Менің қайын жұртым Қыпшақтар – Орта жүз тайпаларының ата қонысы Қостанай облысы. Жақында қайын жұртыма барғандағы көрген, көкейге түйген ойларымды жан-жақты талдап, ұлттық идеологияға қорек болатын өзекті тақырыптарды қозғап жүрген «Qazaqstan dauiri» газетіне жолдап отырмын. Қостанай арғы бабаларымыз бен батырларымызды айтпағанда, бергі Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынов, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасов, басқа да жүздеген батырларымыз бен зиялыларымыз туған өлке.
Рудный қаласы таза, көрікті қала болыпты, біраз халқы Соколов-Сарыбай комбинатында жұмыс жасап, тіршілік етіп жатыр. Бірақ осы қаладан бастап Фёдоровка, Қарабалық аудандарында Республикалық телеарналарды және де «Қазақ»,«Шалқар» радиоларын тыңдап көре алмадық. 150 каналдың барлығы дерлік көрші Ресей мемлекетінің өнімі екен. Рудный қаласының маңында саяжайлар көп екен. Ол жерлерде картоптан бастап,түрлі жеміс ағаштарын егіп, ерінбей еңбек етсе, түгін тартсаң майы шығатын ғажайып жер екен. Жері құнарлы қаратопырақ құмшауыт, бау-бақша еккенге таптырмайды. Саяжайдың тең жартысы бос, әртүрлі себеппен иесіз тастап кеткен. Тіпті кейбірінде темір-терсек, үй-жайы мүлкімен қоса қараусыз қалған. Әрбір саяжайды сыртынан бақылап жүретін қарауылдары бар. Осының барлығын жергілікті әкімшілік, заң орындары тексеріп, тіркеп, Оңтүстіктен, Маңғыстаудан қоныс аударушыларға аманаттаса...
Келесі барғанымыз Фёдоровка кенті Жаркөл көлінің етегін ала орналасқан. Ертеректе жергілікті халық бұл аудан орталығын Жаркөл деп атаған екен. Жер-су аттары Қазақ елінің ұлттық қоры, тілі. Өкінішке орай, қаншама зиялылар мен адал азаматтар зерттеулер жазып, жоғарыға ұсыныс айтса да, ескерілер емес. Үлкенді-кішілі қалаларға мүмкіндігінше ежелгі тарихи атаулары берілгендігі дұрыс. Ал көшелердің (ауыл, қала) кем дегенде 70% жер-су аттарымен аталуы тиіс. Қазір барлығы дерлік соғыс және еңбек ардагерлерінің есімдерімен аталады. Ол кісілердің соғысқа қатысып, қызмет етіп, елге елеулі еңбек сіңіргендігіне дауымыз жоқ. Бірақ ономастикалық жер-су аттары осы ардагерлердің мыңдаған жыл бұрын өмір сүрген ата-бабаларының арман-мұратынан туған тарихи атаулары. Оны өзгерту тарихқа қиянат болмақ.
