Гүлмира Нысанбаева: «Ұлттық паркімізді дамыту үшін мемлекет зор қамқорлық жасау керек»

Гүлмира Нысанбаева:   «Ұлттық паркімізді дамыту үшін мемлекет зор  қамқорлық жасау керек»

«Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» Республикалық мемлекеттік мекемесінің басшысы Нысанбаева Гүлмира Нұралиқызымен сұхбаттасқан едік.

 

– Гүлмира ханым, сіздің басқарып отырған ұйымдарыңыз қандай жұмыстармен  айналысады?

– «Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» Республикалық мемлекеттік мекемесі – ҚР Үкіметінің 23 ақпан 2004 жылғы № 213 бұйрығымен Алматы облысының экологиялық, тарихи-ғылыми, эстетикалық табиғат байлығын қалпына келтіру  және сақтау мақсатымен құрылған. Негізгі қорғалатын нысандары: Шарын ерен тоғайы – табиғат ескерткіші. Палеоген дәуірінен сақталып қалған соғды ерені өсетін бірден-бір орын. Шарын шатқалы «Қамалдар мекені» – ланшафтты-палеонтологиялық табиғат ескерткіші. Үлкен Бұғыты – минералдар кешені бар бірегей геологиялық объектілерді  қорғау, қарақұйрықтардың және тау текелердің тіршілік ету ортасын кеңейту, тау бөктері бөлігіндегі сексеуілдерді, сирек кездесетін және эндемикалық өсімдіктердің 61 түрін, сондай-ақ олардың қоғамдастықтары қорғалады. Қызыл Қарасай аумағы –  бұл қарақұйрықтың және сирек кездесетін құстардың мекендеу орындары.  

– Шарын – әлемдегі зор құбылыстың бірі. Мұндай табиғат көркемдігі тағы да қай елдерде бар? Олармен байланыс бар ма?

– Иә, Шарын шатқалы көз тартар тылсым табиғатымен әлемнің түкпір-түкпірінен келетін туристердің қызығушылығын тудыратын бірден-бір орын. Шарын шатқалы бұдан 12 млн жыл бұрынғы геологиялық дәуірлерден  сыр шертеді. Мұнда көне замандардан сақталған сан алуан пішінді, түрлі түсті жартасты «қамалдарды» көз алдыңызға әкеліп қойғандай көріністерді елестетеді. Дүниежүзінде дәл сондай көріністерді тек Солтүстік Американың Колорадо штатындағы «Үлкен шатқал» алқабынан ғана кездестіруге болады. 

 

 

 

Шарын шатқалы теңіз деңгейінен 1300 метр биіктікте орналасқан. Құздардың биіктігі 370 метрге дейін жетеді. Шатқал шығысқа қарай 3 шақырым жерге созылып жатыр. Ал ені 200 метрден 700 метрге дейін. 

Шарын шатқалындағы сан алуан бедерлі көріністерді жергілікті тұрғындар ерте кездерде «Шайтан қала», кейіннен «Қызғылт қамалдар аңғары» деп атаған. Шарын шатқалы «Қамалдар мекені» – ланшафтты-палеонтологиялық табиғат ескерткіші. Мұнда негізгі қорғалатын нысан-рельеф түзу процесін байқауға мүмкіндік беретін жартасты табиғат көрінісі.

– Мұнда туристердің келуі қалай? Мемлекетімізге қаншалықты пайдасы тиіп жатыр?

– Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағына келуші туристердің саны жылдан-жылға артып келеді. Бұл дегеніміз жыл өткен сайын туризм саласы алға жылжып, дамуын байқататын  көрсеткіш. 

 

Мысал келтірер болсақ, Шарын ұлттық паркінің аумағына 2022 жылы келген туристер саны 51 629 болса, бұл көрсеткіш 2023 жылы 115 539 адамды құрады, 2024 жылы бүгінгі күнге дейін келген туристер саны – 27 811 адам. 

 

Парк аумағында негізгі тарихи-мәдени және табиғи мұраларының  объектілері: Шарын шатқалы «Қамалдар аңғары» және «Шарын ерен тоғайы» табиғат ескерткіші  мен «Бейіттер мен қорғандар», «Темірлік-Кіші шатқал» туристік бағыттары бар. 

