КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ҚОЛДАУЫМЕН ҚОҒАМДЫҚ КЕҢІСТІКТЕР АБАТТАНДЫРЫЛУДА

КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ  ҚОЛДАУЫМЕН ҚОҒАМДЫҚ  КЕҢІСТІКТЕР АБАТТАНДЫРЫЛУДА

Ақтөбе күн санап көркейіп келеді. Ақтөбе қаласы әкімінің үндеуін қолдаған кәсіпкерлердің демеушілігімен қалада 26 қоғамдық кеңістікті жаңарту және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі. Кейбір ескі аумақтар қайта жөнделсе, қараусыз жатқан жерлерде жаңа саябақтар мен скверлер бой көтеріп жатыр.

Солардың бірі – Ақтөбе қаласындағы Маресьев көшесі мен Бейбітшілік даңғылының қиылысындағы саябақ. Мұнда Семей ядролық полигоны құрбандарына арналған ескерткіш орналасқан. Ұзақ жылдар бойы тозығы жеткен қоғамдық кеңістік «Анвар» сауда желісінің демеушілігімен толық жаңартылды. Кәсіпкерлік қаражат есебінен жаяу жүргіншілер жолдарына брусчатка төселіп, жаңа жарықтандыру бағандары мен шамдар орнатылды. Ескерткіш жаңартылып, граниті ауыстырылды. Сондай-ақ суару жүйесі жүргізіліп, аумақ көгалдандырылды. Орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылып, балаларға арналған ойын алаңы жасалды.

Жұмыстардың барысын «Анвар» сауда желісінің басшысы Талғат Салфиков қала әкімі Азамат Бекетке таныстырды. 

– Қала әкімінің абаттандыруға үлес қосу туралы үндеуін қолдап, үш жылдан бері тұрғындарға қолайлы демалыс орындарын жасауға атсалысып келеміз. Бұл жолы да аумақты толық жаңартып, тұрғындарға жайлы кеңістік қалыптастыруға тырыстық, – деді кәсіпкер.

Қала әкімі өз кезегінде кәсіпкерге алғыс білдіріп, атқарылған жұмыстың тұрғындар үшін маңызын атап өтті.

– Сіз бұған дейін 11-шағын ауданға кіреберісте аллея жасап, өткен жылы Есет батыр тұрғын алабында 1,5 гектар аумақта жаңа саябақ салдыңыз. Биыл да тозығы жеткен скверді жаңартуға жауапкершілікпен қарадыңыз. Тұрғындар атынан алғыс айтамын, – деді Азамат Бекет.

 «Таза Қазақстан» акциясы аясында қаладағы қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және жаңа скверлер салу жұмыстары жалғасуда. Өткен жылы кәсіпкерлердің демеушілігімен 15 саябақ абаттандырылса, биыл 26 қоғамдық кеңістікті жаңарту жоспарланған. Оның ішінде ескі скверлер қайта жаңғыртылып, мемлекет меншігіне қайтарылған жерлерде жаңа демалыс орындары құрылуда.

Сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы Алтынсарин көшесіндегі, бұрынғы «Қазақстан» кинотеатрына қарама-қарсы орналасқан аумақ та абаттандырылды. Кәсіпкерлердің қолдауымен 2 мың шаршы метр жер жаңартылып, бұрын қараусыз жатқан аумақ шағын жасыл аллеяға айналды. Мұнда ұңғыма бұрғыланып, суару жүйесі жүргізілді, аумаққа бұталар мен гүлдер отырғызылды. Электр бағандары мен саябақ шамдары орнатылып, антивандалдық орындықтар қойылды. Сонымен қатар брусчатка төселіп, асфальт жабындысы жаңартылды. Ақтөбе қаласындағы «Мәңгілік алау» монументінің артындағы саябақ та ұзақ жылдардан бері тозып тұр еді. Биыл қала әкімінің қаланы абаттандыру туралы үндеуін қабыл алған «Вибромастер Қазақстан» компаниясы өз қаражатына осы саябақты қалпына келтіріп, жаңалап берді. Қала әкімі Азамат Бекет ақтөбеліктердің атынан демеушілік жасаған компания басшылығына алғысын жеткізді. Олар жаңа жарықтандыру тіректері мен шамдарын орнатып, жаяу жүргіншілер жолдарына кеспе тас төсеп, балалардың ойын алаңдары мен спорт алаңдарын жаңалап бергендерін көрсетті.

– Барлығын жаңалауға тырыстық. Әбден тозған баскетбол алаңын, воркаут аймақты, балалардың ойын алаңын жаңарттық. Сынған ескі кеспе тастардың ішінен бүтіндерін іріктеп алып, шеткері жақтардағы адамдар жүріп жол қылып тастаған жерлерге төседік. Ал жаяу жолдарға негізінен жаңа кеспе тас төсеп шықтық. Бұл – қаланың тұрғындарына жасаған сыйлығымыз, – деді компания өкілдері.

Кәсіпкерлердің мұндай әлеуметтік бастамалары қаланың көркеюіне ғана емес, тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз қоғамдық кеңістіктердің көбеюіне де мүмкіндік беріп отыр.

Мейрамгүл ТАБЫН,

Ақтөбе қаласы

 

02.09.2026

Ұқсас жаңалықтар

Ақтөбеде қала педагогтерінің дәстүрлі тамыз кеңесі өтті
Мейрамгүл ТАБЫН, Ақтөбе қаласы - 02.09.2026 226

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27588
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 27093
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 44435
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 40176
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44778