Келер жылы өнерсүйер қауымды 66-ы «Евровидение» ән байқауы қуантады. Мәдени шара Италияның Турин қаласында өтеді. Бірінші және екінші жартылай финалдар 10 мен 12 мамырға, ал финал 14 мамырға жоспарланған. Еуропа хабар тарату одағы байқауға 41 ел қатысатынын жариялады. Тізімге 2021 жылы конкурсқа қатысқан елдер, сондай-ақ Армения мен Черногория қосылған. Армения бір жылдық, ал Черногория екі жылдық үзілістен кейін қайта оралып отыр. Еске салсақ, 2021 жылы өткен «Евровидениеде» Италия жеңіске жеткен болатын. Måneskin тобы Zitti e buoni әнін орындап, бірінші орын алды. Осылайша дәстүр бойынша Италия 2022 жылғы байқауды өткізу құқығын иеленді.
«Евровидение» – Еуропа хабар тарату одағына мүше елдер арасындағы эстрадалық ән байқауы. Байқауға одаққа мүше әр елден бір-бір өкілден қатысады. Фестиваль тікелей эфирде өтеді. Қатысушылар өнер көрсеткеннен кейін, телекөрермендер мен әділ қазылар алқасы дауыс беру арқылы ең мықтыны таңдайды. Ән байқауының тарихы 1956 жылдан басталады. Бүгінде жыл сайын өтетін шараның аудиториясы 600 миллион көрерменге дейін барады. «Евровидение», сондай-ақ Қазақстан, Қырғызстан, Канада, Египет, Үндістан, Оңтүстік Африка, Корея, АҚШ-та трансляцияланады. «Евровидение» байқауы талай әртістің жұлдызын жақты. Мәселен, аты аңызға айналған «АББА» тобы (Швеция – 1974), «Чингисхан» (Dschinghis Khan, Германия – 1979) және әнші Селин Дион (Швейцария – 1988) осы фестивальде өнер көрсеткеннен кейін бүкіл әлемге танылды.