Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен: «Өңірдегі барлық салаларды жетілдіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде»

Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен: «Өңірдегі барлық салаларды  жетілдіру бағытында  жүйелі жұмыстар жүргізілуде»

«Qazaqstan dauiri» газетінің  «Әділет» партиясы,  ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі,  ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Ауыл» партиясы, «Ардагерлер кеңесі» РҚБ,  «ЕлАна» сайты, «Мөлдір бұлақ» журналымен бірлескен «Цифрлық Қазақстан ауылы – ұлт руханиятының қайнар көзі: Жасанды интеллект, Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстан, «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп», Инновациялық даму, Ұлттық жад, Ұлттық рух – елді көркейту жолындағы Президентіміздің салиқалы саясаты – дәстүрлі экспедицияның алтын арқауы» атты дәстүрлі экспедициясы Ұлытау облысында

 

Құрметті оқырман! 

Ұлытау өңірі облыс болып бекігелі үлкен жетістіктерге қол жеткізіп жатыр. Оны экспедиция барысында анық аңғардық.

Қай елді мекенді болсын басшысы өрге сүйрейді. Халқына арқа сүйейді! Халқы да іскер әкімді қолдайды. Қорғайды.

Қазақ атамыз жас келсе іске деп бекер айтпапты. Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен өңірдің өңін кіргізіп, жаңа облыстың үстіне “қазақы шапан” кигізіп, ұлттық болмысты айшықтап, елдің еңсесін көтеруге бар күш-жігерін салып жатқаны байқалады. “Іске сәт” дегіміз келеді!

Жасарған, жаңарған өңірді үнемі халықтың назарына ұсыну үшін, газетімізден “Ұлытау – ұлт ұясы” деген жаңа айдар ашып жатырмыз. Ондағы мақсат – Ұлытауды ұлықтап, ұлылардың табаны тиген аймақтың жағымды жаңалықтарын республика көлеміне таныстырып отыру. Сонымен бірге жаңа әкімнің жаңашылдығы мен біліктілігіне сүйсініп,  президент сеніміне селкеу түсірмейтін іскерлігіне үміт артып отырғанымызды жасырмаймыз.

«Цифрлық Қазақстан ауылы – ұлт руханиятының қайнар көзі: Жасанды интеллект, Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстан, «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп», инновациялық даму, ұлттық жад, ұлттық рух – елді көркейту жолындағы Президентіміздің салиқалы саясаты – дәстүрлі экспедицияның алтын арқауы» атты дәстүрлі экспедиция аясында газетіміздің басшысы Сәуле Мешітбайқызының жетекшілігімен Ұлытау облысына барып қайтқан болатынбыз. Сол сапар барысында өңір басшысы Есет Байкеннің қабылдауында болып, сұхбаттасқан едік. Осы сұхбатты сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

ДАМУ, ИНВЕСТИЦИЯ ЖӘНЕ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР 

Ұлытау – қазақ халқының тарихы мен ұлттық руханиятының алтын бесігі. Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуымен, елдік дәстүрімізбен және тарихи тұлғаларымыздың өмір жолымен біте қайнасқан қасиетті өлке. 2022 жылғы 8 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен құрылған Ұлытау облысы бүгінде жаңа даму кезеңіне қадам басты. Құрамына Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалалары мен Ұлытау, Жаңаарқа аудандары кіретін өңірдің негізгі даму бағыттары – өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы, туризм және цифрландыру. Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында жаңа облыс құру – экономикалық қана емес, рухани тұрғыдан да маңызды шешім болды. Тарихы терең, табиғи байлығы мол өлкенің бүгінгі тыныс-тіршілігі мен болашақ даму бағдары – осы сұхбаттың негізгі арқауы.

 

– Есет Берікұлы, Президентіміз Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құру экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім екенін айтқан болатын. Құрылғанына төртінші жылға аяқ басқан Ұлытау облысының бүгінгі беталысы қандай? Осы уақыт ішінде өңірдің дамуында қандай өзгерістер болды?

