Мәшһүр Жүсіп бабамыздың өмірінің соңғы күні

Мәшһүр Жүсіп бабамыздың өмірінің соңғы күні

 

Мен бұл әңгімені 1987 жылы Мәшһүр Жүсіптің шәкірті Мәненұлы Иманғалидан естідім. Мәшекеңнің қара жәшігін 50 жыл сақтаған, 40 жыл қара жәшік үшін жер ауған, «өле-өлгенше сақтаймын» деген сертіне жеткен адам. Имекеңнің айтуы бойынша, Мәшһүр Жүсіптің арабша жазбасын араб әрпінен орыс әрпіне аударған мен, – мыңжылдық құдасы Алдаберген ұлы Төлепберген.

4 жыл бойы еңбек етіп, 1991 жылы еліміз егемендік алардың алдында бітірдім. Мәшһүр Адам Жүсіп құдамның өзінің тапсырып, арнайы айтып кеткен аманатындай болды. Мәшекеңнің азан шақырып қойған аты – Адам Жүсіп, ал әкесінің аты Көпжасар екен. Ал, мен өзін 15 жыл күткен келіні Ақ Зейнептің немере бауырымын. Мәшһүр Жүсіп өлерінен 10 жыл бұрын өзіне бейіт салдырып және өлетін күні алдын ала, көзінің тірісінде өзіне жаназа шығартып, дәлел оқытып, жуындырып, кешу алысып, өсиетін айтып өмірден өтіпті. Осы екі әңгімені бүгінгі ұрпаққа жеткізу парызым.

 

Мәшһүр Жүсіптің өзіне бейіт салдырып, көр қаздыруы

 

Мәшһүр Жүсіп тірісінде өзіне бейіт салдырды. Басшіліктен екі құдасын әкелді. Ауыл жастарын жинады. Ол кезде мен 18-де, жас кезім еді. Сонан таңертең шайды ішіп болған соң, қайла, лом, күрек алғызып, барлығымызды ертіп, өзі атқа мініп үй салатын жерді көрсетпек болып, бастап жүрді. Ауылдың жанында тұрған зиратқа қарай емес, ауылдан қашық жалғыз тұрған тауға қарай келе жатырмыз. Сол таудың арғы жағы ауылға қарай жазық, жері жұмсақ, қазуға оңай. Бұл кісінің беті солай деп келе жатырмыз.

Атымен бізден бұрын таудың қақ басына шығып, бізді тосып отырды. Біз де келдік. Құдасы: «Не мына биіктен жазық жақтан ыңғайлы жер қарап отырсыз ба?» – деді. Мәшекең: «Жоқ, дәл осы отырған тасымнан бастайсыңдар. Мына тасты өзім осында

қоныстанған жылы қойғам, жалғанда пана қыстауым, бұлағым болса, ақыреттік қыстауым осы таудың басы болсын», – деді.

Құдасы «Мына тау қып-қызыл тас қой, жамбасыңызға батпай ма?» – дейді. Мәшекең: «Жоқ, бұл жердің тасы суырма, бұл жерде менің төсегім салулы, астымда бор топырақ, иісі қандай аромат! Ешқайдан ештеңе әкеліп әуре болмайсыңдар және басыма орнататын қасиетті Рауан тасым да осында», – деп қаздырды.

Үлкен подвал қылып, кең етіп бірнеше күн қаздық. Өзі бізбен бірге барып отырды. Бір күні «енді лом соқпаңдар, бұдан бұлайғы тас көзді-көзді суырма тас, қайламен тырнап алыңдар. Басыма қоятын Рауан тасым сынып қалмасын. Мына суырма жұмыр тастарда

шұңқыр-шұңқыр тесік бар, мұны жеке үйіңдер. Мына сыртымдағы биікке жеке үйіп қойыңдар. Әр таста 1, 2, 3, 4, 5 тесік болады, соның біреуінде 7 тесік болады, кімге кездессе, бір жетістік болады: тілегі орындалады – көзден, тілден, сұқтан сақтайды. Сәбилердің әртүрлі дертіне шипалығы бар, кім керек қылса, сол алсын», – деп, төбешікке

үйгізді. Мұнан соң өзі айтқан жалпақ сарғылт, кісі бойындай, иісі сондай аромат, биіктігі бір метрден асады, жалпақтығы екі қарыс, ал қалыңдығы 15 см-дей, айтқан тасы шыға келді. Тастың астында ұлпа топырақ. Жер үстіне шыққан соң, өзінің өткір кездігінің ұшымен:

Жетпіс үшке келгенше, балталасаң да, өлмеймін,

Жетпіс үшке жеткен соң, желкелесең де, тұрмаймын, –

деп ойып жазды.

