Ит мәселесі қазір мемлекетіміздің үлкен бас ауруына айналып отыр. Тіптен итті қорғау жөнінде заң да шығарып қойғанын жақсы білеміз. Оның бір тал жүнін жұлсаң немесе саусақпен түртсең, бәлеге қаласың. Сотталасың, әкімшілік жазаға тартыласың. Бұрын бұралқы иттер көбейіп кеткенде оларды атып, өлтіріп құтылатын едік. Енді оған рұқсат жоқ. Қазір бүкіл даламызда, қаламызда қаңғыбас иттер қаптап кетті. Адамдарды талап жатыр. Әсіресе балаларымыз көп зардап шегуде. Халық үрей үстінде.
Енді не істейміз? Осылай талана береміз бе? Өздеріңізге аян, әлемде адам саны көбейіп кетті деп, бір қара күш иелері небір ауру, індеттерді ойлап тапты. Қырып та жатыр, қырылып та жатыр. Иттерге де осындай әрекеттер жасармыз. Жо-жоқ, олай етсең, бірден жазаға тартыласың. Президент сайлауы кезінде үміткер ханша: «Иттерге арнаулы үйлер соғу керек. Мен Президент болсам, оларды өз қамқорлығыма аламын», – деп, өз шешімін айтқан. Қазақтардың көбісі баспанасыз. Ал барлық қаржымызды иттерге бөлсек, мемлекетіміз тақырға отырып қалуы ғажап емес. Жақында үкімет қабаған иттерді сабасына түсіру үшін жаңа әдіс ойлап тапты. Ол – иттерді піштіру. Осылай етсе, ит біткен бірде-бір тірі жанды қабу түгілі сес те көрсете алмайды екен. Өте күлкілі нәрсе. Бірақ қашанда халықпен ақылдаспайтын әдетімен бұл заңды да үкімет шығарып жіберді. Әп-сәтте миллиондаған қаржы да бөлінді. Сенбей жүргенбіз, өткен аптада ауылға барсақ, әкім қиналып отыр. Ауданға 16 миллион теңге бөлінген. Осы ақшаға иттерді ұстап алып, піштіру керек. Далада қаңғып жүрген иттерді қалай ұстамақ? Мінеки, проблема! Кейде ойланасың, біздің мемлекет басында кімдер отыр? Алдымен адамға деген қамқорлықты күшейту керек емес пе? Мәселен жаңа туған нәрестеге бар болғаны 105 мың теңге бір рет берілсе, ал айына 21 мың теңгеден ғана ақша бөлінеді екен. Бұл болмашы қаражат жас отбасыға жетпейтіні анық. Бәрі, бәрі қымбат қой, қымбат! Итке миллиондап ақша бөлгенше, неге осы игілікті іске, адамға қамқорлық жасамайды деген ой туындайды. Өкінішке қарай, оны ойлап отырған билік жоқ.
Сонымен қазір ауылда да, қалада да иттерді жаппай піштіру басталмақ. Ал піштірдік делік. Содан соң итекең адамдарға шабуылын жалғастыра берсе ше? Кімге күлкі, кімге түрткі? Онда үкіметтегілер тағы да күлкіге ұшырамай ма? Оны да көрелік. Біздің халық не көрмеген десеңізші...