Бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ел экономикасының маңызды бағыттары – геология және жер қойнауын пайдалану саласын дамыту, цифрландыру үдерістерін жеделдету, сондай-ақ халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Жиында жауапты мемлекеттік органдар мен ведомство басшылары саладағы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасап, негізгі жетістіктер мен алдағы жоспарларды ұсынды.
Премьер-министр министрліктер мен жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырмалар беріп, аталған салалардың дамуы экономикалық өсім мен халықтың өмір сапасын арттыруда шешуші рөл атқаратынын атап өтті.
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан Үкімет отырысында жер қойнауын пайдалану және геологиялық барлау саласындағы ахуал туралы баяндады. Ол қазір ел бойынша 103-тен астам түрлі пайдалы қазба және 10 мыңға жуық кен орны мемлекеттік есепке алынғанын, сондай-ақ, қолданыста 2,9 мыңнан астам лицензия және 250-ге жуық қатты пайдалы қазбалар бойынша келісім-шарт бар екенін айтты.
«Геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде алғаш рет 5 кен орыны мемлекеттік есепке алынды. Олар – Көк-Жон, Алтын-Шоко, Самомбет, Студенческий және Тақыр-Қалжыр кен орындары. Қор көлемі 98 тонна алтынға, 36 мың тонна мысқа, 11 миллион тонна марганецке және 1,3 миллион тонна фосфоритке артты», – деп атап өтті Иран Шархан.
Айтуынша, Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстанда елдің геологиялық-геофизикалық зерттелуін 2,2 млн шаршы шақырымға дейін кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол бүгінде шамамен 2 млн шаршы шақырым зерттелгенін айтты.
«Аталған тәсіл бойынша 2026-2028 жылдары 100 мың шаршы шақырым аумақ зерттелетін болады. Одан кейін жыл сайын 30 мың шаршы шақырымнан қамтылады», – деді Иран Шархан.
Жұмысты жеделдету үшін 20 жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге Үкімет резервінен 240 млн теңге бөлініп, геологиялық түсірудің жаңа стандарттары бекітілгені атап өтілді.
Цифрландыру – геология саласының жаңа бағыты
Геологиялық зерттеулердің келешегі – цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект. 2024 жылы іске қосылған minerals.e-qazyna.kz жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы енгізілді, онда геология және жер қойнауын пайдалану саласындағы 22 мемлекеттік көрсетілетін қызметтер цифрландырылды.
Бұл шешім саланың ашықтығын арттырып, бизнес пен инвесторлар үшін қолжетімді және түсінікті экожүйе қалыптастырды.
Қазіргі таңда геологиялық барлау саласында қашықтықтан зондтау, 3D-модельдеу және спутниктік картографиялау әдістері белсенді енгізіліп жатыр. Бұл технологиялар уақыт пен қаржыны үнемдеуге, барлау дәлдігін арттыруға мүмкіндік береді.
2030 жылға дейінгі геология тұжырымдамасы тұрақты даму мақсаттарына сай әзірленген. Онда экологиялық мониторингті күшейту, кен игеру жобаларының әлеуметтік жауапкершілігін арттыру және климаттық тәуекелдерді басқару тетіктері қарастырылған.
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі қазір Бірыңғай платформа арқылы 66 мыңнан астам геологиялық есепті онлайн алуға мүмкіндік бар екенін жеткізді. Сонымен қатар бастапқы геологиялық ақпаратты да цифрландыру жүргізілуде.
«Бүгінде оның 73%-ы электронды форматқа ауыстырылды, жыл соңына дейін 97%-ға жетпек. Ал толық цифрландыруды келесі жылы аяқтау көзделіп отыр», – деді Иран Шархан.
Геологиялық талдау сапасын арттыру мақсатында «Ұлттық геологиялық қызмет» базасында жаңа заманауи зертханалық кешен құрылатын айтты. Ол жобада зертханадан бөлек қор сақтау және керн қоймасы ғимараттары да қарастырылғанын атап өтті. Бұл елімізде бірыңғай геологиялық деректер базасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Бүгінде құрылыс жұмыстарына Астана қаласынан 4 гектар жер учаскесі бөлінді. Жоба құны – 14 млрд теңге. Зертханалық кешенді 2028 жылдың желтоқсан айында іске қосу жоспарлануда», – деді Иран Шархан.
Ол жүргізіліп жатқан реформалар саланың ашықтығы мен тартымдылығын арттырып, инвестиция көлемінің жыл сайын өсуіне ықпал етуде екенін айтты. Бүгінгі таңда ірі инвестициялар геологиялық барлау жобаларын жүзеге асыруда табысты, тәжірибесі мол «Тау-Кен Самұрық» Ұлттық тау-кен компаниясы арқылы тартылып жатыр. Компания Fortescue, Esan сияқты ірі халықаралық серіктестерді тартып, 21 бірлескен кәсіпорын құрды, 72 миллиард теңгеден астам инвестиция салынды және 8 кен орны зерттеліп, мемлекеттік балансқа алынды.
