ФЕРҒАНА — ЖАСЫЛ АҢҒАРДЫҢ ІНЖУ-МАРЖАНЫ

 ФЕРҒАНА — ЖАСЫЛ АҢҒАРДЫҢ ІНЖУ-МАРЖАНЫ

Өзбекстан туралы естігеніңізде ең алдымен жасыл желекке оранған, көркімен тамсандыратын Ташкент, тарихи орындарымен, мыңжылдан астам тарихы бар кесенелерімен Самарқант, Бұхара, Хиуа қалалары көз алдыңызға келеді. Сондай-ақ, олар туралы естіген аңыз-әңгімелер, пікірталастарда бұл қалалар жайлы сөз таластырған тарихшылар мен сарапшылар, әлеуметтік желілерде олардың сұлулығын айтып жеткізе алмайтын бағдарламалар ойыңызға оралады.

Иә, Өзбекстанның әрбір аймағы ерекше. Сөз саптауы, диалектісі, жүріс-тұрысы, тұрмыс салты, мінез-құлықтары және салт-дәстүрлерінде де өзіндік бояу бар.

Бүгін біз Ферғана аңғарында орналасқан көрікті өңір — Ферғана облысы туралы сөз қозғамақпыз.

 

Айта кеткен орынды, Ферғана аңғары — географиялық тұрғыдан бірыңғай табиғи аймақ, бірақ саяси тұрғыдан үш мемлекетке — Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстанға бөлінеді. Өзбекстанға тиісті бөлігінде Ферғана, Наманган және Әндіжан облыстары орналасқан. Сондықтан да, экономикалық және мәдени байланыстар бұл өңірді Орталық Азияның ең маңызды тораптарының бірі етіп тұр.

Ферғана аңғары — нағыз табиғаттың сыйы. Мұнда Нарын,  Шахимардан, Қарадария сияқты өзендер мен жүзден астам көлдер бар. Таудан бастау алатын мөлдір сулар аңғардың егінін нәрлендіріп, табиғатына ерекше көрік береді.

Аталмыш өңірдің статистика басқармасының үстіміздегі жылдың 1 маусымына дейінгі мәліметіне сүйенсек, облыста 4 181 008 адам тұрады. Оның құрамында 15 аудан және 4 ірі қала бар. Олар — Марғұлан, Ферғана, Қоқан және Қувасай. Тарихтан белгілі, бұл өңір ежелгі Ұлы Жібек жолының да маңызды торабы болған.

Жуырда жұмыс бабымен Ферғана қаласына іссапармен бардым. Ташкент пен Ферғананың арақашықтығы шамамен 320 шақырым. Көлікпен 4–5 сағатта жетесіз, ал ұшақпен 40 минуттың ішінде-ақ аңғардың жүрегінде боласыз. Қала табиғатының сұлулығы, тазалығы, абаттығы көз тартады. Ауасы жұмсақ, мөлдір. Халқы еңбекқор, ақкөңіл, шынайы. Көшеде жөн сұрасаңыз да, бәрі күлімдеп, “сіз” деп ілтипат көрсетеді.

Ферғананың орталығын жаяу аралап, халықтың тыныс-тіршілігімен жақын таныстым. Көшелерінде жаңа ғимараттар бой көтеріп, онда мемлекеттік мекемелермен қатар заманауи бизнес орталықтар, ойын-сауық кешендері, тұрмыстық қызмет салондары мен спорт клубтары орналасқан. Қонақүйлерді онлайн брондау, халықаралық деңгейдегі такси қызметі жол сапарын айтарлықтай жеңілдетеді. Қалада жолсеріксіз-ақ еркін жүре аласыз.

Халықтың тұрмысын білгің келсе — базарына бар дейді ғой. Мен де Ферғананың ерекшелігін сезінгім келді. Өзбекстанның әр өңірінде өзіндік дәм мен дәстүр бар. Мысалы, Самарқанның наны, Бұхараның шордәнегі мен қара інжірі, Харезмнің күріші, Ташкенттің жүзімі мен жемістері белгілі. Ал Ферғанада Алтыарық жүзімі, мал шаруашылығынан алынған сүт өнімдері ерекше.

