Оралдық жас ғалымдар киік етінен шұжық дайындауға байланысты ғылыми жобамен айналысуда.
Жоба жетекшісі – жас ғалым, техника ғылымдарының кандидаты Аян Оразов киік етінен дайындалатын шұжық 30 пайыз құс етімен (үйрек пен қаз) араластырылатынын жеткізді.
– Ең басты мақсат – өнімнің тұтынушылық қасиетін анықтап алу. Алдымен біз киік етінің сапалық көрсеткіштерін зерттеп, содан кейін қауіпсіздік көрсеткіштерін, яғни микробиологиялық қауіпсіздігін, құрамында қауіпті ішек таяқшасы, патогенді және шартты патогенді бактерияларының болмауын қатаң түрде бақыладық. Етті тағамдық мақсатта қолдануға жарамдылығы анықталғаннан кейін шұжыққа пайдаланылатын етті түрлі рецептуралармен дайындап көрдік. Солардың ішінен қажеттісін таңдап алдық, – деді Аян Жарылқасынұлы.
Бүгінде жас ғалымдар киік етінен шұжық дайындау технологиясын жетілдіріп, дайын өнімді тексеріске жіберіп, сапалық көрсеткішін анықтау үшін жұмыс жасауда. Терминалдық өңдеудің дұрыстығын қадағалап, дайын өнімнің адам денсаулығына кері әсері болмауы – басты назарда.
Шұжықтың рецептурасын құрастыру барысында қайсысы ыңғайлы, қайсысы ұтымды екені толық зерделенген.
– Тартылған етке тұз, бұрыш, сарымсақ секілді кәнігі дәмдеуіштер қосылады. Зерттеу барысында киік етінің сөлі көп болатыны байқалды. Дайын өнім тоңазытқышта екі аптаға дейін сақталады, – дейді оқытушы, магистр Айдана Бекбусинова. Ғылыми жұмыс жаңадан басталып жатқандықтан, ғалымдар дайын өнімнің сақталу шарттарын әлі де зерттеп көреді.
Жас ғалымдар Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде қызмет атқарады. Ветеринария және агротехнология институтының доцент м.а. Аян Оразов – «Тағам қауіпсіздігі» ғылыми-зерттеу зертханасының меңгерушісі. Оның айтуынша, шұжыққа қолданылатын шикізаттың барлығы да табиғи өнімдер. Зертханаға киік ұшасы Жәңгір хан университетіне қарасты «Ақбөкен» тәлімбағынан әкелінеді. Бір киіктен 13-15 келі көлемінде ет алынады. Үйрек пен қаз білім ордасының оқу-ғылыми-өндірістік орталығында өсіріледі. Ал оларды зерттеу жұмыстары университеттің сынау орталығындағы зертханаларда жүргізіледі.
Жас ғалымдардың бұл бастамасына білім ордасының басшылығы қолдау білдіріп отыр. Қазіргі уақытта өнімнің артықшылығы, жаңашылдығы туралы шетелдік басылымдарға ғылыми мақала жариялап, отандық ғылымды танытуға ден қойылуда. Жас ғалымдар барлық сұраныс қанағаттандырылса, өнімге өнертабыс патентін алып, нарыққа шығуды көздеп отыр.
Ләззат ҚАЖЫМОВА,
БҚО Орал қаласы