Кәсіпкер ананың алма бағына шабуыл үдеп барады

Кәсіпкер ананың алма бағына шабуыл үдеп барады

Елімізде шағын және орта кәсіпкерлікке қамқорлық жөнінде Президентімізден бастап мемлекетіміздегі лауазымды қызметкерлердің, депутаттардың тамаша сөздері көңілді тоғайтады. Бірақ іс жүзінде олай емес екендігі жөнінде деректер көп. Әлбетте барлық кәсіпкерлердің жағдайы ада-күде жаман деп айта алмайсың. Әкімшілік және басқа да тиісті орындар тарапынан неше түрлі қитұрқы қысым көп екендігі жөнінде кәсіпкерлердің шағымдарын естіп те, көріп те жүрміз. Соның бірі біз 4 айдан бері назарымыздан түсірмей келе жатқан мына төмендегі жағдай.

«Кәсіпкер ананы 9 жыл сандалтқан жер дауы» (21 мамыр, 2026 ж.) деген сыни мақаланың шыққанына да 4 айдан асты. Оның басына Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының және «Аманат» пен «Әділет» партияларының назарына деп сілтеме қойғанбыз. Жеке кәсіпкер Тұрсынхан Капчитова анасы мұрагерлікке қалдырған Алматы қаласы, Медеу ауданы, Құлжа тракт 98 учаскесіне (0,686 га) жеке кәсіпкер (ЖК) шаруа-қожалығы ретінде 2013 жылы мемлекеттік акт алған. Міне, содан бері кәсіпкер Капчитованың көрген қорлығы мен зорлығы туралы жоғарыда аталған мақалада толық егжей-тегжейлі жазғанбыз. Кәсіпкер Капчитова отбасымен осы учаскесіне 2022 жылы 587 алма және 104 терек еккен. Биыл сол алмабағы алғаш рет өнімін берді. Дегенмен отағасысы Нұраділ Барманбеков пен оның отбасының қуанышы ұзаққа созылмады. Биыл қаңтар айында алма баққа баратын жолды әлдекімдер жауып тастайды. Содан бері олар жерлеріне жаяу барады. Ең сорақысы жеміс ағаштарын суаруға арнаулы «водовоз» жалдайтын болды. Одан кейін аяқ астынан «бұл алма бақ қызыл сызықта тұр» деген сылтау табады. Одан кейін өзге бөтен жер учаскесін өлшеп оған төмен баға қойып, «осы бағаға жерді бересіңдер» деген өкім келді өңмеңдеп. Одан «сендердің жерлеріңнен жол өтеді» деп оны екіге бөліп сатып алмақшы болды. Жалпы осылай өзара соттасу, кінәласу, прокуратураны жағалау, құзырлы орындардың табалдырығын тоздырып, есіктерін қағу сияқты сергелдеңдер басталып, жалғасып кетті. Қысқасы, шешілмеген түйіндер көбейді. Жер иесі Капчитова бұл ауырлықты көтере алмай төсек тартып қалды. Екі ұлымен бірге әрі-бері шапқылаған жетпістен асқан Нұраділ қарт әбден шаршап қалжырады. Бірақ олар күресуден талмады. Алмалыққа осылай шабуыл күшейген үстіне күшейді. Шіркін, ол алма бақтың болашағы зор еді. Тонна-тонна апорттар қалалықтардың несібесіне айналып, берекесін тасытар еді ғой.

Иә, ол алма бақтың қазір жан-жағын экскаваторлармен қазып, терең шұңқырлар қазып тастаған. Бұл жерге Алматының Венециясын жасамақшы екен. Жапа шеккен кәсіпкерлер бұған қарсы емес. Көңілдеріне жағатын әділ бағасын қойса учаскесін бермекші. Бірақ әкімшілік асығатын емес. Олар алма бақ иелерін соңғы екі айда екі рет сотқа берді. Екінші сотын бір айға ұзартыпты. Прокуратура да солай. Сонда олардың көздегені не? Әбден шаршатып барып бұлардың жерін тартып алмақшы ма?

Өткен жұмада әділеттік іздеп кәсіпкерлермен бірге «Әділет» партиясына бардық. Жылы шыраймен қарсы алған. Қоғамдық қабылдау бөлімінің басшысы Гүлсара Мәдибекқызы Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасына апарды. Заңгер-сараптамашы Бауыржан Бегенов ақыл-кеңесін берді. Осы аптада Алматы қаласының мәслихат депутаты Зәуреш Өмірбаева қабылдады. Ол да ақыл берумен шектелді. «Бұл іске ықпал ете алмаймыз» деп ол шарасыздық танытты. Түсінбедік. Егер ол көмектесе алмаса несіне депутат болып жүр?

Сонымен тағы бір кәсіпкерлік шаруа қожалығы тығырыққа тіреліп тұр. Сеніп барған «Әділет» партиясы да, депутат та, тіптен атақты «Атамекен» де қауқарсыз. Сонда олар қай жерге барса әділеттілік табады? Айтыңдаршы, ағайындар-ау?!

Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ 

 

08.10.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 28423
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 27924
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 45262
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 40909
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 45581