Қазақстан алыс-жақын шетелдермен болған ынтымақтастықты дамыту жағында дипломатиялық әріптестікпен қоса инвестиция тарту, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту жағына айрықша көңіл аударып келе жатқан мемлекет. Ішкі-сыртқы саясаттағы анық мақсаттар мен жылдар бойы жүргізген тұрақты экономикалық реформалар нәтижесіз қалған жоқ. Қазақ елі қазіргі таңда тұтас ТМД аумағында шетелдерден инвестиция тарту көрсеткіші бойынша алдыңғы орынға шықты. Ал соңғы жылдары Орталық Азия аймағына шетелдерден келген инвестицияның басым бөлігі Қазақстанға келген екен.
Инвестициялық тартымдылық
Қазақ елі Еуразия құрлығының арасын жалғап жатқан маңызды аймақта орналасқандықтан, тарихтан бері қос құрлықты жалғаған ұлы Жібек жолы біздің елді басып өткені мәлім. Ал сауда-экономикалық байланыстар барған сайын арта түскен бүгінгі таңда географиялық жағынан мұндай артықшылық тіпті де маңызды орынға шықты. Отандық сарапшылар біздің елдің шетел инвестициясын тартудағы басымдықтарын стратегиялық орналасуы, бизнеске қолайлы ортасы, инвесторлардың құқықтарын қорғау, инвестициялық ынталандырулар, саяси тұрақтылық, шикізаттың мол қоры, адам капиталы, табиғи ресурстардың молдығы сынды бірнеше түйінге жинақтаған екен. Соңғы жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл салаға айрықша көңіл аударып, Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеді. Мұнда 2029 жылға қарай ұлттық экономика көлемін 2 есе, яғни 450 млрд $ дейін ұлғайту жөнінде маңызды міндет жүктелді. Сондай-ақ «Инвестиция тарту ісінде «бюрократияға мүлде жол жоқ – барынша нақты іс-әрекет» қағидаты басшылыққа алынуы қажет. Инвестициялық жобаларды «жасыл дәліз» қағидаты бойынша қолдау жүйесі енгізіледі. Бұл инвесторларға рұқсат беретін құжатты алу ісін оңайлатады және жеделдетеді», – деді Президент.
Осы маңызды тапсырманы орындау мақсатында Үкімет әлемдегі ірі экономикалық құрылымдармен қоса дамушы елдермен болған жан-жақтылы селбестікті онан ары тереңдету жолында нақты қадамдар жасап келе жатыр. БРИКС елдерімен болған әріптестігіміз күн сайын артып келеді. Жүргізіліп жатқан нақты жұмыстар өз жемісін беріп жатыр. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан әлемдегі инвестициялық тартымдылығы жоғары ТОП-10 мемлекеттің қатарына қосылды. Бұл қорытындыны Ұлыбританиядан шығатын fDi Intelligence басылымы жариялады. Мұнда танымал басылым өз зерттеулеріне Халықаралық валюта қорының дерегі, fDi Markets шетелдік инвестициялар мониторингінің қорытындысы мен әлемдік макроэкономикалық көрсеткіштері, бұдан өзге тікелей шетелдік инвестициялардың динамикасын негізге ала отырып талдау жасаған.
Араб әлемімен ынтымақтастық
Әлемдік маңызды экономикалық ұйымдармен болған ынтымақтастықтың тереңдеуі еліміздің әлеуетін еселей түсері анық. Біз аймақтағы шиеленістердің күрделі жағдайларына қарамастан, өз мақсатымызды орындау жолында бейбіт те берекелі қарым-қатынас жолын басып келеміз. Соның бір мысалы Орта Азияны қойып, күллі дүниенің бас ауруы болған Ауғанстанның өзімен сауда-саттық көлемін арттыруды, Ауғанстан жерімен теміржол арқылы теңізге жетуді жоспарлап отырған жайымыз бар. Сөз реті келгенде айтып жатқанымыз болмаса, кезекті жазбамыздың мақсаты Қазақстанның Парсы шығанағындағы елдермен, Араб әлемімен болған инвестиция тарту, сауда-экономикалық ынтымақтастық жайында болып отыр.
Сәуірдің соңында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Парсы шығанағы елдерінің ірі инвестициялық қорларының және компанияларының өкілдерімен кездесулер өткізіп қайтқан еді. Бұл жыл сайын өтетін Ислам даму банкі тобының дәстүрлі отырысы қарсаңында болды. Қазақстаннан барған топтың жетекшілері кезекті жиналыс барысында қатысушыларды қаржыландырудың әлеуетті бағыттары туралы, сондай-ақ Үкіметтің инвесторларды қолдау шаралары және ҚР инвестициялық ахуалын жақсарту жөніндегі шаралар туралы баяндаған. Министрліктің сайтында жарияланған материалда кезекті жиналыс туралы жан-жақтылы ақпараттар берілді.
