Фестиваль өнер мен достықтың мерекесіне айналды

Фестиваль өнер мен достықтың   мерекесіне айналды

2026 жылғы 30 мамырда Қонаев қаласының Орталық саябағында славян жазуы мен мәдениеті күндері аясында, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай Қазақстан қасықшылар (ложкари) балалар шығармашылық ұжымдарының «Музыкальная ложка» II халықаралық фестивалі өтті. Музыкалық мәдени шараны «Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдарының қауымдастығы» Алматы облыстық филиалы ұйымдастырды.

Фестиваль балалар шығармашылығын қолдауға, халықтық музыкалық дәстүрлерді дәріптеуге және мәдениетаралық достықты нығайтуға бағытталды. Өнер мерекесіне Қазақстанның әр өңірінен келген шығармашылық ұжымдар мен Ресей Федерациясынан келген өнерпаз қонақтар қатысып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Шараға Қызылорда, Орал, Тараз, Алматы қалаларынан, Алматы және Жетісу облыстарынан келген өнер ұжымдары, Қонаев қаласындағы «Меруерт» өнер мектебінің хоры, Алатау қаласының «Элегия» шығармашылық ұжымы, сондай-ақ Ресей Федерациясының Барнаул қаласынан келген балалайкашылар ансамблі қатысты. Жалпы фестивальге 250-ден астам өнерпаз қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.

Фестиваль бағдарламасы мазмұнды әрі қызықты өтті. Балалар шығармашылық ұжымдарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, халық қолөнері шеберлерінің жәрмеңкесі өтті. Сонымен қатар қатысушылар мен қонақтар үшін ағаш қасықта ойнау, халық билері және түрлі шығармашылық бағыттар бойынша шеберлік сабақтары өткізілді. Бұл алаңдар балалардың өнерге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, халықтық мәдениеттің бай мұрасымен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.

Іс-шараның құрметті қонағы – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Сергей Пономарев фестивальдің қорытындысын шығарып, қатысушыларға шығармашылық табыс пен жаңа жетістіктер тіледі.

Фестиваль қорытындысы бойынша:

• Гран-при – Орал қаласының «Николушка» қасықшылар ансамблі;

• І орын – Тараз қаласындағы №13 орта мектептің қасықшылар ансамблі;

• ІІ орын – Қызылорда қаласындағы Славян мәдени орталығы жанындағы «Надежда» қасықшылар ансамблі;

• ІІІ орын – Алматы облысының «Мечта соседей» қасықшылар ансамблінің барлық топтарына берілді.

Жалпы шараға 800-ге жуық адам қамтылды.

«Музыкальная ложка» фестивалі балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, олардың өнерге деген сүйіспеншілігін арттыруға және түрлі этностардың мәдениеті мен дәстүрлеріне құрмет сезімін қалыптастыруға бағытталған мәдени алаңға айналды. Мұндай бастамалар қоғамдағы өзара түсіністік пен достықты нығайтып, Қазақстандағы бірлік пен келісім құндылықтарын дәріптеуге үлесін қосады.

Музыка – ұлт пен ұлысты жақындастыратын, жүректерді тоғыстыратын әмбебап тіл. Ал қарапайым ғана ағаш қасық өнерлі балалардың қолында қуанышқа, шабытқа және ұлттық нақышқа толы шынайы өнерге айналды. Қонаев қаласында өткен фестиваль осының жарқын дәлелі болды.

Әсем ФАЗЫЛОВА, 

Алматы облысы

 

03.06.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25660
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25118
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42533
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38381
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 42909