Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде азық-түлік бағалаларын тұрақтандыру, оның ішінде, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының халыққа қолжетімді болуын қамтамасыз ету мәселелері жан-жақты талқыланды.
Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының инфляциясы жыл басынан бері 0,1 пайызды құраған.
Статистикалық мәліметке сәйкес, соңғы бір апта ішінде 2 тауар түрінің бағасы көтерілген. Атап айтқанда, айран 0,6, тауық жұмыртқасы 0,8 пайызға өскен.
Басқарма басшысы айран бағасы маусымаралық кезеңге байланысты қымбаттағанын, ал тауық жұмыртқасы өзіндік бағасының қымбаттауымен байланысты екенін жеткізіп, талдау жұмыстарының қорытындысына тоқталды.
- Қарақұмық жармасы, күріш және 1-сортты бидай ұны тауарларына интервенция жүргізілді. Нәтижесінде бұл тауарлардың статистикадағы бағасы тұрақталды. Өткен жылы 101 рет комиссия отырысы өтіп, 70 факт анықталып, жойылды. Жамбыл облысы артық делдалдық буынды жоюда басқа өңірлермен салыстырғанда төртінші орында тұр. Соңғы аптада 965 сауда дүкеніне түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда сауда дүкендерімен және ауылшаруашылық тауар өндірушілермен сауда үстемақысын 15 пайыздан асырмауға сәйкес меморандумға отыру жұмыстары басталды, - деді А. Сейсебаев.
Облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысының орынбасары Байқадам Дүйсенбаевтың сөзінше, өткен жылы ірі сауда желілеріне 51 тексеріс жүргізіліп, 35 кәсіпкерлікке ескерту берілген. Ал, биыл 72 заңбұзушылық факті анықталған.
Аймақ басшысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы қашанда бақылауда болу қажеттігіне айрықша тоқталды.
Облыс әкімі бұл ретте уәкілетті атқарушы органдардың әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлардың белгіленген мөлшердегі баға үстемесін сақтау бойынша үгіт-насихат жұмыстарының маңыздылығына тоқталды.
Облыс әкімі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын заңсыз көтерген кәсіпкерлік субъектілеріне байланысты қабылданған шаралар бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы қажеттігін тапсырды.
Сондай-ақ, жиында өңірде көкөністерді сақтау қоймаларының, жылыжайлардың санын арттыру мәселелесі де сараланды.