Батыс Қазақстан облысының негізгі капиталына соңғы үш жылда шамамен 2,3 трлн теңге инвестиция тартылды. Өңірде инвестициялық белсенділік артып, бұл бағытта тұрақты оң динамика қалыптасып келеді.
Бұл туралы БҚО кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұржан Өтепбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәжілісінде мәлім етті.
– Мемлекет басшысы өткен жылдың қыркүйек айындағы өз Жолдауында өңдеу өнеркәсібін дамытуға жаңа серпін беру қажеттігін атап өтті.
Бұл саланың дамуындағы оң динамиканы атап өткен жөн, бұл Президент қойған міндеттердің орындалуын айғақтайды. Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 2025 жылы 379,7 млрд теңгені құрады және 2024 жылмен салыстырғанда 12,2%-ға артты.

Өсім дайын металл бұйымдары саласындағы өнім шығару көлемінің 2,6 есеге, жеңіл өнеркәсіпте 2,2 есеге және мұнай өңдеуде 1,7 есеге ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді, – деді Нұржан Сапаркелдіұлы.
Биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша өңдеу өнеркәсібінде 510 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Саланы дамытуға 57,2 млрд теңге инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда төрт есеге артқан. Өңірде өндірілген өнімнің 281,7 млн АҚШ долларын құрайтын бөлігі экспортқа шығарылыпты. Сонымен қатар инновациялық белсенді кәсіпорындардың үлесі 2,5 пайыздық тармаққа өсіп, 9,6 пайызға жеткен.
Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемінің тұрақты өсімін қамтамасыз ету және межеленген көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында бірқатар инвестициялық жобалар іске асырылып жатқаны белгілі болды.
Басқарма басшысы бұл ретте келесі жобаларды атап өтті: Синтез Урал» ЖШС құрылысын жүргізіп жатқан қоспалы өнімдер шығаратын зауыт пен «Ural Electric» ЖШС жолға қойған италиялық жабдықтар негізінде алюминий сым өндірісі. Ал «QazExpoCentre-Pipe» ЖШС-де шегендеу және сорғы-компрессорлық муфталар өндірісі іске қосылса, «Батыс мұнай газ жабдықтары» ЖШС-де су мен газға арналған шарлы крандар шығаратын цех ашылған. Ал «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС газ, су және кәріз жүйелеріне арналған үш қабатты құбырлар өндірісін бастапты.
Бұлардан бөлек, «Стекло-Сервис» ЖШС шыны өңдеуге арналған заманауи сандық бағдарламалық басқару орталықтарын іске қосқан. Айтуынша, 2026-2030 жылдары 6012 жаңа жұмыс орнын құрумен құны 1,8 трлн теңгені құрайтын 25 жобаны іске асыру жоспарланған.
Нұржан Сапаркелдіұлы кәсіпорындардың жүктемесін қамтамасыз ету мақсатында ірі жер қойнауын пайдаланушылармен тұрақты түрде кездесулер өткізіліп тұратынын айтты.
– «North Caspian Operating Company» өкілдерімен кездесу барысында және КПО б.в. форумы мен көрмесі аясында «Оралагрореммаш» АҚ-мен өрт сөндіру техникасын жеткізуге шарттар жасалды. «North Caspian Operating Company» компаниясы «Функе Қазақстан» ЖШС өндірген жылу алмастырғыштарды, «West Oil» ЖШС өндірген мұнай мен газдың сапасы мен көлемін бақылау жүйелерін және «Оралагрореммаш» АҚ өндірген арнайы автотехниканы сатып алуға қызығушылық танытты. Өткен жылы өңірімізге «Қаламқас-теңіз», «Хазар» және «Әуезов» кен орындарын игеруге кірісетін «Kalamkas – Khazar Operating» ЖШС, «ҚМГ Инжиниринг» ЖШС және IMB орталығы жұмыс сапарымен келген болатын. Ағымдағы жылы «Теңізшевройл» ЖШС және IMB орталығының өкілдері келіп, олар да жергілікті компаниялардың тауарларын сатып алуға ниет білдірді. Ел Президентінің тапсырмасы бойынша БҚО-да инвесторлар үшін барлық жағдай жасалуда, бұл ең алдымен қолайлы инвестициялық климат болып табылады және ол нақты көрсеткіштермен дәлелденеді, – деді басқарма басшысы.
Соңғы үш жылда өңірдің негізгі капиталына шамамен 2,3 трлн теңге инвестиция тартылған. Осы кезеңде инвестиция көлемінің жыл сайынғы өсімі орта есеппен 15 пайызды құраған. 2025 жылдың қорытындысында инвестиция көлемі 13,7 пайызға өсіп, 874,5 млрд теңгеге жеткен. Ал биылғы төрт айда 182,6 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17 пайыздық өсім көрсетіпті. Бұл жоспарлы меженің 7,4 пайызға артығымен орындалғанын аңғартады. Басқарма басшысы жеке және тікелей шетелдік инвестициялар көлемінің тұрақты өсіп келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібіне бағытталған инвестициялардың да оң серпін көрсетіп отырғанына тоқталды.
Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа аясында өңірде жалпы құны 2,7 трлн теңгені құрайтын 100-ден астам жоба жүзеге асырылуда. Былтыр 542 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берген 31 жоба іске қосылған.
2025-2026 жылдары өңірлік инвестициялық штабтың 20 отырысы өтіп, олардың барысында 30-дан астам инвестициялық жобаның бастамашыларына қолдау көрсетілген.
– Бұл салада жүргізіліп жатқан жұмыстар өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемін ұлғайтуға, инвестициялық ахуалды жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және салық базасын кеңейтуге мүмкіндік береді, – дейді Н. Өтепбаев.
Ләззат ҚАЖЫМОВА,
Батыс Қазақстан облысы














