ДІНИ САУАТТЫЛЫҚ ЖӘНЕ ИНТЕРНЕТ (Киіз кітаптан электрондық кітапқа дейін)

ДІНИ САУАТТЫЛЫҚ ЖӘНЕ ИНТЕРНЕТ  (Киіз кітаптан электрондық кітапқа дейін)

Қазір дүние жүзінде қарыштап дамып жатқан ақпараттық технология діни рәсім мен жоралғыны іске асыруды едәуір жеңілдете түсті. Дәстүрлі уағыздар мен ақиқатты әлемге жеткізудің ыңғайлы әдістері, тиімді тәсілдері пайда болды. Оны әлеуметтік желіні белсенді пайдаланушылар, яғни көзі ашық қауым растай алады.

Мысалы, ислам интернетінде зерттеушілер мен қызығушылар үшін түрлі электрондық өнімдер орналастырылған. Құран сүрелері, діни қисса, бәйіт жинақтары, мәтіндердің түпнұсқасы мен аудармалары, өзге де ислам кітап, жинақтарының көшірмелері күн санап көбейіп жатыр. 

Атап айтқанда, 120 мың хадис жинағының электрондық нұсқасы енгізіліпті. Көне араб, парсы тілдерінің түсіндірме сөздігін де интернет көмегімен пайдалана аласыз. Қысқасын айтқанда, ниеті түзу ынталы жанға дініміз жайында білім жинап, білікті әңгіме қозғауға мүмкіндік беретін танымдық материал мен әдебиет жеткілікті деуге әбден болады. 

Сонымен бірге еліміздің дәстүрлі сенім мен ар-ождан қағидаттарымен ұштаспайтын, қоғам дамуына тұсау салатын, зардабы мол жазбалар, жалаң үгітке құрылған күмәнді, күлдібадам дүниелер де сапырылысып жатыр. 

Ғылыми дәлелі әлсіз, бұрмаланған уағыздар ұрпақты әдет-ғұрыптан, ата-баба мұрасынан, тіпті дінінен бездіруі бек мүмкін.

Жалпы, адамзат тарихында заманымыздың 610 - 632 жылдары Мекке мен Мединада Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) арқылы ислам жұртшылығына жеткізілген Жаратқанның кәлламы - Құран сүрелері ең сенімді, ең шынайы түпнұсқа саналатыны белгілі. Оның әр аяты, сөзі, тіркесі, сөйлемі, қаріпі ерекше қасиетке ие.  Әрине, мұны сезінуге, қабылдауға көп факторлар әсер етеді. Мысалы, исламға дейінгі түрлі халықтық сенім-нанымның, дәстүрдің әсерін жоққа шығара алмаймыз. 

Сонымен бірге, хақ дініміз ғылым мен білімді ғибадаттан жоғары қояды. Осының өзі және ғұлама Абай ғақлиясы, қажы Шәкәрімнің терең танымы, мұра жинаушы Мәшһүр Жүсіптің тұжырымдары ел санасын, рухани танымын дұрыс жолға салуға ықпал етуі тиіс деп санаймыз. 

Ұлтымыздың уызы бұзылмаған тұстағы даналардың ата дінді түсіндіру бастамаларын қазіргі уағызшылар әрқашан ескергені жөн. Ең басты шарт - бодандыққа кіріптар, жолсыздыққа тәуелді қоғамдық сананы қилы "комплекстен" арылту. Дәуір талабына сай рухани білім жинаған, оны үнемі жетілдіре білген басқа да тұлғалардың тәуекелшілдігін, әділ ісін білмей, мұрасын терең меңгермей қайбір замандастарымыздың жұртқа "ақыл айтуын" әбестік деп білеміз. 

Түрлі нәрсені ойдан шығарып, қитұрқы қылықтарымен ел санасына араласып жүргендердің пиғылы қоғамның наразылығын туғызады. Өйткені, ата-баба ұстанған жолды мойындамау - өткеніңді тәрк етумен бірдей. Ал, дәстүрді құбыжық көру - өз тамырыңды кесіп,  кітаптарды өртегенмен тең. Тарихта орны толмас ондай өкініштер болған. 

Жалпы, сенім турасында, имандылық жөнінде қисынсызды қиыстыруға әуес топтың сөзі тобырға өтуі мүмкін, бірақ көзі ашық қауым қабылдамайды.