Содан, Мәшекең бізге өз ойын айтты.

«Басыма екі бөлмелі үй салыңдар. Сол үйдің еденінің астына сұр майда топырағына жатқызасыңдар. Үстіме топырақ салмайды, ашық жатам. Осы Рауанның қасиетімен 40 жыл денем шірімейді. Жылма-жыл үстімдегі ақты Шәрәпиім ауыстырып отырады. Онан кейін келінім Ақ Зейнеп ауыстырып отырады. Бұған таңданбаңыздар, әйел адамға бейітке жолауға болмайды ғой. Ол маған ана болды, өздерің де білесіңдер. Арқамды жуды, түнде неше оянсам, дамыл-дамыл келіп көрпемді жауып тұрды. Бала болмағанда, немене, осылай келіскенбіз, қажы-екең біледі. Бірақ, шам жағып, бейітке келмейді, ислам дінінде жоқ, тек мажуси дінінде болғандар келеді. Олар

дінсіз кәпір болғандықтан жағады. Сайтан оттан жаралды, ал адам топырақтан жаралды. Үкімет құдай жоқ деп айтты деп құдайдан безбеңдер, түбі құдайды бір табасыңдар», – деген еді.

«Мына Рауан тасымды өзімнің кеуде тұсыма, топырақ жатқан жерге тұспа-тұс орнатасыңдар. Үйдің есігі ықтан болсын, үлкен бұрғымен жоғары жақтауынан 7 тесік бұрғылап шығарасыңдар. Оның себебі, маусым-шілде айында сағым жүреді, сағымның нұры тасқа түседі және сағыммен бірге Малаһ періште жүреді. Осы екі айда рауан ұшығын алуға болады. Сонда көзсізге – көз, ессізге – ес беріп, ажалсыз дертке мыңда бір дауа болар. Қазір жер бетіне шыққаннан кейінгі тиіп тұрған пайдасы. Елдегі болып жатқан адам мен малдағы індет бүгіннен бастап сап болар».

Айтқандай, сол кезде елде күллі ауру болған. Адамда оба деген аурудан бір үйлі жан қырылып қалған. Безгек, сүзек, құйаң, түйнеме, өкпе қабынуы, жындану, балада қызылша, малда – сиыр қарасан, қараталақ, аусыл, қойда – топалаң, ешкіде – кебенек, осы аурудың бәрі сол кезде түгел болған. Ол кезде адам да, мал дәрігері де болмаған. Бұл ауруларға қарсы егіп, емдеу деген де болмаған. Сол Рауан тасы шыққан соң, Мәшекең айтқандай, түгел пышақ кескендей

тыйылды. Мұнан кейін адамдар аш-жалаңаш қысы-жазы суықта, ыстықта жүрсе де, бір адам ауырған жоқ. Бұл оқиғаны көзіміз көрді. Сау сиыр көлік болды, жегіп, сауып күн көрдік.

«Осы салынған екі бөлмелі үйдің ыққы бөлмесіне пеш салынсын. Ат сайман, қамыт, доға, ершік, божы, көтерме болсын және өгіздің мойынағашы, бір бөтелке насыбай тұрсын. Маған ешкім тимейді, жалғыз-ақ сол 32 жылы бір адам аштықтан оң жақ

санымның қалың етінен ойып жейді. Бірақ одан қалған жалғызға көз қырларыңды салып, қамқорлықтарыңа алыңдар. Мен өлгеннен кейін Ескелдіде ел болмайды. Киров колхозының жолаушылары өгізбен сол шыққан күні Жаңажолға жете алмайды. Жолда

Ескелдіге қонады, ал бұл араның бораны елден ала бөтен қатты болады. Кейде сол жолаушылар екі-үш күн қонып та қалады. Ал енді Ескелдіде ел жоқ, не болады. Ол бейшаралар өгізі де, өздері де қырылып қалмай ма? Ойласаңдаршы, шырақтарым! Адам адамға жақсылық істеу керек, мен өлсем де шарапатым тисін және олар келгенде өзім де бір аунап жатам ғой. Сондықтан осы ыққы үйім солардың бекет үйі болсын. Тірі күнімде ыққы үйімді беретінмін. Мәшһүр өлген соң далада қалып, құрыдық қой демесін.

Сондықтан, бұл Мәшһүрдің мекені болсын, жолаушының бекеті болсын. Текке жатқанша, адамға пайдам тиіп жатайын», – деп айтты.

 

Төлепберген АЛДАБЕРГЕНҰЛЫ,

аудармашы әрі шежіреші

 

 

07.07.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 15116
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 15021
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 30157
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 28775
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 32343