ЕРТІСТІҢ ЕКІ ЖАҒАСЫ – ШЕКАРАНЫҢ САҒАСЫ

ЕРТІСТІҢ ЕКІ ЖАҒАСЫ – ШЕКАРАНЫҢ САҒАСЫ

«Ауыл аманаты – ел аманаты» атты «Аманат» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайты, «Qazaqstan dauiri» газеті, «Мөлдір бұлақ» журналының бірлескен экспедициясы Павлодар облысында

 

 

 

ПАВЛОДАРДАҒЫ ЖЫЛЫМЫҚ

Қазанның 21-і күні солтүстіктегі тағы бір шұрайлы алқап, Ертістің екі жағасына етегін кеңге салып жатқан Павлодар облысына келдім. Түстен кейін «AMANAT»-тың облыстық филиалында Ішкі саясат, білім басқармасы, ауылшаруашылығы басқармасы бас қосып, Ішкі саясат басқармасының басшысы Сейдуманов Әлинұр Серікұлы, «AMANAT» партиясы атқарушы хатшысының міндетін атқарушы Мұхамедиярова Айнұр Абылайқызы, Ұйымдастыру бөлімінің бастығы Дулат Жүмадилов, Павлодар облыстық Білім басқармасы басшысы Айтқазина Самал Оспанқызының орынбасары болып ақылдасып, 22-23 қазандағы іс-шаралардың ретін белгілеп, баратын бағытымызды айқындадық. 22 қазан таңғы сағат 9-да «AMANAT» берген көлікпен әкімшіліктен Бекболат мырза, «Qazaqstan dauiri» газетінің осы облыстағы меншікті тілшісі Тілеуберді Сахаба үшеуміз Ақсу мен Май ауданына жолға шықтық. 

Алдымен 150 км жердегі Май ауданына қарасты Малайсары мектебіне тоқтадық. Алдымыздан мектеп директоры Анар Ахметқызы қарсы алды. Мектеп табалдырығын аттаған сәттен көзімізге де, көңіл күйімізге де өзгеше әсер ететін жағымды көріністер мен жарқын үлгілерге кездестік. 100 баласы бар шағын мектеп болса да, жүрекке жылы, айтуға лайық табыстарымен таңғалдырды. Ол туралы сәлден соң жазамын. Онан шыққан соң Май ауданы орталығындағы Ауған соғысының батыры «Ерсін Мұқашев атындағы» аралас мектепті көріп, мектеп директоры Тұяқов Ернар Арманұлымен сұхбат құрып, оқу орнының өткені мен бүгінгісін көз алдымыздан өткіздік. Осы мектепте отырғанымызда Аудандық білім бөлімінің басшысы Еңсебаев Руслан Ерікұлы келіп амандасты. Ол ауданның оқу-білім жағын таныстыра келе, жуықта ғана жарық көрген «Май елі – тарихы терең, болашағы жарқын өлке» деген суретті альбомды сыйлады. Қайтар жолымызда Ақсудың Еңбек ауылындағы «Қабікен» шаруа қожалығына соғып, ауыл еңбеккерлерінің тыныс-тіршілігімен таныстық. Шаруашылықтың қожайыны Ерболат Қабікенұлын әңгімеге тарттық. Жекешелендірудің алғашқы жылдарында 1994 жылы құрылған «Қабікен» шаруа қожалығы 30 жылдан бері біртіндеп дамып, мал