Кешенді химиялық зауыттың келешегі кемел

Кешенді химиялық  зауыттың келешегі кемел

Аймақта өңірдің  өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға, кез келген салада импортқа тәуелділікті төмендетуге, шағын және орта бизнесті ынталандыруға бағытталған  мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жобалар саны артып келеді. Бұл бастамалар экономиканы әртараптандыруда, халықты жұмыспен қамту мен әл-ауқатының өсуін қамтамасыз етуде маңызды рөл ойнайды. Озық технологиялық шешімдерді пайдалану арқылы импорт алмастыратын өндіріс ошағына айналған «Basechem» зауыты – индустриялды  аймақта желкенін желбіреткен айтулы компаниялардың бірі. 

«Basechem» компаниясы алғаш рет 2018 жылы Алматы қаласында ғылыми-зерттеу зертханасын ашқан еді. 2021 жылы Ақтау қаласының іргесіндегі   «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында өндірістік кешеннің құрылысы басталып, осыдан екі жыл бұрын  химиялық өнімдердің өнеркәсіптік өндірісі іске қосылды.

Компания өкілдерінің сөзіне сүйенсек, зауыт өнімдерінің алғашқы сынақ топтамасы отандық және шетелдік  тапсырыс берушілерге жіберілді.Бүгінде компания  өнімнің сәйкестік сертификатын және басқа да  лицензияларды рәсімдеу  үшін бірқатар жұмыс атқарып жатыр.  Алдағы уақытта жергілікті  өнім ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, экспортқа да бағытталмақшы.

Зауыттың жобалық қуаты  жылына 20 000 тонна дайын өнім өндіреді. Ал нақтылап айтар болсақ, өндіріс  желісі химиялық өнімдердің алуан түрін,  кең спектрін қамтиды. Атап айтқанда, зауыт органикалық фосфор қышқылдары мен олардың тұздарын, деэмульгаторлар мен коррозия ингибиторларын, метальды алдын ала өңдеуге арналған өнімдерді, биоцилтер, альгицидтер және суды тазартуға арналған заттарды, H2S (сутек сульфиді) мен меркаптандарды утилизаторларды, поликарбон қышқылдары мен олардың тұздарын, аминдер, амидтер, имидазолиндер және төрттік қосылыстар негізіндегі заттар, шаңды  басуға арналған химикаттар мен полиалюминий хлоридін өндіреді.

«Basechem» компаниясының өкілі Әсел Рахманова компания отандық өндірісті технологиялық жетілдірудің тиімді тетіктерін іске асырып жатқанын атап өтті. 

–  Компанияның негізгі міндеті – Қазақстанда химиялық реагенттер өндірісін жергіліктендіру, отандық технологияларды дамыту және ел өнеркәсібінің импорттық арнайы химиялық өнімдерге тәуелділігін азайту. 

Бүгінде  «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында орналасқан озық технологиялық құрылғылармен жабдықталған кәсіпорын бір мезгілде әртүрлі арнайы химиялық өнімдерді өндіретін мүмкіндікке ие, – дейді Әсел Рахманова.

Жоғарыда атап өткеніміздей, кәсіпорын өнімдері Қазақстанның ішкі нарығына жеткізіліп қана қоймай, ТМД елдеріне де экспортталады. Сонымен қатар, жергілікті өнімді Ақтау теңіз порты арқылы  Орталық Азия, Кавказ, Ресей, Қытай және Еуропа бағыттарындағы халықаралық көлік дәліздеріне жеткізу жоспарланған.

Зауыт заман талабына сай химиялық өндіріс ошағы санатына енгендіктен, мамандар үнемі ізденіс үстінде. Сондықтан оларды оқытуға, кәсіби біліктілігін ұдайы шыңдап отыруға айрықша назар аударылады.

Бүгінде өңірдегі химия өнеркәсібі саласының дамуы нарықта зор сұранысқа ие жаңа өнім шығаруды ынталандыруға бағытталған әлемдік стандарттарға сай келеді. Озық технологиялық шешімдерге негізделген әлеуеті орасан зауыт өңір экономикасын әртараптандыру мен химия өнеркәсібіндегі импортқа тәуелділікті азайтуға маңызды үлес қосады. 

Голрох ЖЕМЕНЕЙ, Маңғыстау облысы
30.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26654
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26087
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43479
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39258
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43883