Сол сапарымызда Ресеймен шектесіп жатқан Қарабалық ауданына табан тіредік. Аудан орталығындағы зәулім мешітке соғып, жұбайымның ата-бабалармен бақилық болған әпке-ағаларына құран оқытып, екінші күні Бөрілі Тоғызбай Тастыөзек ауылдарына жол тарттық. Жол бойы көкпеңбек көк майса, әржерде қарағай, қайың, шағын ормандар. Өкінішке орай, осы шағын орман талдарықты тықсыра ауыл төңірегіне дейін егін егіп, жерді жыртып, айдап тастаған. Мал жайылым аз. Кезінде әр ауыл мен оның бөлімшелерінде мыңнан алты мыңға дейін халық тұрған. Қазір әр жерде үйінді төбе болып қаңырап қалған ауылда елу мен үш жүзге дейін ғана адамдар қалған. Тууды азайтып, тілін ұмытқан халықты кінәлау да қисынсыз. Кінә жауапты орындағылардың саясатты дұрыс жүргізе алмай, халықты рухани құлдырауға ұшыратуында жатыр. Қазақтың жүрегін жаралайтын «болашағы жоқ ауыл» деген терминді ойлап таптық. Тоғызбай ауылынан қайынәпкем Әлжанова Шарипа Жұмабекқызы: «Журналист болмасаң да, қаңырап тұрған шекараға жақын ауыл жайын билікке жеткіз», – деді жылап тұрып. Ауыл орталығы Словянскийдегі мектеп директоры Раева Гаухар қызым бала жетіспесе, мектеп жабылатындығын, мектеп жабылса, жалғыз ғана тіршілік көзінен айырылатындығын айтып мұңын шақты. Мектеп жабылса, ауылда тіршілік тоқтады деген сөз. Бір ауыл жоқ болып кету алдында тұр деген сөз. Ауыл халқының ел басшыларына айтар тағы бір талабы бар, ол жайылымдық жер мәселесі. Тұрғындар азын-аулақ малына жайылымға ауыл сыртынан өлшегенде 3 км жер бөлінсе екен деп тілейді. Ал анау «Ақбидай» шаруа қожалығының бізге еш көмегі жоқ деп налиды. Ауылда жастар қалмаған, оқу іздеп, оқымағаны жұмыс іздеп қалаға кеткен. Олардың болашағы жоқ, қаңыраған ауылға қайта оралғылары келмейді. Үкімет ауылымызға зауыт салып бермесе де, тіршілік қылар жайылымдық жер мәселесін шешіп беріп, инфрақұрылымды жақсартса, ауылда жастар да тұрақтап, шекарамыз иесіз қалмас еді-ау дейді халық мұңайып. Ел талабы орынды. Мемлекет шекаралық аймақтарға көңіл бөлуі керек. «Жау жоқ деме, жар астында» демекші, шекарада орналасқан халықты үдере көзшіріп ел шетін иесіз қалдыру аса қауіпті. Үкімет қашан осы мәселеге көңіл бөлер екен?
Біздің жас кезімізде 70-80 жылдары ауыл халқының жыл сайын 20-30%-ы қалаға көшсе де, халқы тығыз әрбір екінші ауылда үлкен ауруханалар жұмыс істеп, әйел аналар сонда босанып, ұрпағын өмірге әкеліп жататын. Басы ауырып, балтыры сыздаған жан да ат арытып шалғайдағы облыс орталығына сандалмайтын. Енді оның барлығы арман.
Еуропада әрбір қаланы 5-6 жанұядан тұратын аз ғана ауыл, фермалар асырап жатыр деп, Қазақстанмен салыстырып, ауылдың түбіне жеттік. Ал оларда 10-15 км сайын шағын қалалар бар, халқы тығыз орналасқан. Ол біздің елмен салыстыруға мүлде келмейді. Әлі де «100 мектеп», «1000 тұрғын үй» деп ауылды сорып жатыр. Басқа этностар көп тұратын солтүстік, орталық облыстардағы чешендер мен армяндар тұратын ауылдарға, жылдам көбейіп келе жатқан оңтүстік облыстардағы тәжік, дүнген, ұйғыр, өзбек және т.б. этностарға қызыға қарайсың. Негізгі себеп салт-дәстүрін,дінін, тілін, ауызбіршілігін сақтап, жанталасып еңбек етуінде. Қыз балаларын 10 жасынан еңбекке баулып, ертерек үйлендіреді. Әйелдер ер-азаматын пір тұтып, бала тууды шектемей, ұлтын көбейтуге тырысады.
Енді Жаңа Қазақстанда ертерек ұлттық идеологияны шындап қолға алмасақ, іріп-шіріген рухани қоғамды қалпына келтіру қиынның-қиыны. Сонда ғана қазақ ұлтына шөлдеп отырған теріскейге көшкен әрбір жанұя тер төгіп еңбек етіп, баба жеріне бейімделіп, өсіп-өніп, дәстүріміз бен дінімізді жандандырып, солтүстік өлкемізге қазақы рух беріп, сәнін кіргізер еді. Сол үшін мемлекет инфрақұрылымды жақсартып, халыққа жұмыс орындарын ашып, жайылымдық жер беріп, жағдай жасауы керек. Сонда ғана шекарамыз шегенделіп, іргеміз бекемделе түспек.