басы артып келеді екен. «Жүргенге жөргем ілінеді» деп, біз Керекуде Ертістің бойын жағалап кеттік. Билік пен халықты, Астана мен ауылды жалғастыруға ақпараттық қызметін атқарып келе жатқан «Qazaqstan dauiri» 18 жылдан бері экспедицияны жалғастырып келеді. Кабинетте отырып мақала жазу бір бөлек те, тау асып, тас басып жүріп шалғайдағы шаруалармен, жер түбіндегі мектептермен кездесу мүлде басқа. Міне, бұл «Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының даралық сипаты. Алматыдан мың, екі мың шақырым алыстағы журналымыздың оқырмандарына жолыққанда кездесудің әсері өзгеше болады екен. Ертесі 23 қазандағы кездесуімізді Павлодар қаласы дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназиядан бастадық. Гимназия директоры Шабажанова Салтанат Қалиасқарқызы алдымыздан шығып күтіп алды. Сөзі нық, ойы ұшқыр, қимылы қағылез басшы мектепті толық көрсетіп таныстырып шықты. Үш қабатты аралау барысында мектепке тән тазалық, реттілік, білімге құштарлықтың ортасы екенін сезіндік. Онанда маңыздысы әр басқан қадам сайын Абай рухы, Абай даналығы алдымыздан айғайлап шығып тұрды. Бұл өзгешеліктің шәкірттерге де ықпалының зор болатынын байқадық. 1937 жылы ашылған мектеп 1940 жылы Қазақстан бойынша Абай атын алған екі мектептің бірі екен. Біріншісі сол кездегі Семей (Абай) облысы Абай ауданы қарауындағы Абай мектебі болса, екіншісі, осы біз барған гимназия екен. Содан бері бұл мектептен мыңдаған түлектер қанат қағып Отанымызға еңбек етіп, тер төгіп келеді. Солардың бірі көрнекті жазушы, мемлекеттік сыйлықтың иегері, «Ертіс мұхитқа құяды», «Абайдың жұмбағы» романдарының авторы Рамазан Тоқтаров осы мектептің түлегі. Кіре берістен жазушының портретін, мұражайдан арнаулы бұрышын көріп, қаламгерге, руханиятқа құрмет көрсеткен мектепке риза болдық. Екінші тоқтаған жеріміз қала маңындағы Кемеңгер ауылы болды. Солтүстік болған соң, мектептің көбі қазақ пен орыс аралас. Кемеңгерліктер де солай. 500-ге жуық оқушысы бар білім ұясын Бейсекеева Анар Адаққызы басқарады. Дәл біз барғанда «Ақберен» шығармашылық байқауының облыстық іріктеу кезеңінен Дияс деген оқушысы 3-орын алып келіп отыр екен. Демек, шығармашылыққа ықылас, ынтасы бар балаларды баулып отырғаны анық. Осыдан бұрын Солтүстік Қазақстанды аралап қайтып едім. Бұл жолы барған Павлодар облысы да Ресеймен шекаралас өңір.