Базарға кірсеңіз, құрттың түр-түрін көресіз: пешке қақталған, райхан мен қалампыр қосылған және ешкі сүтінен жасалған түрлері. Әсіресе ешкі сүтінен жасалған құрттың дәмі тіл үйіреді.

Қоқандықтардың пәтір наны, базлама наны, майға піскен қатламасы да ерекше танымал. Таудың бөктерінен әкелінген таңқұрайлар базар сөресін қызыл түске бояп тұрады. Қоқанда тіпті балалар да қалампыр қосылған тағамдарға үйренген. 

Ферғаналық фермерлер бүгінде таңқұрайды брендке айналдырған. Ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар, сыртқы базарға да шығарып отыр. Бұл туралы әлеуметтік желіден жиі көруге болады. 

Марғұлан қаласында қолөнер ерекше дамыған. Мұнда жібек кілемдерден тартып заманауи текстиль өнімдеріне дейін өндіріледі. Ал Риштан ауданы — ежелгі қышшылық өнерінің орталығы. Мамандардың айтуынша, бұл дәстүрдің тарихы тіпті тас ғасырына барып тіреледі. Жолдың бойындағы шеберханалар мен дүкендер бірнеше шақырымға созылып, түрлі қыш бұйымдар мен сувенирлерді ұсынады. Әсем өрнекті ыдыс-аяқтар Қытай фарфорынан кем түспейді. Сапасы жоғары, бағасы қол жетімді. Мұндай өнердің тек Риштанда дамуының себебі — шеберлердің өнері ұрпақтан ұрпаққа берілуінде және жергілікті топырақ құрамының ерекшелігінде.

Сапардың алғашқы күнін толық саяхатқа арнадым. Мен барған қалада міндетті түрде музейді көруге тырысамын. Әкем тарих пәнінің мұғалімі болғандықтан, бала күнімнен тарихи орындарға көп барғанбыз. Сондықтан бұл әдет менде қалып қойды.

Ферғана облыстық тарих және мәдениет мемлекеттік музейін интернет арқылы тауып, таксимен жеттім. Бұл музей — өзіндік болмысы бар, ерекше орын.

Негізгі экспозиция залдары екінші және үшінші қабатта орналасқан. Екінші қабаттағы төрт бөлім — табиғат, археология, Қоқан хандығы және Ферғана қаласы тарихы. Ал үшінші қабатта бейнелеу өнері мен қолданбалы өнер залдары бар.

Менің назарымды ағаштан жасалған биік өкшелі аяқ киімдер аударды. Музей қызметкерінің айтуынша бұл өңір батпақты болғандықтан, тұрғындар осындай аяқ киімдерді киген екен. Бұл — тарихтың тірі куәсіндей әсер қалдырды.

Айта кету керек, Ферғана облысында орналасқан Шахимардан — табиғаты таңғажайып мекен. Оны жұрт текке “Өзбекстанның Швейцариясы” атамайды. Биік таулармен қоршалған аңғардың ауасы ерекше таза, мөлдір бұлақтар мен өзендер араласқан жасыл белестер көздің жауын алады. Жазда да салқын, суы мұздай болады дейді жергілікті тұрғындар. Мұнда табиғи демалыс аймақтары мен туристер жиі келетін орындар көп.

Қорыта айтқанда Ферғана — тарихы терең, табиғат тамаша, еңбексүйгіш халық мекендейтін ерекше өңір. Мұнда ежелгі өркениеттің ізі сақталған, ал бүгінгі таңда заманауи даму мен дәстүр қатар өркендеп келеді.

Бұл өңірге бір барған адам табиғатына, мәдениетіне, адамдарының жылы шырайына еріксіз ғашық болады.

Ферғананың қонақжай халқы мен иісі аңқыған наны, сондай-ақ  Қоқанның қалампырлы тағамдары, Риштанның қыш бұйымдары мен Марғұланның жібек маталары — Өзбекстанның рухани және мәдени байлығының айқын көрінісі.

 

 

Айгүл ТЕШЕБАЕВА
13.10.2025

Ұқсас жаңалықтар

Иран МАГАТЭ-ні неге айыптады?
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 09.10.2025 234
ЖЕҢІМПАЗҒА КӨЛІК сыйға тартылды
Нұрсайын ШӘРІП, Солтүстік Қазақстан облысы - 09.10.2025 222

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 18626
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 18493
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 33664
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 32212
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 35994