КИЕЛІ ШАҺАРҒА САЯХАТ немесе ТҮРЛЕНГЕН ТҮРКІСТАННЫҢ ТІРШІЛІГІ

КИЕЛІ ШАҺАРҒА САЯХАТ немесе ТҮРЛЕНГЕН ТҮРКІСТАННЫҢ ТІРШІЛІГІ

Түркістанның аты аталса, ең алдымен тарихи орындар, киелі жерлер, оның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ойға оралары даусыз. «Жақсыны көрмекке…», – деген. Апта басында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, аудан әкімі Бақыт Қазанбасовтың қолдауымен бір топ еңбек ардагерлері киелі шаһарға саяхаттап, түрленген Түркістанның бүгінгі тіршілігіне куә болып қайтқан болатын.

Сарыкемер ауылындағы «Қоғамдық келісім орталығы» алдында тұрған автобусқа жол сөмкелерін салып, саяхатқа дайындалған ардагерлердің көңілдері көтеріңкі. Екі күндік сапарға шыққан ардагерлер қауымын аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов аудан басшылығы атынан сәт-сапар тілеп, шығарып салды. Сапарға шыққан топ мүшелерін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ермеков, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Салтанат Иманова мен аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әлия Саққұлова бастап барды.

Жол жөнекей өзара әңгіме-дүкен құрған ардагерлерге әл-Фараби атындағы мәдениет үйінің әншісі Марлен Көпешов әуелете әндер шырқап, күмбірлете күйлер орындап берсе, жедел жәрдем бөлімінің қызметкері Ахмедияр Жанқұлиев қариялардың қан қысымдарын өлшеп, денсаулықтарын қадағалап отырды.

 

 

Дәстүрлі әндерді қосыла шырқаған ардагерлер өзара ән айтудан жарысқа түсіп, алдымен межеленген Арыстан баб кесенесіне қалай жеткендерін де байқамай қалды.

Қабірі Бараб елінде,

Қаланың қыбыла жағында.

Міллеті Алла жолында,

Бабтар бабы Арыстанбаб.

 

Оң жағында Лашын баб,

Сол жағында Қарға баб.

Барша бабтың патшасы,

Бабтар бабы Арыстанбаб, – деп Қожа Ахмет Ясауидің хикметінде жырлағандай, Түркістан қаласынан 60 шақырымдай жерде бой көтерген тарихы тереңде жатқан орынға да келіп жеттік.

Арыстан баб кесенесі XII-ХІV ғасырлардағы сәулет ескерткіші Түркістан облысының ежелгі Отырар қаласының қираған үйінділерінің жанында орналасқан. Кесене ХІІ ғасырда өмір сүрген белгілі діни мистик Арыстан баб мазарының үстіне тұрғызылған. Баб сөзі ерекше мәртебеге ие адамдардың аттарына қосылған. Арыстан баб Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы болған. Сол себептен, Ахмет Ясауидің кесенесіне жол тартқан әрбір зияратшы алдымен оның ұстазының кесенесіне түнеген.

Қазір кесене қабір мен мемориалдық мешіт болып табылады және мұсылмандардың қажылық орны ретінде белгілі. Сондықтан болар, бұл кесенеге құлшылық етуге бүкіл өңірден адамдар келеді. Кесененің ауданы 35×12 метр. Ұзын басты қасбеті екі мұнарамен қапталып, бұйра кірпішпен безендірілген. Сақталған ғимарат ХХ ғасырдың алғашқы онжылдығында салынса, 1982 жылдан бастап Арыстан баб кесенесі мемлекеттің қорғауында екен.

Арыстан баб Түркістан қаласында өмір сүрген. Аңыз бойынша, ол өзінің шәкірті Қожа Ахмет Ясауиге “Мен бақилық болған соң, денемді ақ бураға артып, еркіне жібер. Ақ бура тоқтап, шөккен жерге мені жерлеңдер”, – деп өсиет айтқан екен. Осылайша, Арыстан бабтың денесі артылған түйе Түркістаннан шығып, Отырар маңайына тоқтаған.

