Атырауда шағын көлемді кемелерге бақылау күшейтілді. Шілде айынан бері 10-нан астам рейд өткізіліп, қауіпсіздік талаптарын бұзған 8 кеме иесіне әкімшілік хаттама толтырылған. Қазір өңірде 3 500-ге жуық шағын көлемді кеме тіркелген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлап отыр.
Облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Азамат Жұмекешовтің айтуынша, рейдтердің басты мақсаты – азаматтарды жазалау емес, құқық бұзушылықтың алдын алып, судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
– Рейд барысында кемелердің мемлекеттік тіркеуден өтуі, техникалық куәландыру мерзімі және судағы қозғалыс ережелерінің сақталуы тексеріледі. Шағын көлемді кемелердің қозғалыс жылдамдығы сағатына 20 шақырымнан аспауы тиіс. Сондай-ақ ұзындығы 20 метрге дейінгі кемелерге 12 адамнан артық отыруға болмайды, – деді ол.
Кеме жүргізушілеріне қойылатын негізгі талаптардың бірі – құтқару кеудешесін дұрыс киіп, барлық бекіткішін толық тағу және судағы қозғалыс кезінде қауіпті маневрлерге жол бермеу.
Талаптарды бұзғандарға құқық бұзушылықтың сипатына қарай 2-ден 10 АЕК-ке дейін әкімшілік айыппұл қарастырылған. Былтыр облыста 3 387 шағын көлемді кеме тіркеліп, 260 кеме тексерілген. Нәтижесінде 73 әкімшілік хаттама рәсімделген.