Аймаққа келуші туристерден түскен қаржы қаражаты парктің арнайы есепшотына түседі. Бұл қаражат парктің инфрақұрылымын дамытуға, жүргізілетін экологиялық іс-шараларға,  техникалық базасын нығайтуға пайдаланылады. Бұлар жалпы парктің дамуына оң әсерін тигізері сөзсіз. Қазіргі таңдағы ең өзекті мәселелердің бірі – Шарын мемлекеттік ұлттық паркінің қарқынды дамуы үшін мемлекет зор қамқорлық жасауы керек.  

– Қазақстандағы туризмнің дамуына көңіліңіз тола ма? Қазіргі кезде мемлекет сіздерге қандай қамқорлық жасап жатыр?

– Сұрағыңыз орынды. Кең-байтақ Қазақстан жерінің табиғаты алуан түрлі. Туризм саласы біздің мемлекетімізде соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатыр. Республика экономикасының басым сипаттағы бағыттарының бірі туризмді дамыту үшін Ерекше қорғалатын табиғи аумаққа келіп-кетушілерге көрсететін ақылы қызмет түрлерінің сапасын, жабдықтау деңгейін, сервисін түбірімен өзгертетін қомақты қаржы салу керек. Ұлттық парктердің алдында тұрған осы және басқа да мәселелерді шешу үшін инфрақұрылымды дамытудың бас жоспары жасалынған. Бұл жоспарда мемлекеттік қаржыландырудан басқа мердігерлік қаржы салымын талап ететін маусымдық және орнықты туристік-рекреациялық мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстар салу қарастырылған.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 7 қарашадағы № 1063 қаулысына сәйкес Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде  жер телімдерін беруге тендер өткізілді. 2021 жылы 4 наурызда «QazaqGeography» республикалық қоғамдық бірлестігі тендердің жеңімпазы болып танылып, келісімшарт жасалынды. Келісімшарт негізінде туристерге қызмет көрсетуге арналған 13  нысан салынатыны қарастырылды.  Құрылыс жұмыстарын бастамас бұрын коммуникацияны жүргізу қажеттілігі туындады. Осыған байланысты «Шарын шатқалы – Қамалдар аңғары» туристік маршрутына электр желілері жүргізілді. Қазіргі таңда визит орталығы, глэмпингтер, қазақ ауылы, жылжымалы тамақтану пункті, мейрамхана салынып, туристерді қабылдауға толық мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, туристік бағыттарда демалушылардың қолайлылығын арттыру мақсатында ауызсу бұрқақтары, грот, жаңа технологиядағы экодәретхана, туристік бағыттарға белгілер мен стеллалар орналастырылды.

– Шарында өсімдік, аң-құстардың қандай түрлері бар? Әлемдік тұрғыда ерекшеліктері қандай?

– Ұлттық парк  аумағы флора мен фаунаға өте бай. Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағындағы жануарлар дүниесінің биологиялық алуантүрлілігі жоғарғы деңгейді көрсетеді. Әсіресе сүтқоректілер мен авиафаунаға өте бай.  Құстар – парк аумағын жыл маусымына байланысты мекендейтін  омыртқалы жануарлар ішіндегі жалғыз класс. Жазғы маусым – көбею кезеңінде мекендейтін құстар қыста оңтүстікке ұшып кетеді, ал көктем мен күз мезгіліндегі миграция кезінде парк аумағы арқылы ұшып өтетін құстардың ондаған түрі бар. 

Шарын МҰТП аумағы авиафаунасының жазғы аспекті – 130-дан аса түрден тұрады, яғни Қазақстанда ұя салатын құстардың 30%-ын құрайды. Жалпы, жыл бойына парк аумағында 236 түрлі құстарды кездестіруге болады (бұл дегеніміз – Қазақстан авиафаунасының 48,1%), оның ішінде Қызыл кітапқа кіргені – 22 түр, яғни Қызыл кітапқа кірген құстар санының 39,2%-ын құрайды. Шарын МҰТП  жалпы 34 түрлі сүтқоректі мекендейді, оның ішінде  ҚР Қызыл кітабына кіргені – 4 түр.

 

ҚР ҒБМ ботаника және фитоинтродукция институтының гербарий қорының материалы, Қазақстан өсімдіктер әлемі мәліметі бойынша Шарын МҰТП аумағында 92 тұқымдас 436 туысқа жататын 1000-ға жуық жоғары сатыдағы тамырлы өсімдіктер тіркелген. Бұл сандар аумақтың флораға бай екендігін көрсетеді. Парк аумағында мекендейтін аң-құстардың саны жыл сайын артуда. Фауна мен флораны қорғау мақсатында аудандық полиция бөлімі мен Охотзоопром РММ мамандарымен жыл бойы бірлескен іс-шаралар жүргізіледі. 

