Мемлекет басшысының энергетика секторын жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында елордада жылу қуаты тапшылығы жойылды. №3 ЖЭО-ның бірінші кезеңі мен «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу стансаларының іске қосылуы нәтижесінде Астананың жылу қуаты 30%-ға артты (+1100 Гкал/сағат).
Ұзақ мерзімді қажеттілікті қамтамасыз ету мақсатында биыл №3 ЖЭО жабдықтарын көмірді резервтік отын ретінде пайдалануға бейімдеу жұмыстары аяқталады. Оның аясында ұсақтау кешені мен теміржол инфрақұрылымы іске қосылады. Сонымен қатар, жеке инвестициялар есебінен қуаты 500 МВт болатын бу-газ қондырғысының жобасы әзірленуде. Салынып жатқан «Тельман» ГЖС-ын 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Қалдықтарды басқару жүйесінде де ауқымды өзгерістер жүзеге асырылып жатыр. Қолданыстағы қалалық полигонда 2,2 млн тонна қалдық жинақталған. Осыған байланысты Shenzhen Energy Group Co. Ltd компаниясымен бірлесіп Орталық Азиядағы бірегей жоба – «Астана энергиясы» экопаркі қалдықтарды жағу зауытының құрылысы басталды.
Жобаны іске асыру мерзімі – үш жыл. Зауыт жылына 550 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықты өңдей алады. Мұнда 90 тұрақты жұмыс орны ашылып, қызметкерлер шетелде арнайы даярлықтан өтеді. Стансаның қуаттылығы жылына 330 млн кВт/сағат электр энергиясын құрайды. Оның 280 млн кВт/сағаты таза электр энергиясы ретінде қаланың энергетикалық жүйесіне бағытталады.














