес айдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 7,5 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 185,8 пайызға, яғни екі есеге жуық өскен. Қазірдің өзінде жалпы құны миллиардтаған теңгені құрайтын 5 ірі инвестициялық жоба іске қосылып, 98 тұрғын тұрақты жұмысқа орналасты. Олардың қатарында заманауи «Ханшатыр» мейрамханасы, «Дарын» оқыту орталығы, «Tausu» минералды су құю зауыты, «Golden Compass Capital» АҚ-ның тау-кен өндірісіне арналған алып техникалары және жылына 10 млн инкубациялық жұмыртқа шығаруды көздейтін «Gakku Qus» құс фабрикасының алғашқы кезеңі бар. Ал алдағы уақытта (2025-2027 жылдар аралығында) құны 40 млрд теңге болатын тағы 12 ірі жобаны іске асыру жоспарлануда. Баяндама барысында аудан әкімі бұл жоспарларға ерекше тоқталып: «Аудан аумағында жеке инвестиция тарту аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда құны 40 млрд теңгеге жуықтайтын 12 ірі инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Осы жобалардың сәтті орындалуы нәтижесінде жыл соңына дейін 560 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл жергілікті тұрғындарды еңбекпен қамту мәселесін шешудегі өте үлкен қадам», – деді. Осы жобалар аясында жаңбырлатып суару машиналарын құрастыру цехы, сүт өңдеу зауыты, автотіркеме шығару өндірісі және Катар мемлекетінің инвесторларымен бірлескен кварцит байыту фабрикасы (ГОК) бой көтереді. Сондай-ақ Батыс Қытай – Батыс Еуропа автодәлізінің бойындағы «Бауырсақ» сервистік кешені мен «Nazar Eco – Ferma» этно-туристік демалыс орындары аймақтың туристік әлеуетін арттырмақ.

Инфрақұрылымды жаңғырту мен халықтың әлеуметтік мұқтаждығын өтеу – аудан әкімдігінің басты назарында тұрған мәселе. Бүгінгі таңда аудандағы 42 елді мекеннің 35-і немесе халық санына шаққанда 99,4 пайызы көгілдір отынмен қамтылған. «Халықты мазалайтын ең негізгі мәселелердің бірі – ауызсу екені жасырын емес. Осы орайда үлкен қуанышпен айтқым келетіні, аудандағы 42 елді мекен 2025 жылдың қорытындысымен толық орталықтандырылған таза ауызсумен қамтамасыз етілді. Ендігі кезекте, тағы 3 елді мекендегі ауызсу жүйесін қайта жаңғырту бойынша 2,6 млрд теңгеге сұраныс республикалық бюджетке жолданды», – деді әкім елді мекендерді дамыту жайын сөз еткенде. Одан бөлек, Луговой ауылының жаңа мөлтек аудандарына су жеткізу үшін 1,1 млрд теңгенің жобалық құжаттары әзірленді. Жол сапасы да көңіл қуантады: аудандық маңызы бар жолдардың 98 пайызы, ал ішкі көшелердің 87 пайызы қанағаттанарлық деңгейде. Алдағы уақытта ұзындығы 69,9 шақырымды құрайтын 46 ішкі көше мен 5 аудандық жолды жөндеу үшін 2,8 млрд теңгеге бюджеттік өтінім жолданды. Ауылдарды абаттандыру жұмыстары да қалыс қалмай, 352 көшенің 311-і заманауи жарықтандыру жүйесімен қамтылған.

Ауданның мәдени және спорттық келбетін өзгертетін әлеуметтік нысандар құрылысы де қарқынды. Биыл жалпы құны 3,1 млрд теңге болатын 4 ауқымды нысанның құрылысы жүріп жатыр. Олар – Құлан ауылындағы жаңа спорт мектебі, Қарақат ауылындағы мектепке жапсарлас заманауи спорт залы, Жаңатұрмыс ауылындағы мәдениет үйі және жолаушылар үшін өте ыңғайлы болатын құны 2 млрд теңгелік жаңа Вокзал ғимараты. Мұнымен қоса, әлеуметтік әлсіз топтарды баспанамен қамту мақсатында бюджеттен 282 млн теңге бөлініп, 20 пәтер сатып алынды. Аймақтың экологиялық тазалығын сақтау мақсатында «Таза Қазақстан» акциясы аясында жыл басынан бері 115 мыңнан астам тал егілді, ал күзде «Жасыл белдеу» бағдарламасымен Жақсылық пен Өрнек ауылдарына тағы 20 мың ағаш отырғызылып, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 137 мың түпке жетпек.

Осындай кешенді реформалар мен мемлекеттік қолдау бағдарламаларының, сондай-ақ жаңа өндіріс орындарының ашылуының арқасында аудандағы жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайыздық тұрақты шекте сақталып отыр. Ең бастысы, атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылардың саны 76 шаңыраққа (немесе 472 адамға) азайған. «Тұрғындарымызды жұмыспен қамтып, әлеуметтік жағдайын көтеруде «Ауыл аманаты» жобасы аясындағы мемлекеттік қолдау шаралары мен іске асырылып жатқан инвестициялық жобалардың септігі орасан зор. Қазіргі уақытта аудандағы әлеуметтік-саяси ахуал толықтай тұрақты, жоспарланған жұмыстар бекітілген мерзімдерде сапалы жүзеге асырылады», – деп түйіндеді аудан басшысы өз сөзін. Аңғарғанымыздай, нақты жоспар мен жүйелі жұмыс бар жерде Тұрар Рысқұлов ауданының алар асуы әлі де биік болмақ.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ,

Жамбыл облысы

Т. Рысқұлов ауданы

02.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26188
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25637
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43024
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38837
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43430