Шарын МҰТП күзет қызметінің жұмысы үшін қорғау қызметіне 24 бірлік техника бекітілген, оның ішінде: 14 патрульдік автомашина, 2 өрт сөндіру машинасы, 2 арнайы автомашина, 6 трактор. Рейдтік іс-шараларды жүргізу кезінде пайдаланылатын 51 жылжымалы радиостанция бар. Инспекторлық құрамды қызметтік құрал-жабдықпен қамтамасыз ету бойынша жалпы 29 қызметтік қару бар. Барлық қарулар мемлекеттік инспекторларға бекітілген. Парк әкімшілік ғимаратында қызметтік қаруды сақтауға арналған арнайы бөлме бар және тиісті сақтау шарттары сақталған.

– Шарынның территориясы қанша гектар? Өзеннің бастауы, ұзындығы қандай?

– Жалпы аумақ 127 050 га жерді құрайды. Парктің әкімшілік-шаруашылыққа қатынасты аумағы Алматы облысының Ұйғыр, Еңбекшіқазақ, Кеген аудандарында орналасқан. Парк аумағы 4 аймаққа бөлінді: Қорықтық тәртіп аймағы 9427,5 га, Экологиялық тұрақтану аймағы   13147,3 га, Туристік және рекреациондық қызмет ету аймағы 77739,0 га, Шектелген шаруашылық жұмыстар аймағы 26736,2 га және 35 923 га аумақ Алматы облысы әкімінің 9 ақпан 2012 жылғы № 23 қаулысымен парктің қорғау аймағы болып белгіленген. 

Сартоғай аумағынан өтіп жатқан Шарын өзенінің ұзындығы 427 шақырым.  Бұл өзеннің су пайдалану көлемін бақылау, реттеу біздің мекеменің құзыреттілігіне жатпайды. Аталмыш өзенді бақылауға алатын құзыретті мекеме – «Балқаш-Алакөл су бассейндік инспекциясы».

– Мекемеде қандай мамандар жұмыс істейді? Техника жағы қалай?

– Парктің ұйымдастыру құрылымы: парк басшылығы және 5 бөлімнен тұрады. Атап айтқанда: Жануарлар дүниесін қорғау және молайту бөлімі, Өсімдіктер дүниесін қорғау және молайту бөлімі, Экологиялық ағарту және туризм бөлімі, Қаржы және ұйымдастыру бөлімі, Ғылым бөлімі. Штатта 46 адам тіркелген. Жалпы парк аумағы 20 айналымға бөлінген, айналымның орташа аумағы – 6352 га. Парк аумағын 36 мемлекеттік инспектор қорғайды. Парк аумағында 6 қызметтік үй орналасқан. Осы кардондардың 5 мемлекеттік инспекторлар отбасымен бірге тұрып қызметін атқарса, ал 1 кардонда мемлекеттік инспекторлар мекеме директоры бекітілген кесте бойынша жұмыстар атқарады. Қазіргі таңда барлық нысандары жаңаланып, инспекторлардың тұрақты, өз міндетін мінсіз атқаруға жағдай жасалынды деп толық айтуға болады. Құрылған жылдары 93150 га қарасты жер болған кезде 46 штат берілген болатын. 2009 жылғы парк аумағы кеңейтілді, мемлекеттік жер қоры, қорғаныс қажеттілігіне қарасты жерден жер қосылып, қазір жалпы аумақ 127 050 га. Парк территориясының ұлғаюына байланысты, қоршаған ортаны қорғау және сақтау жұмыстарын жетілдіру және туризімді дамыту міндеттерін шешу үшін штат саны жетіспейді. 

– Гүлмира ханым, сұхбат бергеніңізге рақмет! Ұлттық парктеріңіз дамып, өсіп-өркендей берсін, еңбектеріңізге табыс тілеймін! 

 

Сұхбаттасқандар: 

 Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ,

Асым Сулайманов

10.06.2024

Ұқсас жаңалықтар

МҰХАММЕДСАБЫР ЖОЛДАМАҒА ЖАҚЫНДАЙ ТҮСТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 29.06.2024 1390
НҰРЛАН ИМАМ САРЫСУ АУДАНЫНДА БОЛДЫ
Сарысу аудан әкімдігі баспасөз қызметі - 25.06.2024 41
САЛА МАМАНДАРЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Бақытжан Жәнібеков , Шу ауданының әкімі - 24.06.2024 127
ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА 6 «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» САЛЫНАДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.06.2024 138

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 882
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 451
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 1752
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 1384
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 2526