«Қазіргі уақытта 5 пилоттық жоба – Жосабай, Құйрықтыкөл, Қаратас, Нұра-Талды, Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты учаскелерінде жұмыстар жүргізілуде. 2028 жылы бұл жобалар бойынша қорларды JORC стандартына сай есепке қою жоспарлануда. Осыған орай мемлекет мүддесін қорғау үшін «Тау-Кен Самұрыққа» жер қойнауын пайдалану бойынша басым құқық беру қарастырылуда», – деді вице-министр.
Жер қойнауына қатысты 320-дан астам келісімшарт жасалды
Үкімет отырысында энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев 2025 жылдың 9 айында геологиялық барлауға салыған инвестиция көлемі 80 млрд теңгені құрағанын хабарлады. Ол бүгінгі таңда көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың жалпы саны 324 екенін, оның ішінде барлау – 15, барлау және өндіру – 170, өндіру – 131, ӨБК – 8 болғанын айтты.
«2023 және 2024 жылдары жер қойнауын пайдаланушылар геологиялық барлауға тиісінше 150 млрд және 160 млрд теңге инвестициялады. 2025 жылдың 9 айында геологиялық барлауға салыған инвестиция көлемі 80 млрд теңгені құрады. Жыл соңына дейін геологиялық барлауға салынатын инвестиция көлемі алдыңғы жылдардың деңгейінен кем болмайды деп күтілуде», – деп атап өтті Қайырхан Тұтқышбаев.
Қазіргі уақытта мұнай саласында шамамен 220 мың адам еңбек етеді, оған өндіру, өңдеу, тасымалдау және мұнай сервисі кіреді. Вице-министр кен пайдалану саласындағы аукциондардың ашықтығын қамтамасыз етуге қатысты жасалып жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Ол 2020 жылдан бері аукциондарды өткізу рәсімі толығымен автоматтандырылғанын, сауда-саттықтар e-qazyna.kz порталында өткізілетінін, бұл оны барынша ашық ететінін жеткізді. Мәселен, биыл министрлік 2 аукцион өткізген, оның нәтижесінде 11 келісімшарт жасалған. Бюджетке 10,6 млрд теңге аударылған. Алдағы 6 жылға барлауға $71,6 млн инвестиция тартылып отыр.
«Қазақстан Республикасының Жер қойнауын пайдалануды басқарудың мемлекеттік бірыңғай жүйесі (БМБЖ) ақпараттық жүйесінде хабарламалар электрондық түрде жолданады. Жыл сайынғы мониторинг нәтижесінде 2024 жылы жер қойнауын пайдаланушылардың атына жалпы сомасы шамамен 19 млрд теңге болатын келісімшарттық міндеттемелерді бұзу туралы 167 хабарлама жолданды. Бүгінгі таңда мемлекеттік бюджетке шамамен 2 млрд теңге төленді. Бұл жұмыстар министрліктің тұрақты бақылауында», – деп атап өтті Қайырхан Тұтқышбаев.
Министрлік қабылдаған келісімшарттық міндеттемелер ұзақ уақыт орындалмай бос тұрған жер қойнауы телімдеріне ревизия жасау жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде биыл 17 келісімшартты бұзды.
Халықаралық серіктестік және ғылым интеграциясы
Қазақстан геологиялық барлауды дамытуда халықаралық ынтымақтастыққа ерекше мән беріп отыр. 2023–2025 жылдары Канада, Австралия және Оңтүстік Кореяның жетекші агенттіктерімен әріптестік орнатылды.
Бұл келісімдер жаңа технологиялар тартуға, зерттеу әдістемелерін жетілдіруге және кадрлар біліктілігін арттыруға жол ашты. Сонымен қатар, халықаралық форумдар мен көрмелерде Қазақстанның минералдық әлеуеті кеңінен таныстырылып, шетелдік инвесторлардың қызығушылығы артып келеді.
Қорыта атқанда, геология – Қазақстан экономикасының стратегиялық саласы. Табиғи ресурстарды игеру тек шикізат өндірумен шектелмейді, ол өңірлік даму, жаңа жұмыс орындары, инновация және экспорттық әлеует үшін маңызды қозғаушы күш.
Саланы цифрландыру, жасыл технологияларды енгізу және халықаралық әріптестікті кеңейту – еліміздің минералдық-шикізат базасын тиімді әрі жауапты игеруге мүмкіндік береді.
Болашақта геология тек пайдалы қазбаларды барлау саласы емес, ұлттық экономикалық қауіпсіздік пен тұрақты дамудың негізі ретінде өз рөлін нығайта түсетіні анық.













