Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ақмола облысында «AQMOLA URBAN FORUM: Реновация және заманауи урбанизация» атты республикалық семинар-кеңес Көкшетау қаласында екі күнге жалғасты.
Форум жұмысына ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов бастаған министрлік өкілдері, облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Бұған дейін урбанистика саласындағы кеңес Астана қаласында өткен болатын.
Жиынды Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов ашып, шараның маңызына тоқталды. Әкім алғы сөзінде:
«Бүгінде Ақмола облысы экономикалық өсім, инвестиция тарту және тұрғын үй құрылысын тұрғызуда еліміздің жетекші өңірлерінің біріне саналады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі жағынан елімізде бірінші орынға шықты. Қалалық ортаны жаңғыртудағы жетістіктеріміз жалпы экономикалық даму қарқынымен тығыз байланысты. Өңірімізде ауқымды жоспарларды жүзеге асыруға қажетті барлық ресурстар жеткілікті» – деп атады.
Урбанистика (латынның urbanus деген сөзінен шыққан) «қалалық» деген мағынасын, қала құрылысын зерттеудің жиынтық термині дегенді білдіреді екен. Форум барысында қалалық ортаны кешенді дамыту бағытында жүзеге асырылған жұмыстар таныстырылып, қатысушылар пікір алмасты. Негізгі жобалардың бірі ретінде – «Жеңіс» саябағы, «Даңқ» аллеясы, Тәуелсіздік алаңы және Қопа көлінің жаңа жағалауын жалғаған ауқымды «Көк шалғын» қалалық жобасын қонақтар аралап танысты.
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов сөз кезегінде Ақмола облысында тұрғын үй қорын реновациялауға тұрақты назар аударып отырғандығын атады. Ол сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы өңірге жасаған жұмыс сапары кезінде Ақмола облысында жүзеге асырылып жатқан ескі тұрғын үйлерді жаңарту бағдарламасына жақсы баға беріп, Ақмоланың тәжірибесін еліміздің басқа өңірлеріне таратуды тапсырғандығын көпшілікке жеткізді.
Соңғы екі жылда Көкшетау қаласы, Бұланды, Бурабай және Аршалы аудандарында 23 ескі тұрғын үй сүріліп, тұрғындар үшін 763 пәтерлі 10 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Нәтижесінде 248 отбасы баспанаға қол жеткізсе, жыл соңына дейін тағы 130 отбасы үйлі болу жоспарланған. Қалалық кеңістіктерді ұйымдастырудың үлгісі ретінде форум қонақтарына Көкшетау қаласындағы «Жаңа жағалау» мен «Көк шалғын» серуен аймағы бойынша жаяу экскурсия ұйымдастырылып, реновация бағдарламасы аясында салынған тұрғын үйлер көрсетілді.
– Қазіргі таңда қалалық кеңістікті жаңғыртуға мүмкіндік беретін жаңа мемлекеттік бағдарламалар бар. Біздің міндетіміз – оларды тұрғындар үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру үшін тиімді пайдалана білуіміз керек, – деген Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов расында өзі бастап осы бағыттағы бар мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, халық үшін игілікті істерді іске асырып жүр.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов:
– Урбанистикалық өзгерістердің басты мақсаты бюджет қаражатын игеру емес, ол тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты нәтиже болуы тиіс! – деді нақты ұстанымдағы әкім.
Дахан ШӨКШИРҰЛЫ,
Ақмола облысы