Арыстан бабтың кесенесінің тұрғызылу тарихы қызық. ХV ғасырда атақты қолбасшы Әмір Темір ел билеуші болып, жорыққа шыға бастаған кезінде Қожа Ахмет Ясауи түсінде аян беріп: “Сен менің басыма ғимарат тұрғыз, менің аруағым сені демеп жүреді”, – депті. Сонда Әмір Темір: “Мен сізді қайдан табамын?” – дегенде, “Жолды мен өзім көрсетемін”, – деген екен. Сонымен тәуекелге бел байлап, Әмір Темір Қожа Ахметті іздеп шығыпты. Ұзақ жүріп Түркістан шаһарына келгенде, түсінде аян беріп, жатқан жерін айтады. Таңертең ерте барып қараса, шынында кішкене ғана мазарат тұр екен. Қолбасшы құран оқып, бірден істі бастапты. Ол ұлы бабаның басына әлемде теңдессіз кесене тұрғызуға бекінеді. Жарты әлемді билеген әміршіге кесене деген не тәйірі, жер-жерден ұсталар, бәдізшілер, шеберлерді іріктеп алдырыпты.

Қызу тірлік басталып, кесене құрылысы аяқталуға шақ қалады. Бірақ, түн ішінде белгісіз біреулер нысанның тас-талқанын шығарып кетеді. Құрылысшылар кесененені қайта қалап, жұмысты бітіруге таяғанда сол оқиға тағы қайталанады. Әмір Темір таңертең бұзылып жатқан құрылыс орнын көреді. Басына қарауыл қояды. Олар да таң алдында ұйықтап кетіп, нысанды кімнің бұзып жүргенін білмей қала береді. Үшінші күні өзі аңдымаққа бекінеді. Бір кезде қараса үлкен өгіз келіп, қаланған дуалды талқандап жатыр екен. Не істерін білмеген Ақсақ Темір ойланып қалады. Түсінде Қожа Ахмет тағы да аян беріп: “Ол көк өгіз – Арыстан бабтың әруағы, саған ренжіп бұзып жатыр. Ол – менің ұстазым, сен оның әруағын аттап өттің, сол үшін алдымен оның басына ғимарат тұрғыз. Содан соң маған қайта келерсің”, – депті.

Сонымен Әмір Темір ерте тұрып, Отырарға бет алады. Арыстан бабтың басына барып, құран оқып, кесене салуға кіріседі. Басталған құрылыс ойдағыдай сәтті аяқталған соң, қолбасшы Түркістанға қайтып келіп, Қожа Ахмет Яссауи мешіт-кесенесін салуды бастаған екен.

Талай ғасырдың куәсі болған Арыстан баб кесенесінің ғимараты бірнеше рет қираған. 1917 жылғы төңкерістен кейінгі дінді қудалау Арыстан баб кесенесіне едәуір зиян келтірген. Кесене кірпіштерінің көп бөлігі өзге құрылыс ғимараттарын салу үшін қолды болып кетіп, түпнұсқадан қазір тек ақ кірпіштер ғана қалған, басқасы заманауи әдіспен жаңартылған.

Арыстан баб кесенесінің жанында құдық орналасқан. Келушілер тілек тілеп, киелі жердің суын ішіп көреді. Құдықтан шыққан судың дәмі тұзды. Шырақшылар бұл судың түрлі ауруға ем екенін айтады.

Арыстан баб кесенесінде болып бабамыздың рухына құран аяттарын бағыштап, құдықтан шыққан тұзды судан дәм татқан ардагерлер сол маңдағы мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің зиратында болды. Бүгінде кесене айналасы абаттандырылып, туристік кешен ретінде жүйелі қызмет атқарып жатқанына куә болып, Түркістан қаласына атбасын бұрдық.

Кешқұрым біз мінген автобус киелі Түркістан шаһарына келіп жетті. Елбасының 2018 жылғы 19 маусымдағы тарихи шешімімен Түркістан – облыс орталығы мәртебесіне ие болғаны мәлім. Бұл шешім қаланың шығыстық үлгіде дамуына серпін беріп отыр. Қазір қалада қарқынды құрылыс жүргізіліп, адам танымастай түрленіп жатыр екен.

Түркістан қаласында да туристер аралап көруге тұрарлық сәнді орындар жетерлік. Шаһарда «Ұлы дала елі» мұражайы, «Түркістан визит орталығы», Орталық стадион, «Оқушылар сарайы», «Жібек жолы» саябағы, «Халықаралық туризм және спорт» университеті, «Драма театр», «Конгресс Холл», «Шығыс моншасы» жаңадан салынған нысандар тізімінде. Бірқатар нысандар тұрғызылып, әлемдік брендтегі “Hampton by Hilton” және “Rixos” қонақ үй кешендері ашылған. Мұның өзі қаланың мәртебесі артып, туристер арасында сұранысқа ие болғанын аңғартса керек.