– Ұлытау облысының құрылуы – тарихи шешім. Бұл шешім өңірдің экономикалық, әлеуметтік және инфрақұрылымдық әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берді.

Соңғы жылдары облыста бірқатар маңызды бастамалар қолға алынды. Инженерлік инфрақұрылымды жаңарту, жол құрылысы, инвестиция тарту, өндірісті дамыту, денсаулық сақтау мен білім беру салаларын жетілдіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Әрине, шешімін күткен мәселелер де бар. Дегенмен бүгінгі нәтижелер өңірдің даму бағыты дұрыс қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Ең бастысы – бұл жұмыстар Үкіметтің қолдауымен, инвесторлармен және ірі өндірістік компаниялармен бірлесіп жүзеге асырылуда.

– Өңір тұрғындарын толғандыратын негізгі және жиі айтылатын мәселелердің бірі – жол және инженерлік инфрақұрылым. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Инфрақұрылым – кез келген өңірдің орнықты дамуының негізі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкіметтің қолдауымен облыста 30-ға жуық әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысанды жаңғырту жұмыстары басталды. Сонымен қатар көлік қатынасын жақсарту бағытында маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Жезқазған – Арқалық автомобиль жолының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілсе, көптен күткен Жезқазған – Қызылорда автожолының да құрылысы аяқталып қалды. Ал Жезқазған – Қарағанды бағытындағы жол құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл жобалар облыстың көлік-логистикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, кәсіпкерлік пен сауданың дамуына, жаңа инвестициялардың тартылуына да ықпал етеді.

– Инвестиция тарту – өңір экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің бірі. Бүгінде Ұлытау облысының инвестициялық әлеуеті қандай?

– Инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша облыс экономикасына 328,7 млрд теңге инвестиция тартылды. Бүгінде бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Олардың қатарында көкөніс қоймасын салу, «Үлкен Қытай» кен орнындағы кен қалдықтарын өңдеу, «Harvest Agro» агроөнеркәсіптік кластерін құру және өнеркәсіптік аймақтың құрылысын іске асыру бар. 2030 жылға дейін «Батыс Қаражал» кен орнын игеру, жылу-электр орталығында газ-турбиналық қондырғысы бар аралас циклді электр станциясын салу және сұйылтылған табиғи газ өндіретін зауытты іске асыру жоспарланған. Біз үшін инвестиция көлемі ғана емес, оның өңір тұрғындарына беретін нақты пайдасы маңызды. Әрбір жаңа жоба жұмыс орындарын ашуға, өндірісті дамытуға және халықтың табысын арттыруға ықпал етуі тиіс.

– Есет Берікұлы, Жезқазған қаласындағы экологиялық ахуал да көп жылдан бері өзекті. Тіпті бұл туралы әлеуметтік желіде көп айтылады. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде?

– Экологиялық мәселелерді шешу – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Әсіресе, өндірістік қалалардың экологиялық жағдайын жақсарту маңызды.

Осы ретте «Қазақмыс» корпорациясының Жезқазған мыс балқыту зауытында күкірт қышқылы цехының құрылысын бастауы – маңызды қадам.

Бұл жоба өндірісті жаңғыртуға, экологиялық жүктемені төмендетуге және қоршаған ортаға түсетін әсерді азайтуға бағытталған. Біз өндірістік кәсіпорындармен бірлескен жұмысты жалғастырып, экологиялық қауіпсіздік талаптарының сақталуына басымдық береміз. Өйткені өңірдің экономикалық дамуы мен тұрғындардың өмір сапасы қатар жүруі керек.

 

Денсаулық сақтау,  өмір сапасы – басты назарда

 

– Әлеуметтік салаға тоқталсақ. Денсаулық сақтау бағытында қандай маңызды жобалар жүзеге асырылуда?

– Халықтың денсаулығы мен өмір сапасы – басты құндылықтарымыздың бірі. Сондықтан денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөліп отырмыз.

