Баспасөз мәслихатында Қазақстан Кинематографистер альянсының өкілдері «Қазақфильм» киностудиясы аумағының болашағына қатысты мәселені көтеріп, Алматы әкімдігін ашық диалог орнатуға шақырды.
Кино мамандары тақырыптық парк жобасын әзірлеу кезінде қала тұрғындарының мүддесі ескеріліп, киностудияның кәсіби кино түсіруге қажетті мүмкіндіктері сақталуы үшін жұмыс топтарының құрамында бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін білдірді.
«"Қазақфильм" киностудиясын сақтап қалу мәселесі сөз болғанда, әр буынның кино мамандары бір мақсатқа жұмылуға дайын. Өйткені бұл – бәрімізге ортақ мұра. Осындай маңызды мәселелерде кәсіби қауымдастықтың ұстанымы бір», деді «Қазақстан кинематографистер лигасы» ҚБ басқарма төрағасы Айдар Баталов.

23 қыркүйекте Қазақстан Кинематографистер одағы, Ұлттық киноакадемия және Қазақстан Кинематографистер лигасы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық үндеу жариялады.
Бұған «Қазақфильм» киностудиясының 5,5 гектар аумағын саябақ аймағын құру үшін беру туралы шешім себеп болды. Үндеу авторлары қалада жасыл желек пен көпшілікке арналған қоғамдық кеңістіктерді дамыту бастамасын қолдайтынын білдірді. Алайда қазақ киносының тарихында айрықша орны бар бұл аумақтың болашағы кәсіби қауымдастықтың толыққанды қатысуынсыз талқыланып жатқанына алаңдаушылық танытты.
Үндеуде киностудия аумағы әуел бастан оның өндірістік базасын дамытуға, соның ішінде декорациялар, павильондар мен технологиялық нысандар салуға арналғаны да атап өтілді.
Үндеу авторлары қоғамдық тыңдаулар өткізілгенге дейін аталған аумақты игеру жұмыстарын уақытша тоқтатуды, киноиндустрия өкілдері, урбанистер, экологтар мен Алматы тұрғындарының қатысуымен ашық талқылау ұйымдастыруды сұрады. Сондай-ақ саябақ қала тұрғындарына қызмет етіп қана қоймай, «Қазақфильм» инфрақұрылымының бір бөлігі ретінде де сақталатын жобаны қарастыруды ұсынды.
Үндеудің толық мәтіні: https://tulpars.kz/law.
Бұған дейін кәсіби қауымдастық өкілдері Алматы қаласы әкімдігінің бірнеше басқармасына хат жолдаған. Алайда олардың айтуынша, келген жауаптар бір-біріне қайшы болған. Сондықтан әзірге кино мамандарына жобаның нақты мәртебесі түсініксіз болып отыр.
Ұсынылған көрнекі материалдардан бұл аумақтың болашақта қандай кейіпке енетінін және оны кино түсіру алаңы ретінде пайдалануға мүмкіндік бола ма, жоқ па – нақты бағалау қиын.

Альянс қоғамдық кеңістік құру бастамасын қолдайды. Сонымен қатар жобада кино өндірісінің қажеттіліктерін де ескеруді ұсынады. Атап айтқанда, көлік кіретін жолдар, кино түсіріліміне арналған арнайы көліктер тұратын орындар, қажетті электр қуаты, төтенше жағдай қызметтерінің еркін кіруі, декорациялар орнату және сахналық түсірілімдер жүргізу мүмкіндігі қарастырылуы тиіс.
«Кино – тек шығармашылық қана емес, күрделі технологиялық үдеріс. Бізге декорациялар тұрғызуға, трюк түсірілімдерін өткізуге және қажетті техниканы орналастыруға арналған алаңдар қажет. Сондықтан болашақ саябақтың кәсіби кино өндірісіне қаншалықты қолайлы болатынын нақты түсіну маңызды», деді «Қазақстан кинематографистер одағы» ҚБ төрағасы Адай Абельдинов.
Кездесуде киностудия басшылығының рөліне де ерекше назар аударылды. Кәсіби қауымдастық өкілдерінің пікірінше, «Қазақфильм» киностудиясын кино саласын жақсы білетін, студияның өндірістік міндеттерін терең түсінетін және оның мүддесін жүйелі түрде қорғай алатын білікті маман басқаруы тиіс. Сонымен қатар ол киностудияның алдағы дамуына қажетті кеңістікті сақтап, оны қорғауға қабілетті болуы қажет.
Альянс жобаны сала мамандарының қатысуымен талқылап, аумақтың қандай мақсатта пайдаланылатыны, онда қандай инфрақұрылым қарастырылғаны және оның алдағы уақытта кино түсіріліміне қаншалықты қолжетімді болатыны жөнінде нақты жауап беруді ұсынды.
«Біз Алматы әкімдігін ашық диалогке шақырамыз және жобаның қандай болатынын бірлесіп талқылау үшін жұмыс топтарының құрамына кіруге дайынбыз. Бізге нақты жауап қажет: киностудия аумағында не салынады және бұл кеңістік қала тұрғындарына да, кино мамандарына да қалай қызмет етеді? Киноның болашағына қатысты шешімдер кәсіби қауымдастықтың қатысуымен қабылдануы тиіс», деді Қазақстан Ұлттық киноакадемиясының президенті Рашид Нұғманов.
















