Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов Тәуелсіздік мерекесіне орай облыстың дамуына айрақша еңбек сіңірген азаматтармен кездесіп, мемлекеттік наградалармен марапаттады.
Бұл – еліміздің ең ұлық мерекесі Тәуелсіздік күніне орай ел ағаларына жасалған зор құрмет. Себебі бұл кісілер бар ғұмырын еліміздің дамуы мен өркендеуіне арнаған тұлғалар. Яғни 30 жыл ішінде қандай жетістікке жетсек, соның барлығы осы азаматтардың қолымен жасалып отыр.
– Тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бастап өзінің адал әрі қажырлы еңбегімен мемлекетіміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқан адамдар бар. Ең бастысы, сіздер бұл қызметті Отанға деген сүйіспеншілікпен атқардыңыздар. Ерен еңбектеріңіз бен туған жерге деген шексіз махаббаттарыңыз үшін алғыс айтамын, – деді Әбілқайыр Бақтыбайұлы.
Тәуелсіздік күніне орай Павлодар облысының 60 тұрғыны мемлекеттік наградалармен марапатталды. Еңбек ардагері және Құрметті теміржолшы Әби Сарқыншақов «Парасат» орденімен, ардагер ұстаз Мауытхан Оралжан «Құрмет» орденімен марапатталды. Өңірлік қоғамдық кеңестің хатшысы Хелуа Кашкенова мен №1 Павлодар қалалық ауруханасының бөлімше меңгерушісі Махмұд Махмұдовқа «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды. Сондай-ақ конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығының басшысы Гүлнәз Раздықова «Шапағат» медалімен марапатталса, Қоғам қайраткері Тито Сыздықов «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медалімен наградталды. Сонымен бірге Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамоталары Нұрлан Нәбиев, Николай Чмых, Александр Рюмкин, Александр Вербнякқа сынды азаматтарға табысталды.