Мемлекет халықтың кәсіпкерлікпен айналысуы үшін бар мүмкіндікті туғызып, әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асырып келеді. Осындай қолдаудың арқасында өз ісін дөңгелетіп отырған сарыкемерлік Гүлсара Орынбасаровамен жолығып жүздесудің
сәті түсті.
Жылы жүзді, көзінде оты бар келіншек 4 перзенттің анасы екен. Тұңғышы Қайрат Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті, қыздары Аяулым, Ақниет, ұлы Қайсар Ғ.Мұратбаев атындағы гимназияда оқиды. Жолдасы Нұрәлінің мамандығы-дәнекерлеуші. Зайыбының жұмысын кеңейту мақсатында үйдің жанынан бір бөлме қосып, арнайы тігін цехын ашу үшін кірпіштерді түсіріп қойыпты.
2007 жылы Түркіменстанның «Гаоджак» қаласынан атамекенге келген Баймахановтар әулеті Сарыкемер ауылына қоныстанады. Ата-енесімен бірнеше жыл бірге тұрып, қазыналы қариялардың батасын алған Нұрәлі мен Гүлсара жаңа баспана тұрғызып, бөлек шыққандарына төрт жылдың жүзі болыпты. Бала кезінен тігін тігуге ебі бар Гүлсараның әжесі Айнаш көйлектер, арғы атасы Орынбасар етік, камзол тігудің шебері болған екен.
Алғашында Гүлсара бір тігін машинасымен балалар киімдерін тігуден бастайды. Бұны көрген көрші-қолаң, таныстары тапсырыстар беріп, олардың өтініштерін орындай жүріп, ісін кеңейтуді қолға алады. Аудандағы білікті тігіншілермен бірлесіп жұмыс жасауға бел буады. Алайда денсаулығы сыр бергендіктен кәсібін үйде жалғастыруды жөн көреді. Мұнда қаражаттың тапшылығы жұмысына кедергі келтіре бастайды. Содан Гүлсара аудан әкімдігі жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, өткен жылдың желтоқсанында қайтарымсыз грантқа қол жеткізеді. Қолына тиген қаражатқа көпфункциялы тігін, кішілеу екі оверлок машиналарын, бу үтігін сатып алып, тігін бөлмесін жабдықтайды.
- Өз ісін бастаймын деген адамға мүмкіндік мол. Ал жұмыс жасап, бизнес бастауға ниетті жастар үшін мемлекеттің осындай қолдауы қажет-ақ.
Ең бастысы алдыға мақсат қойып, сол мақсатқа жету жолында ерінбей еңбек ету қажет. Жаның қалайтын жұмыспен айналысу ісіңе шабыт, мотивация береді. Талмай еңбектеніп іздену, шаршамай үйрену қажет. Әсіресе біліміңді жетілдіріп отырудың пайдасы ұшан-теңіз. Жалпы балалардың жейдесі, көйлектері мен ұлттық нақыштағы киімдерді тіккенді ұнатамын. Өйткені кішкентай балаларға сәнді, құлпыртып әдемі етіп шығаруға барымды саламын. Барлық жұмыстарымды instagram желісіне салып отырамын. Тапсырыс алған кезде оған қажетті жіп, мата, басқа да қажетті бұйымдардың сапалысын сатып аламын. Кәсібіме қатысты әлеуметтік желіде ақылы курстарды оқып, түрлі идеяларды іске асырудамын. Мәселен, мына стол шамын гүлдермен безендіріп, жаңа келбет бердім.
Қазіргі таңда корсет, сыпыра, тақия, стол шамына сұраныстар көптеп түсе бастады. Қолғанатым-қыздарым. Сүйікті ісім арқылы табыс тауып, адал еңбектің арқасында абыройға бөленіп отырған жайым бар. Мемлекеттің жан-жақты қолдауына ризашылығымды білдіремін. Әрі мені әрдайым қолдап отыратын жолдасыма алғыс айтамын, -деп ағынан жарылды кейіпкеріміз.
«Бизнес Бастау» жобасымен кәсіпкерлік сауаттылықты меңгеріп, идеясы арқылы өткен жылдың желтоқсанында 1 млн. 225 мың теңге грантты жеңіп алып, үйінен тігін бөлмесін ашқан Гүлсара Алмағамбетқызымен әңгімелескенімізде, қазіргі таңда жастардың киім кию үлгілерінде ұлттық атрибуттарды қолдану сәнге айналғандығын жеткізді.
Тігіншілік өнері арқылы өз ісін жүргізіп отырған іскер әйел өзінің жеке брендін қалыптастырып та үлгерген. Оның қолынан шыққан жастық тыстары, корсет, сан алуан тақиялар, юбка, жакет, әйелдер мен ерлердің футболкалары, сәнді көйлектер, ұлттық нақыштағы балалар киімдері көз тартады. Бағасы қолжетімді. Әсіресе ұлттық нақыштағы корсетке Алматы қаласы мен көршілес жатқан Жуалы ауданынан көптеп сұраныс түсіпті. Сондай-ақ жақын елді мекендерден instagram желісі арқылы тапсырыстар қабылдайтындығын айтып қалды. Аудандық «Кербез» би студиясы балғын бишілерінің үстіндегі көздің жауын алатын көйлектер Гүлсараның туындысы екенін білдік.
Қарапайым матадан сапалы киім-кешек шығарған тігінші өз өнімдерін өзгенің үстінен көргенде жүрегіне қуаныш ұялап, жұмысына шабыт беретіндігін жасырмады. Тағы бір айта кететін жайт, «алтын қолды тігінші» атанған Гүлсара қайырымдылық шараларына да атсалысып, тапсырыс берушілердің кейбір санаттарына жеңілдік жасап отыруды үрдіске енгізіпті.
«Жеті рет өлшеп, бір рет кес» дегендей, тігіншіге тән қасиетті естен шығармай, мәртебелі өнерді кәсіп етіп келе жатқан Гүлсараның қолынан шыққан киімдер әлі-ақ әлемнің төрт бұрышын тәнті етеріне сенімдіміз.