Еліміздің «теңіз қақпасы» жүк тасымалын екі есеге арттырды

Еліміздің   «теңіз қақпасы»  жүк тасымалын екі   есеге арттырды

Ел экономикасының дамуында екпінді ықпалға ие  қазақстандық теңіз порттары көлік-логистикалық және инфрақұрылымдық-сервистік әлеуетін арттыруды, сондай-ақ «Қазақстан теміржолы» АҚ-мен бірлесе «Транскаспий халықаралық көлік бағдарымен» экспорттық  жүк тасымалын ұлғайтуды көздеп отыр. Дүйсенбі күні бір топ БАҚ өкілдері арнайы экономикалық аймақтағы стратегиялық нысандарға барып, тыныс-тірлігімен танысты. 

Ақтау теңіз порты көпфункционалды кешені – халықаралық көлік дәліздері қиылысатын ең ірі көлік торабы. Еліміздің теңіз қақпасы арқылы оңтүстік, орталық Азия, Қытай, Әзірбайжан, Түркия және ЕуроОдақ елдеріне жүк тасымалдары жүргізіледі. Сондықтан облыс аумағында көлік-логистикалық хабты дамыту ел Үкіметінің басты назарында.

«Биыл ақпан айында Ақтау теңіз порты арқылы 1657  ЖФЭ контейнерге жүк тиеу көлемі орындалып, сәуір айында бұл көрсеткіш екі есеге ұлғайды. Биыл контейнерлік жүк тасымалы екі есеге – 50 мың ЖФЭ көлеміне дейін өскен. Ал «Транскаспий халықаралық көлік бағдары» бойынша тасымал көлемі алты есеге, яғни 3,2 млн тоннаға дейін артты. Соңғы кездегі Еуразия кеңістігінде орнаған геосаяси жағдайға байланысты  дәстүрлі халықаралық  көлік-транзиттік бағдарларға  балама бағыттар басымдыққа  ие болуда. Біз осы сәтті пайдалана отыра, отандық теңіз порттары мен  сауда флотының әлеуетті мүмкіндіктерін толық жүзеге асыруға жұмыс жасауымыз керек. Құжаттарды рәсімдеу үдерісін бірыңғай цифрландыру,  соның ішінде кедендік рәсімдеулерді оңтайландыру, порттардың өзара әрекеттесуін ынталандыру үшін қызметтерге қол жеткізудің бірдей шарттарын енгізу секілді маңызды мәселелерге назар аударуымыз қажет. Ақтау портының инфрақұрылымдық қуаты 120 ЖФЭ-ге тең. Қазіргі таңда жүк тасымалдайтын арнайы техникаларды сатып алуды жоспарлап отырмыз. Атап айтсақ, крандар, контейнерлік тиегіштер мен жүк тиегіштердің санын көбейту арқылы толық қуатта жұмыс істеуді көздеудеміз», – деп атап өтті «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» ҰК» АҚ  президенті Абай Түрікпенбаев. 

Ақтау порты соңғы 3 жылда екі мыңға жуық кеме қабылдаса, ауыстырып тиелген әртүрлі жүктер (мұнай және мұнай өнімдері, металл, астық және өзге де жүктер) көлемі 10 млн тоннадан асқан. 2022 жылдың 4 айында 1,2 млн тоннадан астам жүк ауыстырып тиелсе, оның ішінде импортқа – 110 мың тонна, экспортқа 1 млн 96 мың тонна жөнелтілді.

«Биыл ақпан айына дейін теңіз айлағына 3 кеме ғана аялдайтын. Бүгінде олардың саны 6-ға жетіп отыр. Тамыз айында және жыл аяғына дейін екі мамандандырылған кеме  теңізге түсіріледі. Бұның барлығы контейнерлерді тиеу үлесін ұлғайтады», – деді А.Түрікпенбаев.  

 «Ақтау теңіз портына» қарасты қойма алаңдарында жүктерді сапалы және сенімді сақтау үшін барлық жағдайлар жасалған. Ауданы 80 мың шаршы метрді құрайтын ашық қойма алаңдарында бір мезгілде 2 500 контейнерді сақтауға болады. Жабық транзиттік қойма  ауданы 2 мың шаршы метрді құрайды. Порт аумағында өлшемелі-бірлікті және габаритті емес жүктерді өңдеуге арналған үш әмбебап құрғақ жүк айлағы бар. Астықты қайта тиеу және жүкті көлденең өңдеу әдісімен кемелерді өңдеуге арналған тағы бір айлақ жұмыс істеуде. 

Голрох Жеменей
09.06.2022

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 828
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 6902
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10738
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 6971
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7111