Инвестиция: Басымдыққа ие салалар өзгерді

Инвестиция:   Басымдыққа ие  салалар өзгерді

Дамыған елдердің тәжірибесіне жүгінсек, экономикалық өсімнің өрлеуі инвестициялар тарту үрдісіне тікелей тәуелді  екеніне көз жеткіземіз. Мәселен Сингапур елінің премьер-министрі Ли Куан Ю шетелдік инвесторларға  жан-жақты қолайлы жағдай жасау арқылы экономиканың қарқынды дамуын қамтамасыз етті.

Ал тоқсан жол торабы тоғысқан Маңғыстау  аймағы  Еуропа мен Азия аражігін жалғар алтын көпір, ашық қақпа ретінде  геосаяси алаңда аса жоғары маңызға ие.  Сан тарам халықаралық көлік дәліздерімен жанасатын  инвестициялық әлеуеті зор  аймақ экономикалық даму жағынан құлашын кең сермеп келеді. Мәселен соңғы  жылдары Маңғыстау өңірі  инвестициялар көлемі жағынан еліміз бойынша үздік үштіктен көрінді. 

Маңғыстау облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, соңғы үш жылда облыс экономикасына негізгі капиталға 3,3 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл қаржы құюға дайын инвесторлар  сенімінің беріктігін, әрі өңірдің инвестициялық тартымдылығының артқанын айғақтайды.

Қазіргі таңда Маңғыстау облысының инвестициялық портфелі 76 жобаны қамтиды. Аталған жобаларды 2026-2032 жылдар аралығында іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады делінген. 

Еліміздің экономиканы әртараптандыру саясатына сәйкес жер қойнауындағы табиғи қазба байлықтарға ғана иек артпай,  өзге өндіріс көздерін тауып, өңдеу өнеркәсібінің үлесін ұлғайту бағытында жаңа зауыттар салу – басты меже. Осыған сәйкес облыста  мұнай-газ өндірісінен бөлек ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау салаларына инвестицияларды бағыттауға күш жұмылдырылып жатыр.

Атап айтқанда, облыс әкімдігі ұзақ мерзімді экономикалық өсімді қамтамасыз ететін және жаңа жұмыс орындарын құратын шикізаттық емес салаларды дамыту бойынша кешенді жұмыстар  атқарып жатыр. Соның әсерінен соңғы жылдары инвестиция тартуда басымдық берілетін салалар өзгеріп келеді. Бұрын негізгі назар мұнай-газ және энергетикаға аударылса, бүгінде инвесторлардың қызығушылығы ауылшаруашылығы, логистика, цифрландыру және жоғары технологиялық өндірістерге ойысып отыр. Атап айтқанда, Маңғыстау өңірінде басым бағыттар ретінде көлік-логистика кешені, агроөнеркәсіп секторы және туризм айқындалған. Инвестиция тарту саласында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, ет және сүт өнімдерін өндіру, логистика, білім беру, медицинаның келешегі зор екенін көрсетіп келеді. 

Маңғыстау облысы – халықаралық көлік дәліздерінің тоғысқан жерінде орналасқан стратегиялық маңызды өңір. Соңғы бес жылда Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы тасымал көлемі үш еседен астам өсті. 

Экономиканы әртараптандырудың маңызды бағыттарының бірі – Каспий аквамәдениет кластерін құру. Өңірде жалпы құны 27 млрд теңгеден асатын балық шаруашылығы жобалары жүзеге асырылып, олардың аясында 260-тан астам жаңа жұмыс орны құрылады. Сонымен қатар, түйе шаруашылығы негізінде экспортқа бағдарланған агроөнеркәсіптік кластер қалыптастырылуда. Бұл жоба алты өндірістік кешеннің құрылысын, 290-ға жуық жаңа жұмыс орнының ашылуын және мыңнан астам фермерлік әрі отбасылық шаруашылықтың тартылуын көздейді.

Өңірдің туристік саласының да әлеуеті зор. Маңғыстау облысының аумағында бірегей табиғи және тарихи-мәдени нысандар орналасқан, бүгінде 248 туристік маршрут жұмыс істейді.

2023-2025 жылдары облысқа келген туристер саны 9,3%-ға артты. Бұл өңірдің туристер үшін тартымдылығының артып, саланың тұрақты даму үрдісін көрсетеді. Сонымен бірге, Бозжыра шатқалында визит-орталық пен туристік кешен салу жобалары жүзеге асырылып, туристік инфрақұрылымды дамытуға жеке инвестиция тарту жұмыстары жасалып жатыр.

Аталған жобаларды іске асыру өңір экономикасын әртараптандыру үдерісін жеделдетуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және Маңғыстау облысының Қазақстанның жетекші көлік-логистикалық әрі инвестициялық орталықтарының бірі ретіндегі рөлін одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.

Сараптамаларға сүйенсек, Маңғыстауда  инвестициялық салада ауқымды жұмыстар атқарылғанын байқауға болады. Әсіресе, шетелдік инвесторлардың облыста  жұмыс істеуі үшін қолайлы инвестициялық климат қалыптасқан. Шетелдік компаниялардың елімізге инвестиция салуына қолайлы жағдай жасау мақсатында инвесторлардың барлық мәселелерін жедел әрі нақты уақыт режимінде шешетін Инвестициялық штаб құрылды.

Сондай-ақ өңірде тек шетелдік инвесторларды тартумен ғана емес, отандық инвесторлардың да бәсекеге қабілетті болуына, олардың да өзіміздің нарыққа кіріп, бизнес ортада қалыптасуына жағдай жасау бағытында бірқатар бастамалар көтеріліп жатыр. Атап айтқанда, адал бәсекелестік ортаны қалыптастыруға әрі оңтайлы салық саясатты орнықтыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұның бір нәтижесі  – өңірде  ірі өндірістердің өсуімен қатар шағын және орта бизнес өз позициясын дәйекті түрде нығайтып келеді.

Қалай десек те, әрбір жоба жергілікті экономиканың дамуына бағытталған. Келісімдерде азаматтарды жұмыспен қамту, өндірісті жергіліктендіру және технология трансфері басты талаптардың бірі ретінде қарастырылатыны анық.

 

Голрох ЖЕМЕНЕЙ,

Маңғыстау облысы

 

30.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26618
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26052
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43442
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39228
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43848