Бұл - отаршылдық езгісінде әбден жаншылған, жәбірленген ұлтымыздың рухын оятудың жолы емес. 

Сондай-ақ, жаппай молдаларға жала жабу да өткен дәуірдің елесіндей, советтік биліктің сарқыншағындай көрінеді. Біздіңше, олардың білімі мен білігін көпті көрген сауатты, салақиятты қариялар, ілімі мол ғалымдар мен сол саланың білгір мамандары елеп-екшеп, анықтағаны әділ болар еді. 

Шәкәрім қажы:

“Жақсы мен жаманды, таза мен ылайды айыру үшін “дария көрген адам” болуың шарт” деп тегін айтпаса керек.

Қазір - бәсеке заманы. Сондықтан жақсы мен жаманды айырудың, кез келген адамның ісі мен сөзінің парқын білудің, теріс ағымды терістеудің маңызы бұрынғыдан да өзекті.

Аз еліміздегі мұсылман қауымын біріктірудің орнына “масхабы бөлек, ағымы басқа” деп бөлшектеу күшейіп барады. Онсыз да шырғалаңы көп аума-төкпе заманда адасып жүрген жастарға тура жолды кім көрсетеді?  

Сыртқы күштер, оның ішінде түрлі дінді қолжаулық етушілер де бар. Олар ешқашан осал болмайды. Білдірмей жұмсайтын күштердің қатарында да бұл сала жетекші орын алады.

Сонымен бірге, дінге қызығушылардың көпшілігінің сауаты шала, естігеніне еріп кетеді. Айталық, қасиетті Құранда дүлей күштер мен тыйым салынған білімнің көмегімен жасалатын сиқыр ұғымының 23 рет қайталанатынынан, хадистерде оның өлім жазасы белгіленген жеті күнәнің біріне жатқызылғанынан мүлдем хабарсыз болуы да мүмкін.

Тарихқа үңілсек, ислам дінін ХҮ ғасырдан бастап саяси ұпай жинауға, өзге де мүдделерді қорғауға да тарта бастағаны белгілі. Соның барысында Жаратушы құдыретін танудың ең биігі ретінде - ұлық Алланың атын пайдалану арқылы күш қолдануға, билік етуге жол берілді. Оны бүкіл дүние жүзі әлі күнге дейін ұмытқан жоқ

Әрине, дүние бір орнында тұрмайды, көп нәрсе өзгеріп жатыр. Ислам әлемінде тағаттылық танытып, сабырлық сақтайтын қауымдар да бар, тірі адамның суретін салуға қатаң тыйымды елемейтін жұрттар да жеткілікті. Ғылым мен білім, өзге салаларда көптеген жаңалық ашқандармен қатар керітартпа пиғыл танытқандар да болды.

Қазір діни сауаттылықты арттыруға мол мүмкіндік бар. Отбасы тұрақтылығын, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тәрбие мен тәлімге ден қойып, имандылық, ұлттық бірегейлік құндылықтарын дәріптеуге бет бұру маңызды. 

Айталық, діни білім жүйесіне жасанды интеллект мүмкіндігін пайдалану жат емес. Өйткені, пайдалы білімдерді оқуды бірізге келтірген елдер өркениет жетістіктерін дамытып, ең озық технологиялық жетістіктерді қолдануға көшті. Көштен қалмау үшін Абай айтқандай, 

"…сол малды сарып қылып, ғылым табу керек. Өзің таба алмасаң, балаң тапсын. Ғылымсыз ақырет те жоқ, дүние де жоқ". 

Ғылым - адамзатқа пайда келтіретін білімнің қозғаушы күші. Оның негізгі көрсеткіштері - инновация, өнертабыс. Білім беру, өндірісті дамыту бойынша барлық мемлекеттік бағдарламаларды осы тұрғыда қайта қарау керек деп ойлаймыз. Мұны тиісті министрліктер ескерер деген үміттеміз. Сонда жыл сайын мемлекет тарапынан бөлінетін қаржыны тиімді жұмсайтын үкіметтік емес ұйымдар да анықталады.

Жалпы, қауіпсіздік мақсатында елімізде әрбір отбасыдан бастап барлық еңбек ұжымына дейін діни сауаттылықты арттыруға атсалысу керек деп санаймыз. Бұл - уақыт талабы.

 

Дархан МЫҢБАЙ

04.07.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 15025
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 14924
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 30063
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 28683
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 32250