Жезқазған қаласындағы облыстық көпсалалы аурухананы жаңғырту аясында 100 орындық онкологиялық орталық салу жоспарланған. Құрылыс-монтаж жұмыстары жақын арада басталады. Ұлытау ауданында ауысымына 100 адам қабылдайтын аурухананың құрылысы жүргізілуде. Нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделген. Сонымен қатар 2027 жылы Жәйрем кентінде аурухананың жаңа корпусын салу және Жезқазған қаласындағы облыстық көпсалалы аурухана жанынан перинаталдық орталық салу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, жеке инвестиция есебінен Жезқазған қаласында 250 келушіге арналған, құны 8 миллиард теңгелік жаңа емхананың құрылысы басталды. 

– Білім беру саласында да бірқатар жаңалық бар екенін білеміз. Соның ішінде Ұлытау техникалық университетінің ашылуы өңір үшін қаншалықты маңызды?

– Бұл – облыстың болашағы үшін стратегиялық маңызы бар жоба. Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл Ұлытау техникалық университеті алғашқы студенттерін қабылдап, жұмысын бастады. Университеттің ашылуы өңірде жоғары білім беру жүйесін дамытуға, өндіріс орындарына қажетті білікті мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен 2026 жылы жалпы құны 1,5 млрд теңгеге 90 оқу кабинетін заманауи құрал-жабдықтармен және жиһаздармен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.

Ал келесі оқу жылында 2000 орындық BINOM мектебін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ Жезқазған қаласында 600 орындық жатақханасы бар ұлдар мен қыздарға арналған «Білім-Инновация» лицейін салу көзделген. Біз үшін әрбір баланың сапалы білім алуына жағдай жасау – болашаққа салынған инвестиция.

– Әлеуметтік қолдау мен тұрғын үй мәселесі де тұрғындар үшін аса маңызды. Осы бағытта қандай жаңа мүмкіндіктер қарастырылған?

– Тұрғын үй мәселесін шешу – халықтың әл-ауқатын арттырудағы маңызды бағыттардың бірі. Осы мақсатта облыс әкімдігі мен «Отбасы банк» арасында өңірде «Ұлытау баспана» бағдарламасын іске қосу жөнінде келісім жасалды. Бағдарламаның басты ерекшелігі – оған ірі және орта бизнес өкілдері де қатыса алады. Яғни кәсіпорындар өз қызметкерлерінің тұрғын үй жағдайын жақсартуға үлес қосу мүмкіндігіне ие болады. Қазіргі уақытта алғашқы әлеуетті серіктестер бағдарламаны жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдірді. Біздің міндетіміз – тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға қолдау көрсетудің тиімді тетіктерін қалыптастыру және бұл бағыттағы әріптестікті кеңейту.

– Бәрекелді! Ұлытау облысының жаңа тынысы ашылғанын көріп отырмыз. Енді алдағы уақытта облыс орталығының келбеті қалай өзгереді? Қандай ірі әлеуметтік нысандар бой көтереді?

– Жезқазған қаласының инфрақұрылымын дамытуға және тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасауға бағытталған бірқатар жобалар жоспарланған. «Қазақмыс» корпорациясы келесі жылдың бірінші жартыжылдығында қалада 800 көрерменге арналған Конгресс-орталық, теннис орталығы және жаңа стадион құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамымен жасалған келісім аясында мүгедектігі бар балаларға арналған 100 орындық оңалту орталығы мен заманауи инклюзивті спорт кешені салынады. Бұл нысандар қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеріп, тұрғындар үшін қосымша мүмкіндіктер қалыптастырады.

– Есет Берікұлы, сұхбатыңызға рақмет! Ұлытау облысының дамуы – ұлт тарихының жаңғыруы, ұлт ұясының қайта түлеп, рухани құндылықтарымыздың жаңаша жаңғыруымен тығыз байланысты. Тарихы терең, тағылымы мол Ұлытаудың әлеуеті артып, өңірдің өркендеуіне бағытталған бастамалар жүзеге аса берсін! Ұлытаудың мерейі өсіп, мәртебесі биіктей берсін!

 

Сұхбаттасқан – Гүлден ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

Ұлытау облысы

 

13.11.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 29511
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 29075
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 46319
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 41918
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 46656