Екі облысты салыстырар болсам, Петропавл жақта әлі де империяның иісі бұрқырап тұр. Қалада Ресей телеарналары, көшеде орыстілді жұрт, ауыл, елді мекен аттары әлі де сол «...овка», «...евка» деген жазулармен сіресіп тұр. Ал, Павлодар өңірінде мұз еріп, сең қозғалған секілді. Көше, елді мекен аттары қазақшалана бастапты. Бұл да болса көз қуанышы екені анық.

 

ТҮЛЕКТЕРІ 100 ПАЙЫЗ ГРАНТҚА ТҮСЕТІН МЕКТЕПТЕР

Жетібаева Анар Ахметқызы, Павлодар облысы Май ауданы Малайсары жалпы орта білім беру мектебінің директоры:

 – Мектебіміздің іргетасы 1933 жылы қаланған. 1933-1937 жылдары Маралды бастауыш мектебі деп аталды. Біраз тарихи кезеңдерді басынан кешіріп, 1996 жылы Малайсары мектебі болып ауысты. 1988 жылы мектеп жаңа ғимаратқа көшті. Мектептің жобалық қуаты 624 орынға арналған. Мектепте 21 оқу кабинеті, оның ішінде жаңа модификациялық 6 кабинет, сонымен қатар 2 спорт зал, 1 асхана, 1 акт зал бар. 2023 жылы 235 миллион қаржы бөлініп, мектепті жөндеу арқылы соңғы үдерістерге сай жаңарту жұмыстары жасалды. Мектеп қауіпсіздік жүйелерімен қамтылып, кабинеттерге жиһаздар қойылды. Мектепте 20 жоғары, 1 арнаулы білімі бар 21 мұғалім жұмыс істейді. Сапалық құрамы 85 пайыз, 100 оқушы оқиды. Тағы бір айтарым – бұл ауылда тұратын басқа ұлт өкілдері де балаларын қазақ тілінде оқуға беріпті. Ауылдың көпэтносты болуына қарамастан, мектеп бірыңғай қазақ тілінде оқиды. Соңғы 6 жылдың ішінде демеушілердің көмегімен 10 кабинет ашылды, мектепке жалпы 200 миллион теңгеден астам ақшалай көмек көрсетілді. Соңғы 7 жылда мектеп бітірген оқушылар 100 пайыз жоғары оқу орындарына грантқа түсуде. Мектеп директоры ретінде 2022 жылы Астана қаласында өткен Қазақстанның ауыл әйелдерінің V форумы аясында «Білім беру жүйесіндегі үздік әйел басшы» номинациясымен марапатталдым. Бұрындары бітіріп кеткен мектеп түлектерінің қолдауымен әр тоқсан сайын үздікпен аяқтаған оқушыларға 15 мың теңге шәкіртақы беріледі. Жоғары оқу орнына түскен түлекке 100 мың теңге көлемінде ақшалай сертификат табысталады. 2024 жылы Павлодар облысы бойынша «Орта білім беретін үздік ұйым» номинациясына ие болып, 64 миллион теңге мөлшерінде грантқа ие болдық. Биология, физика, химия секілді 6 кабинет осы заманғы талаптарға сай жабдықталып, ұстаздың сабақ беруіне де, шәкірттің қызығып білім алуына да барынша жағдай жасалған. Сынып толық озық технологиямен жұмыс істеп тұр. Әр қабат сайын жылдамдығы жоғары интернет орнатылған. Айта берсек, ондай артықшылықтар мен ерекшеліктер мол. Осы жағдайға жетудің басты себебі, аудан, облыс, республикалық дәрежедегі қолдаудың арқасы. Онан соң осы Малайсары ауылынан бітірген 90 жылдың ішіндегі әр салада, әр шалғайда жүрген түлектер өздерінің ыстық ұяларына деген сүйіспеншілікпен ылғида қолдаушылық танытып, демеушілік жасап келеді. Осылайша ауданда, облыста жоқ озық дүниелер бізде бар. Біз сол түлектердің басын қосып, ортақ пікірге ұйымдастырып келеміз. Сапалы білім оқушылардың білім алуын, қызығушылығын, ұмтылысын арттырып, өз нәтижесін көрсетуде. Тазалық пен тәртіп, саналы түрде ортаға бейімделу оқушылардың әдетіне айналды. Көп жылдан бері балалар мектепке телефонсыз келеді. Мектепте сабақ оқиды, қосымшаларға қатысады, тапсырмаларын орындайды. Осылайша өздерін өздері басқарып, әлеуметтік желіге деген тәуелділік мүлде жоқ. Әр бала ауыл мектебінде оқып жүргенімен, қаланың ең үздік деген жағдайынан бір де кем емес. Малайсарыда бір таңдаулы дәстүр қалыптасты. Жоғары білім алған, кәсіпкерліктен табысқа жеткен түлектер өздерінің ұшқан ұясына әркез қол ұшын беріп қарайласып отырады. Буыннан буынға жалғасып тарихи дәстүр болып қалыптасып келеді. «Отан отбасынан басталады» деп, өзінің мекеніне, балалық шағының бал дәурені өткен ауылын көтеру арқылы жалпы мемлекетіміздің дамуына тамшыдай болса да үлестерін болуда.

 МАЛШЫ ДА, МЕХАНИЗАТОР ДА ЖЕТІСПЕЙДІ

Рақманқұлов Ерболат Қабікенұлы, Павлодар облысы Ақсу ауданы Еңбек ауылындағы «Қабікен» шаруа қожалығының басшысы:

