Халықаралық әйелдер күніне орай К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының «Баласағұн» орталық концерт залында салтанатты жиын өтті.
Мерекелік шарада облыс әкімі Ербол Қарашөкеев әйелдер қауымын мерекемен құттықтады.
Аймақ басшысы нәзік жандардың қоғамдағы рөлі ерекше екенін, олардың облыстың дамуына қосып жүрген елеулі үлесін айрықша атап өтті.
— Бұл мереке, ең алдымен, аналарымызға деген шынайы құрметіміздің белгісі. Ана – өмір бастауы. Біз әлемдегі бар жақсылық пен мол мейірімді аяулы аналарымыздан аламыз. Осы ретте көп бала тәрбиелеп отырған аналар мен жетім балалар қамқорлығына алған әйелдерге шынайым алғысымды білдіремін, — деген облыс әкімі Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен елімізде ана мен балаға айрықша көңіл бөлінетінін баса айтты.
Бүгінде облысымызда 46 мыңнан аса көпбалалы ана болса, оның ішінде, «Алтын алқа» иегерлері 6 мыңға жуық, «Күміс алқа» иегерлері 11 мыңнан асады.
Биыл 4 мыңнан астам отбасына атаулы әлеуметтік көмек көрсетіліп, жәрдемақылар берілген.
Өңір басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берген әйел-аналарға ризашылығын білдірді.
— Сіздер білім беру және денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, өнеркәсіп салаларында кәсіпқойлық пен жанқиярлық танытып, қиындығы мол ішкі істер органдарында абыройлы қызмет атқарып жүрсіздер. Осынау мүмкіндікті пайдалана отырып, отбасына қамқор болып, ер азаматтармен иық тіресе, мемлекет пен қоғамның игілігі үшін еңбек ететін барлық әйелдерге алғыс айтамын, — деді Ербол Қарашөкеев.
Жалпы, облыста кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы санының 42 пайызын әйелдер басқарады. Сондай-ақ білім саласындағы қызметкерлердің 75, денсаулық сақтау саласында 85 пайызын және үкіметтік емес ұйымдарда жұмыс істейтіндердің үштен екісін әйелдер қауымы құрайды.
Салтанатты жиында облыс әкімі бірқатар көп балалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» табыстады. Сонымен қатар, өзге де нәзік жандарды «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапаттады.
Мерекелік шара К.Әзірбаев атындағы облыстық филармония өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.