– Ислам даму банкі тобының қатысушыларының және өңірдің ірі инвестициялық қорларының біз үшін басым болып табылатын экономика секторларындағы жобаларды іске асыруға мүдделі екенін көріп отырмыз. Бұл ең алдымен Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленіп жатқан Ұлттық инфрақұрылымдық жоспардың жобалары, сондай-ақ индустриялық, энергетикалық және агроөнеркәсіптік жобалар, – дейді Нұрлан Байбазаров. Кезекті басқосу барысында қазақстандық делегаттар шетелдік әріптестерімен ұзақ мерзімді жеңілдікті қарыздар, жобаларға тікелей инвестициялар, исламдық және корпоративтік қаржыландыру, сондай-ақ жобаларды дайындау әрі қазақстандық мамандардың біліктілігін арттыруда гранттар беру мен техникалық қолдау турасында біраз мәселелерді қарастырған. Келіссөздер Сауд Арабиясының даму қорымен (SFD), ОПЕК Халықаралық даму қорымен (OFID), Кувейт араб экономикалық даму қорымен (KFAED), Әбу-Даби даму қорымен (ADFD) және Жеке секторды дамыту жөніндегі Ислам корпорациясымен (ICD) және т.б. жүргізілген.
Сауд Арабиясындағы кезекті жиналыста Нұрлан Байбазаров мырза Қазақстаннан басқарушы ретінде ИДБ тобының президенті Мұхаммед Әл-Джассермен, сондай-ақ Инвестициялар мен экспорттық кредиттерді сақтандыру жөніндегі Ислам корпорациясының (ICIEC) бас атқарушы директоры Усама Каиссимен кездесулер өткізген.
«Мұхаммед Әл-Джассермен өткен кездесудің басты тақырыбы Қазақстанның су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту жобаларын қаржыландыру болды, бұл биылғы бұрын-соңды болмаған су тасқынына байланысты Үкіметтің басым міндеті болып табылады. Еліміздің су-ресурстық әлеуетін сақтау мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында су қоймаларын, гидротехникалық құрылыстарды, ирригациялық жүйелерді салу әрі реконструкциялау, су үнемдеу технологияларын цифрландыру және енгізу бойынша бірқатар шұғыл шараларды іске асыру қарастырылып жатыр.
Келіссөздер қорытындысы бойынша ИДБ тобының ауқымды инвестицияларын ҚР су саласының жобаларына бағыттау, сондай-ақ жобалардың техникалық құрамдас бөлігін дайындауға гранттар бөлу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Алғашқы транштар биыл жүзеге асырылмақ.
ICIEC-пен келіссөздер аясында «Бәйтерек» холдингінің ұйымдарымен – KazakhExport экспорттық-кредиттік агенттігімен және Қазақстанның даму банкімен қайта сақтандыру, сақтандыру әрі кепілдік беру жөніндегі ынтымақтастық туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді. Компаниялар ICIEC-пен көлік инфрақұрылымы, сауданы қаржыландыру, сонымен қатар инвестицияларды сақтандыру саласында бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі» деп хабарлады министрліктің ресми сайты.
Қазақстан нарығына қомақты инвестиция салып отырған елдердің қатарына биыл Қатар мемлекеті қосылған болатын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтің биыл наурызда Қатар мемлекетіне жасаған ресми сапары кезінде екі ел арасында энергетика және ауылшаруашылығы секторын дамытуға құны 17,6 млрд доллар болатын жобаларды жүзеге асыруға келісімдер жасалғаны есімізде. Осылайша Қатар мемлекеті қазірге дейін қазақ еліне қаржы салып отырған алпауыттарды басып озып, алдыңғы орынға шығып еді.
Ислам даму банкі 1973 жылы құрылған, әлемдегі танымал әрі ықпалды қаржы ұйымдарының бірі. Оның мақсаты ИДБ-не мүше емес елдердегі мұсылман қауымдары мен мүше елдердің экономикалық дамуы мен әлеуметтік прогресіне қолдау көрсету болып табылады. Ислам даму банкі көбінесе ауылшаруашылығын сумен қамтамасыз ету, канал тарту тәрізді агротехникалық және инфрақұрылымды дамыту мақсатындағы жобаларды қаржыландыруды дәстүрге айналдырған. Мүшелерінің құрамына 52 мемлекет кіреді. Қазақстан бұл топқа 1996 жылы қосылған.
PS: Қазақстан араб елдерімен болған сауда-экономикалық байланыстарының көлемі жыл сайын артып келеді. Мәселен 2023 жылы Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы өзара сауда-саттықтағы тауар айналымының көлемі 14 млрд долларға жуықтаған екен. Парсы шығанағы аймағындағы негізгі сауда-экономикалық серіктестеріміздің арасында БАӘ де бар. Соңғы жылдары екіжақтылы сауда айналымы 1 млрд долларға жуықтады.