– Даңғыл жол жоқ. Бәрі де соқпақтар мен қиындықтардан басталады. Мен 1957 жылы туғанмын. Сонау 1994 жылы шаруа қожалығын ашып, алғашында егінмен айналыстық. Соңғы жылдары бірыңғай мал шаруашылығымен шұғылданып жатырмыз. Бірінші бағытымыз – сауын сиырлар ұстап, сүт өткіземіз. Тағы бір жағынан мал бордақылауды да қолға алдық. Мұнда тоғайда шабындық жеріміз бар, қырда жайылым бар. Қырдағы мал мен қожалықтағы жұмыстарды 5 адам істеп жүр. Өзім және балам Рамазан қожалықтың жұмысына қараймыз. Орайы келгенде айта кетейін, осы кезде шаруа қожалықтарына жұмыскер жетіспейді. Мұнда жұмыскерлерге үй тегін, тамақ, өзге де тұрмыстық жағдайы жасалған, жайлауда барлық жағдайы бар екі бөлмелі вагон бар. Жұмысшыларға төленетін айлық еңбекақы жаман емес, зейнеткерлік қорға ақшасы аударылады. Сөйте тұра, адамдар ауылда тұрып жұмыс істегісі келмейді. Малшы да, механизатор да қат болып тұр. Ал, жастар жағы тіпті жоламайды. Бұл бәріміздің басымыздан өтіп жатқан хал-ахуал.

Тоғайда шабындықтан 180 гектар бар, 640 гектар жайылымдық жер бар, қолдағы 200-дің үстіндегі малға жеткілікті жерім бар. Жылқыны көп ұстаған жоқпын, бір айғыр үйір жетеді. Өзгесі қара мал сиыр түлігі. Қойды да өзіміздің тұтынуымызға лайықтап 60 тұяқ бағып отырмыз. Ақбас сиыр етке арналған, симменталь нәсілі сүтке арналған. Бағдарлама бойынша мемлекетте көмек беріп жатыр. Төрт миллион теңгеге толық жабдықталған көшпелі вагон берді. Ток шығаратын мотор, интернет, тоңазытқыш – бәрі бар. Мен оны малшыларға жайлауға апарып қойып бердім. Үкіметтен субсидия мал басына 13 мың теңге береді. 

Нәсілді бұқалар алғаным үшін оның жарты ақшасын төлеп береді. Үйде сүтті суытып сақтайтын аппарат бар, жиналған соң Павлодардан сүт таситын машина (молоковоз) келіп, өздері әкетеді. Бізден 170 теңгемен сатып алады. Жазда сүт көбейгенде одан да төмен болады. Ауылдың орталығында дүкеніміз, кафеміз бар. Оның бәрі жұмыс істеп тұр. Ауыл адамдары өткізген сүттеріне не ақшасын алады, не дүкеннен азық-түлік алады. Осылайша біз де өз әлімізше халыққа қызмет көрсетіп келеміз. 

 

Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ,

Республикалық «Мөлдір бұлақ»

журналының бас редакторы

05.11.2024

Ұқсас жаңалықтар

Төбет – қазақтың ұлттық бренді
Жасұлан АБДИҒҰЛОВ, Қуат НҰРҒАЛИЕВ, әуесқой итбегілер - 09.12.2024 196
Жамбыл облысында 500-ге жуық мемлекеттік қызметшінің құқықтары қорғалды
Р.Ш.Шарипов ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 09.12.2024 26
ЖОЛДАР ТАЗАЛАНЫП, ИНЕРТТІ ЗАТТАР СЕБІЛІП ЖАТЫР
Сарысу ауданы әкімдігі - 08.12.2024 31
Шымкент – ауылшаруашылығына қолайлы өңір
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 08.12.2024 211
Шығыста шаруа қазаны қаз-қаз қайнап тұр
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 08.12.2024 211
АБАЙ ЕЛІНДЕ АЛАШТЫҢ РУХЫ БАР
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 08.12.2024 228
Шымкент – ауылшаруашылығына қолайлы өңір
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 08.12.2024 211
Ақмола астық жинаудан рекордтық көрсеткішке жетті
Дайындаған – Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 07.12.2024 199
РЕСЕЙ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КӨКСЕГЕНІ НЕ?
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 07.12.2024 194
Ән өнерінің саңлағы
Саяжан ҚАЙДАР - 06.12.2024 217
ТҮРЛЕНГЕН ТҮРКІСТАН, ҒИБРАТЫ МОЛ КИЕЛІ МЕКЕН
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 06.12.2024 207
Тоқсанның төріндегі театр
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 06.12.2024 215

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 10492
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 9471
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 12707
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 11677
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 16689