Ақтөбеде халықты жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларының бірі – қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстары жүйелі жүргізіліп келеді.
Оқытудың негізгі мақсаты – еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды қысқа мерзімде меңгеру арқылы жұмыссыз азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту.

Атап айтқанда, тігінші, шаштараз-стилист, электр жабдықтарына қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі электромонтер, аспаз, есепші, кондитер, тәрбиеші көмекшісі мамандықтарын меңгеруге болады.
«Ақтөбе қаласының мансап орталығы» филиалының директоры Айна Мурзатаеваның айтуынша, биыл 100 адамды түрлі мамандық бойынша қысқа мерзімді кәсіби оқыту жоспарланған.
– Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында басталған жобаның басты мақсаты – халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту.

Жалпы, бұл – жұмыссыздықты жоюға әсер ететін шарапатты шара. Ең бастысы, жұмыссыздардың «мен жұмыс істеймін» деген ынтасы болуы керек. Қысқа мерзімдік кәсіби оқытудан өткен жұмыссызға білім алғаны туралы сертификат беріледі. Сондай-ақ жұмыс берушілердің өтініміне сәйкес тұрақты жұмысқа орналастырылады.
Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасы НППРК «Атамекеннің» реестрі арқылы жұмыс берушілердің сұранысына ие мамандықтар: шаштараз, тігінші, кондитер, аспаз, электромонтер, электр және газ дәнекерлеуші (электрогазосварщик), токарь, балабақшадағы күтуші көмекшісі бойынша оқыту жоспары бекітілді.

Үміткерлер тегін оқиды, 43 574 теңге шәкіртақы алады. Сондай-ақ 2 айлық есептік көрсеткіш көлемінде медициналық тексеруден өту үшін төлемақы бойынша мемлекеттік қолдау көрсетілді және оқуды аяқтағаннан кейін сертификат беріліп, тұрақты жұмысқа бағытталады, – дейді Айна Мурзатаева.
Жұмыс берушілердің сұранысы бойынша биыл шаштараз, тігінші, кондитер, аспаз, электр жабдықтарын жөндеу және оларға қызмет көрсету жөніндегі электрші, электр және газбен дәнекерлеуші, есепші мамандықтары бойынша барлығы 80 адам оқуға жолданған.
М. ТАБЫН, Ақтөбе