Ардагерлер қала орталығында орналасқан «Дәмді» кафесінен тамақтанып алған соң, былтыр сәуір айында ашылған “Керуен сарай” туристік кешенін аралап, түнгі Түркістанның тіршілігін тамашалады, естелікке суретке түсті.

Түркістан қаласында туристер үшін салынған нысандардың бірі де бірегейі осы “Керуен сарай” кешені десек артық айтпағанымыз. Кешеннің құрылысы 2020 жылы желтоқсанда басталып, 2021 жылдың наурызында пайдалануға беріліпті.

Теңдесі жоқ “Керуен Сарай” кешені шығыс базары, мейрамханалар мен этникалық стильдегі қонақ үйлерден тұратын көпфункционалды туристік орталық саналса, ғимараттың ауданы 120 мың шаршы метрге жуықтайды. Сарай салудағы негізгі мақсат – жібек жолы кезеңіндегідей тарихи сауда көше құру және туризмді дамыту, сондай-ақ, шағын және орта бизнес арқылы туристерді тарту болып табылады. Кешендегі Шығыс базары кешеніне келушілер Мысыр, Үнді, Иран, Еуропа, Түркістан және Қытай базарларына барып қайтатын болады. Олай дейтініміз, кешенде аталған мемлекеттердің базары орын алған. Кешенде жаяу жүргіншілерге арналған жолдары бар саябақтар салынған. Жаяу жүргіншілер көшесінің екі жағында бұйымдар мен кәдесыйлар сататын шеберханалар да бар. Тағы бір бөлімде көне шығыс театры мен цирк қойылымдары, би және фольклорлық қойылымдар, халықтық ойындар мен байқаулар өткізуге болады. Жібек жолы елдерінің ұлттық тағамдарынан тұратын бірқатар ұлттық кафелер мен мейрамханалар да тұрғындар ыңғайлылығы үшін қызмет етуде. Ал, кітаптар қатары бар сауда көшесінде көне суреттердің, кітаптардың және ашық хаттардың көшірмелері сатылуда. Жобаның жалпы құны 39 миллиард теңгені құрайтын аталмыш кешенді түріктің «Sembol construction» компаниясы салғанын айта кетейік.

Қонақүйге орналасып, демалған топ мүшелері таңертең әлденіп алған соң,  арнайы құрбан шалып, сол маңдағы жағдайы төмен отбасына апарып бергеннен кейін Түркістанның басты мұрасы – Қожа Ахмет Ясауи кесенесін аралады.

Сонау 14 ғасырдың соңында тұрғызылған архитектуралық ғимарат әлі күнге дейін сыртқы келбетін де, тұрғындар үшін маңыздылығын да жоғалтпаған. Қазір мұнда келіп зиярат етіп жүрген адам көп. Бұрын кесене ішінде фотоға түсуге тыйым салынған еді. Ал қазір келген қонақтар мен қала тұрғындары емін – еркін Тайқазан мен өзге де мұраларды фотоға түсіре алады. Сондай-ақ кесене ішіне түрлі кітап, ер – тұрман, фотолар қойылып, музейге айнала түскенін аңғаруға болады.

Кесене XII ғасырда өмір сүрген бүкіл Шығысқа аты әйгілі көне түркі ақыны, софизмді уағыздаушы Ахмет Ясауидің бейітінің басына тұрғызылған. Архитектуралық ғимарат Ахмет Ясауи қайтыс болған соң 200 жылдан кейін атақты қолбасшы Әмір Темірдің бұйрығымен салынған.

Көптеген жазба деректерге қарағанда, болашақ құрылыстың жобасын жасауда Әмір Темір тікелей өзі қатысып, негізгі өлшемдерді анықтаған. Ғимараттың сапалы салынғаны соншалық, әлі күнге дейін көп бөлігі бүлінбей сол күйінде сақталған. Теңдессіз сәулет туындысы ретінде кесене 2003 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне алынған.

Ахмет Ясауи кесенесі аса үлкен порталды – күмбезді құрылыс. Оның ұзындығы 65,5 метрді, ені 46,5 метрді, ал, биіктігі 39 метрді құрайды. Кесенеге кіретін бас есік басқалардан биік, ені 18,2 метр аркамен көмкерілген оңтүстік-шығыс қасбетте орналасқан. Бас қасбеттің және бұрыштардағы мұнаралардың ауқымды қабырғалары сыланбаған, олардың бетінде мозаикалық қаптамалар орналастыру үшін бекіткіштер қалдырылған.

