Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті мен республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының бас директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті Сәуле Мешітбайқызы ауданымызға іссапармен келіп, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған №7 орта мектебінде кездесу өткізді.
“Ауыл тағдыры - ұлт болашағы” экспедициясының негізгі мақсаты - тұрғындарымен кездесу, өңірдегі өзекті мәселелерді анықтап оны тиісті орындарға жеткізу.

Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов, “AMANAT” партиясы аудандық филиланың төрағасы Индира Спаналиева және мектеп басшылары, ұстаздар қатысты. Өз сөзінде Сәуле Мешітбайқызы қазақ өркениеті, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тіл және өзге де ұлттық, отбасылық құндылықтар, жас ұрпақ тәрбиесі оның ішінде қыз балалардың тәрбиесі, қоғамдағы аналардың рөлі, ұлттық болмысымызды сақтаудың маңызы жайында кеңінен айтты. Бүгінгі таңда қоғамда белең алып отырған тұрмыстық зорлық-зомбылық, отбасы ішіндегі түсініспеушіліктер, сондай-ақ жастар арасында кездесетін жат қылықтар мен теріс әрекеттер ЕлАнасын қатты алаңдататынын айтты. Мұндай келеңсіздіктерге бейжай қарамай, жас ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды қалыптастыруда отбасы, әлеуметтік орта, қоғам, сондай-ақ, ата-ана ұстаздармен бірге үйлесім тауып жұмыстар атқарылу керектігін атап өтті. -Шындығында қазір теледидардағы жаңалықтардан баланың өз анасына қарсы шығуы, кейде тіпті ауыр қылмысқа барып, анасын өлтіруі сияқты сұмдық жағдайларды естіп жүрміз. Мұның бәрі тек қана жеке трагедия емес, қоғамдағы моральдық дағдарыстың көрінісі. Ал,бұған басты себепші - ұялы телефон. Жас ұрпақ кітап оқуға әуестенсе, жаңалықтарды газет-журналдардан оқыса, мұндай келеңсіздіктер орын алмаушы еді, - деді Сәуле Мешітбайқызы. Жиналған көпшілік ашық сұхбат алаңына көшіп, көтерілген тақырыпқа сай өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов өз сөзінде мектептерде еңбек сабағын қайта енгізудің маңыздылығына арнайы тоқталды. Оның айтуынша, еңбекке баулу – жас ұрпақтың бойында жауапкершілік, ұқыптылық пен өмірге бейімділік қалыптастыратын басты тәрбие құралы. «Қолымен істеп, еңбектің қадірін түсінген бала ертең қоғамға да, өзіне де пайдалы азамат болып қалыптасады», – деді ол. Сонымен қатар, Ол қазіргі вертикальді басқару жүйесінің тиімсіздігін атап өтіп, бұл жүйе жергілікті жердегі нақты мәселелерді дер кезінде шешуге мүмкіндік бермейтінін айтты. Оның пікірінше, білім беру мен медицина салалары ауданға тікелей қарау керектігін, бұл өңірдің әлеуметтік дамуына серпін беретінін айтты.
“AMANAT” партиясы Байзақ аудандық филиалының төрағасы Индира Спаналиева Жамбыл облысының республика бойынша қаржылық сауаттылығы төмен өңірлердің қатарында тұрғанына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында облыстың екінші орын алуы – бұл мәселеге бейжай қарауға болмайтынын көрсетеді. Осыған байланысты ол қаржылық сауаттылықты мектеп бағдарламасына енгізіп қана қоймай, оны балабақшадан бастап жүйелі түрде үйрету қажеттігін айтты. «Қаржыны дұрыс басқаруды бала кезден меңгермеген ұрпақ ертең қарызға тәуелді болып қалуы мүмкін», – деді ол.

Гагарин орта мектебінің директоры Шолпан Қайратқызы “Таза Қазақстан” акциясы аясында ұйымдастырылатын сенбіліктерге мұғалімдердің белсенді қатысуы қажет екенін атап өтті. «Қоршаған ортаның тазалығы – баршаға ортақ міндет. Бұл жұмысқа атсалысудан ешкімнің абыройы кемімейді, керісінше азаматтық жауапкершілік артады», – деді ол. Сонымен қатар, педагогтердің газет-журналдарға жазылып, қоғамдағы өзгерістер мен жаңалықтардан хабардар болуы олардың ақпараттық сауаттылығын арттыратынын да тілге тиек етті.
Ал Көктал орта мектебінің директоры Аят Сенбекұлы алғашқы әскери дайындық пәнінің мазмұнын қайта қарау қажеттігін көтерді.«Тек суретпен немесе түсіндірумен шектелсек, нәтиже болмайды. Оқушы қару-жарақ пен құрал-саймандарды өз көзімен көріп, қолымен ұстап үйренуі тиіс», – деді ол. Директордың пікірінше, нақты іс-тәжірибе арқылы берілген білім ғана жастардың ел қорғауға дайын болуына негіз болады.
№5 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Элмира Киберова Тәуелсіздік күніне қатысты өз ұсынысын ортаға салды. Ол 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні өтпей тұрып, мекемелерде жаңа жылдық дайындықты бастамау, шырша тігу жұмыстарын кейінге қалдыру қажет екенін айтты. Сонымен қатар, бұл мәселеде мемлекет тарапынан нақты ықпал болуы керектігін жеткізді.
ЕлАнасы кездесуді қорытындылай келе, ұлттың болашағы – жастар, ал жас ұрпақты тәрбиелейтін ата-ана екенін айтты. “Ата-ана - баланың айнасы, үйдегі тәрбие – қоғамның тірегі. Егер әйел өз бойын түзесе, ұрпақ имандылыққа, жауапкершілікке үйренсе, баланың кітап оқуы да, дәстүрді сақтау да, адалдық пен сыйластықты сезінуі де тұла бойында қалыптасады. Ұлт тек қана білімді, мәдениетті адамдардың арқасында ғана сақталып, өркендейді. Сондықтан әрбір отбасы, ата-ана рухани құндылықтарды баласының бойына сіңірсе, қоғамдағы моральдық дағдарыс азайып, ұрпақ сауатты да саналы болып өседі,”- деді.
Кездесу соңында Сәуле Мешітбайқызы аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымовқа шынайы ризашылығын білдіріп, ұлттық өрнекпен безендірілген, қолөнер шеберінің талғамымен жасалған қамшыны сыйға тартты.
Байзақ ауданы, “Ақпараттық медиа орталығының” тілшісі Айжамал Уразалиева