Күмбездің диаметрі 18 метрден шамалы асады, ішкі биіктігі еден деңгейінен 36 метр. Ғимараттың орасан зор порталы мен бірнеше күмбезі бар және екі қабаттан тұрады. Кесенеде түрлі мақсатқа арналған жалпы саны 35 бөлме бар. Бірінші қабатында Жамағатхана, Қабірхана, Мешіт, Кітапхана, Үлкен ақсарай, Кіші ақсарай, Асхана, Құдықхана және төрт құжыра бөлмесі, ал екінші қабатында қалған құжыра бөлмелері орналасқан. Архитектуралық композицияның басты бөлмесі Ахмет Ясауидің қабірханасы болып табылады.

Деректерде Қожа Ахмет Ясауи 63 жасынан бастап “Пайғамбар жасына жеттім, маған одан артықтың қажеті жоқ” деп қалған өмірін жер астында, яғни қылуетте өткізгені айтылады. Дегенмен, әлі күнге дейін Ахмет Ясауидің қанша жыл өмір сүргені туралы нақты мәлімет жоқ. Бір деректе ол 73 жыл ғұмыр кешті делінсе, келесілерінде 85 жас деп берілген.

Ахмет Ясауиден бөлек, қазақ елінің негізін қалаған ондаған хан, би-сұлтандар, қолбасшылар мен батырлар өз өтініштері бойынша осы кесенеге жерленген. Дерек бойынша, халықаралық мәртебеге ие орында 300-ден аса тарихи тұлға, олардың қатарында қазақтың 21 ханы мәңгілікке тыныстап жатқаны мәлім. Мәселен, Қазақ Ордасының тарихындағы ең ұлы хандардың бірі болған Абылай ханның қабірі Ясауидің қабірінің оң жағында шамамен бес метр жерде тұр. Дәліз тар болғандықтан қабір мен қабіртас екі бөлек қойылған. Ал Қожа Ахмет Ясауидің сүйегі жатқан бөлме жабық тұр.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ішінен бүгінге дейін сақталған түрлі жәдігерлерді, қазақ хандары қолданған заттарды көруге болады. Музей экспозициясындағы ең құнды мұра – тайқазан. Алып қазанның салмағы 2 тонна болса, сыйымдылығы 3 мың литр, биіктігі 1,60 метрді, диаметрі 2,42 метрді құрайды екен. Сондай-ақ, оның тұғырының биіктігі 0,54 метр,  диаметрі 0,607 метр.

Ортағасырлық Тайқазан 621 жыл бұрын, яғни 1399 жылы Түркістаннан 25 шақырым жерде орналасқан Қарнақ елді мекеніндегі Тұранның билеушісі Әмір Темірдің бұйрығымен ирандық шебер Әбділ Әзиз Шарафуддин Тебризидің ұстаханасында құйылған. Тайқазан алтын, күміс, мыс, қола, қорғасын, мырыш, қалайы сынды жеті түрлі металдардың қосындысынан жасалған. Тайқазан 1935 жылы Ленинград, қазіргі Санкт-Петербург қаласында өтетін Иран шеберлерінің III Халықаралық конференциясына үш айға жіберілгенімен 54 жылдан кейін, яғни, 1989 жылдың 18 қыркүйегі күні тарихи отанына қайта оралған. Тайқазанның тарихи мекеніне оралуына мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібеков орасан үлес қосқан.

978 жылы Ахмет Ясауи архитектуралық комплексі музей болып ашылса, 2015 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің республикалық мемлекеттік мекемелерін қайта ұйымдастыру туралы №585 қаулысымен “Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы” РМҚК болып қайта құрылды.

 

Осылайша, екі күндік сапар аяқталып, ардагерлеріміз саяхаттан үлкен әсермен оралды. Саналы ғұмырларын аудан экономикасының өсіп-өркендеуі жолына арнаған, бүгінде бейнетін зейнетін көріп отырған ардагерлер қауымы тарихи мәні жоғары, тағылымды саяхат жасап қайтуға себепкер болған аудан басшылығы шексіз ризашылықтарын білдіріп жатты. 

Мұхтар ШАЛҒЫНБАЙ
31.03.2022

Ұқсас жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ АЛУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ БҰЗЫЛМАУЫ ТИІС
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 26.11.2024 77
Таласқа ешкімнің таласы жоқ
Serik Salemov, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары - 26.11.2024 81
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 183
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 183
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 322
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 325
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 547
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 493

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9198
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8595
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11822
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9591
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10805